Accessibility links

Жаңаөзенде халық талабынан соң  полиция ұстап әкеткен белсендіні босатты


Жаңаөзен қаласы. Көрнекі сурет.
Жаңаөзен қаласы. Көрнекі сурет.

Жаңаөзенде 13 ақпанда көшеде ұсталған белсенді Жадыра Досекееваны полиция қалалық полиция басқармасында екі сағаттай уақыт ұстап босатты. Жаңаөзен қаласы прокуратурасы оны "Әблязов пен ол құрған ҚДТ-ны қолдап, заңсыз митингіге шақырды" деп кінәлады.

Жексенбі күні 11 баланың анасы Досекееваны полиция ұстап әкеткені белгілі болған соң он шақты жаңаөзендік белсенді қалалық полиция басқармасына жиналды. Олар Жадыра Досекеевамен қатар бірнеше күннен бері жұмыс тоқтатып, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп жатқан "Бұрғылау" мекемесі мұнайшыларының лидері Бауыржан Әбубәкіровты да босатуды талап етті. Оны да полиция бұған дейін ұстап әкеткен.

Ол жөнінде жергілікті азаматтық белсенді Алма Қарашаева Facebook парақшасында тікелей эфирде хабар таратты.

– Қазақстанда жемқор бар, арқаға басатын үтік бар, алдайтын әкім бар, тонайтын парақор прокурор бар, қарақшы полиция бар, арсыз сот бар, қудалап, өз ұлтына қиянат жасайтын ҰҚК бар, "Нұр Отан" деп айқай салатын депутат бар, басқа ештеңе жоқ. Қара халыққа жасалып жатқан ештеңе жоқ, - деді белсенділерді бостауды талап етіп прокуратураға келгендердің бірі Жоламан Сейілов.

Айқайлап талап қойған адамдарға Жаңаөзен қаласы прокуратурасының прокуроры Жұма Ақмолдаев шықты. Ол Жадыра Досекееваның іште жоқ екенін мәлімдеді.

– Сіздер іздеген азамат жоқ іште. Ол кісі [шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы] Әблязовты, ҚДТ-ны қолдап, заңсыз митингіге шақырған. Ол азамат митингіге үгіттеген адам. Дәлеліміз бар, - деді ол.

Аздан соң ортаға Жадыра Досекееваның өзі келді. Ол қатты жылап, полиция қызметкерлерінің өзін Жаңаөзен қаласындағы №2 шағын ауданда тұрған күйеуінің көлігінің қасына апарып түсіріп тастағанын, сол жерден кері келгенін айтты. Ол тергеуші сауалдарына жауап беруден бас тартқан.

– Мені тағы машинаға көтеріп салып, үйге апарып тастады. Facebook парақшам ашылмай тұр. Осының бәрін мені күнде әкімдік алдындағы жұмыссыздар митингісін түсірмесін деп жасап отыр. Қазақтың әр митинг сайына атылғанын қаламаймын. Назарабевқа, Тоқаевқа санкция салсын. Біздің мынадай әділетсіз қоғамде өмір сүргіміз келмейді, - деді Жадыра Досекеева.

Ол Жаңаөзен қалалық прокуратурасына өзін көшеден заңсыз күшпен ұстап әкеткен полиция қызметкерлеріне шара қолдануды сұрап, арыз жазды. Жадыра Досекеева 13 ақпанда Жаңаөзендегі орталық алаңда болуы тиіс қаза болғандарды еске алу қаралы жиынан бармақ болып үйіне шыққан кезде ұсталған еді.

Кейін жиналғандар Жаңаөзен қаласы полиция басқармасы алдында отырып, биліктің ауысуын талап етіп шыққан қаңтардағы бейбіт митингіде оққа ұшқандардың рухына құран бағыштады.

Маңғыстау полициясы жаңаөзендік белсенділер Жадыра Досекеева мен Бақытжан Әбубәкіровтың не үшін ұсталғаны туралы жауап бермеді. Олар Бауыржан Әбубәкіровтың қайда екенін де айтпады.

13 ақпанда Қазақстанның түрлі аймағында белсенділер жиналып, қаңтар құрбандарын еске алмақ болған еді. Олардың ең ірісі Алматыда өтті. Оған жүздеген адам қатысты. Жиналғандар қаңтар оқиғасы кезінде биліктің халыққа оқ атуын айыптап, азаптау мен қысымды тоқтатуға шақырды. Кінәлілердің жазалануын талап етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялау туралы ұсыныс айтылды. Ал өзге өңірлерде жекелеген белсенділер мешітте және өзге орындарда Қаңтар құрбандарына құран бағыштап, еске алды. Қалаларда полиция күзеті күшейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG