Алматы әкімдігі 8 наурызда Әйелдер шеруін өткізуге рұқсат берді. Бұл жөнінде шеруді ұйымдастырушылардың бірі Feminita қазақстандық феминистік бастама топ өкілдері әлеуметтік желіде хабарлады.
Топ өкілдерінің айтуынша, 7 ақпанда феминистік топ белсенділері әкімдікке шеру өткізу туралы өтініш пен ескерту хабарламасын қайта тапсырған.
"Әкімдік митинг жайлы хабарлама мен шеру өткізу туралы өтінішті қабылдап, "митингіге рұқсат бергені" туралы жауап жолдады" деп жазды топ Инстаграм-парақшасында.
Олардың айтуынша, биылғы шерудің тақырыбы – әйелдердің мемлекет басқару ісіне араласуы.
Былтыр күзде "ҚазФем", "Феминита", "ФемПоинт", "Свет" және "ФемАгора" топ өкілдерінен құралған белсенділер әкімдіктен 2022 жылы 8 наурызда бейбіт жиын өткізуге рұқсат сұраған. Атқарушы билік ол күні қалада мерекелік шаралар жоспарланғанын алға тартып шеруге рұқсат бермеген еді. Халықаралық құқық қорғаушылар әкімдіктің әрекетін сынаған.
Былтыр 8 наурызда Алматыда феминистік қозғалыс белсенділері гендерлік теңдікке үндейтін шеру өткізген. Онда әйелдердің жиі зорлық-зомбылық құрбаны болатыны, біржыныстылардың құқықтары қорғалмайтыны, әйелдердің білім алу, еңбек ету, саяси құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелері көтерілген. Бұл шара әлеуметтік желіде қызу талқыланған.
Шеруден кейін оған қатысқан белсенділердің біріне қоқан-лоқы жасалған.
Қазақстанда екі жыл бұрын "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін немесе өтініштің қажетті ережелерді сақтай отырып жазылмағанын немесе карантин шектеулерді алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.
ПІКІРЛЕР