Мәскеу думасы жанындағы монументалды өнер жөніндегі комиссия академик, диссидент, Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Сахаровтың құрметіне орай Ресей ғылым академиясы маңында ескерткіш орнатуға рұқсат берді. Бұл жөнінде "Коммерсантъ" басылымы жазды.
Аталған орында Сахаровқа ескерткіш орнату туралы ұсынысқа ғылым академиясының президиумы қарсы шыққан. Олардың сөзіне қарағанда алаң ескерткіш орнататындай соншалықты танымал емес. Ғылым академиясының басшысы Александр Сергеев ескерткішті Мәскеудің қақ ортасындағы Сахаров даңғылы бойына орнату керек деп мәлімдеген. Комиссия өкілдері бірнеше орынды қарастырып, ақыры жоғарыда аталған орынды "бәріне қолайлы" деп тапқан.
Бұған дейін Мәскеуде Сахаровқа ескерткіш орнату идеясын президент Владимир Путин қолдаған. Ол 2019 жылы академиктің туғанына жүз жыл толуына орай салтанатты шара ұйымдастыруды тапсырған. Аталған шара екі жылдан соң өтті.
Мәскеудегі Сахаров даңғылында 2010 жылдары оппозицияның жаппай митингісі өткен. Қалада көрме, лекция және өзге де ағарту жобаларын ұйымдастыратын Сахаров орталығы да жұмыс істейді. Ол биліктің назарына жиі түседі, бұған дейін "шетел агенті" ретінде танылған. Сахаров атында сонымен бірге адам құқығын қорғаумен танымал болған белсенділерге жыл сайын тапсырылатын Еуропарламент тағайындайтын сыйлық та бар.
2021 жылы Ресей Жоғарғы соты елдегі ең "көне" құқық қорғау ұйымдарының бірі "Мемориал" ұйымын жабу туралы шешім шығарған. Ол да осыған дейін "шетел агенті" ретінде танылған. Аталған қауымдастық 1989 жылы құрылған. Оның алғашқы төрағасы – Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Сахаров.
ПІКІРЛЕР