Accessibility links

"Қытай әйелдерінде таңдау жоқ". Олимпиада чемпионының әрекеті Қытайдағы теңсіздікті көрсетті


АҚШ-та туған Эйлин Гу Пекин олимпиадасында фристайлдан Қытайға бір алтын, бір күміс әперді.
АҚШ-та туған Эйлин Гу Пекин олимпиадасында фристайлдан Қытайға бір алтын, бір күміс әперді.

АҚШ-та туып Қытай атынан Пекин олимпиадасына қатысқан Эйлин Гу фристайлдың биг-айр түрінен чемпион атанған соң Қытай ішінде жұлдызға айналып, оның есімі елдегі интернетте трендке шыққан еді. Бірақ кейінгі күндері интернет қолданушылар Эйлин Гудың инстаграмдағы постын сынап, оның қолында АҚШ пен Қытай паспорты болуы мүмкін деп азаматтығына күдік келтіріп жатыр. Олимпиадада Қытайға алтын әперген спортшы неге сынға қалды?

VPN МЕН ИНСТАГРАМНАН ШЫҚҚАН ШУ

18 жастағы Эйлиннің (шешесі – қытай, әкесі – америкалық) олимпиада кезінде Инстаграм парақшасында жариялаған постының астына қолданушылардың бірі "Сіз Инстаграм желісін қолдана аласыз да, Қытайдағы миллиондаған адам қолдана алмайды. Қытай азаматы ретінде ерекше құқыққа ие боласыз? Бұл әділетсіз. Интернеті шектелген миллиондаған қытайдың сөзін сөйлей аласыз ба?" деп жазды.

Эйлин Гудың Инстаграм парақшасында жазған пікірі.
Эйлин Гудың Инстаграм парақшасында жазған пікірі.

Бұл пікірге спортшы "Кез келген адам VPN орнатып алса болады, негізі App Store-де тегін" деп жауап берген.

Эйлин Гудың бұл жауабы тағы бір қолданушының ызасын туғызып, ол "Негізі мен кез келген адам емеспін. Негізі VPN қолдану мен үшін заңсыз. Негізі VPN қолдану ақылы" деп жазды.

Қытайда Facebook, Twitter, Youtube, WhatsApp желілері бұғатталған. Сондай-ақ Қытай саясаты мен Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымды жазып жүрген шетелдік сайттар мен халықаралық ұйымдардың да сайттары ашылмайды. Оның ішінде Азаттық радиосының сайты, ВВС, Radio Free Asia, Human Right Watch ұйымының сайттары бар.

Қытайдағы интернет қолданушылар бұл интернет ресурстарына кіру үшін VPN қолданады. Бірақ Қытай билігі танымал VPN сервистерін де бұғаттаған, елде VPN қолданғандарға қылмыстық іс қозғалады.

Эйлин Гудың VPN "жүктеп алуға болады" деген комментарийінің скриншоты Қытайдың Weibo әлеуметтік желісінде көп тарап, сынға ұшыраған соң бұл скриншот жарияланған постардың көбі бұғатталды.

ҚЫТАЙ БИЛІГІ ЕКІ АЗАМАТТЫҚҚА ЖОЛ БЕРДІ МЕ?

АҚШ-та туған Эйлин Гудың азаматтығына қатысты да АҚШ пен Қытайда талқы қызып жатыр. Бірнеше медиа "Қытай билігі Гуға екі азаматтыққа рұқсат беруі мүмкін, ол АҚШ азаматтығын сақтап қалса керек" деп жазған еді. Қытайда заң бойынша екі азаматтыққа тыйым салынған.

"Спортшы АҚШ азаматтығын сақтап қалды ма?" деген сауал қызу талқыланып жатқанда Пекин олимпиадасының Beijing2022.cn ресми сайтында Эйлин Гу жайлы дерекке өзгеріс енгізілгені байқалды.

2 ақпанда Гу жайлы ақпаратта "2019 жылы Италиядағы әлем кубогы кезеңіндегі жеңісінен соң Пекин олимпиадасына қатысу үшін АҚШ азаматтығынан бас тартып, Қытай азаматтығын қабылдады" деп жазылған еді.

Пекин ойындарының ресми сайтында ақпанның басында жарияланған ақпаратта Эйлин Гу АҚШ азаматтығынан бас тартқаны жазылған еді.
Пекин ойындарының ресми сайтында ақпанның басында жарияланған ақпаратта Эйлин Гу АҚШ азаматтығынан бас тартқаны жазылған еді.

Қазір ресми сайттағы ақпарат "2019 жылы Италиядағы әлем кубогы кезеңіндегі жеңісінен соң Қытай атынан жарысқа қатысуға шешім қабылдады" деп тұр.

Пекин олимпиадасының ресми сайтында қазір Эйлин Гудың АҚШ азаматтығынан бас тартты деген сөйлем алынған.
Пекин олимпиадасының ресми сайтында қазір Эйлин Гудың АҚШ азаматтығынан бас тартты деген сөйлем алынған.

Қытайдағы желі қолданушылар "Гу Қытай атынан жарысқа қатысса да АҚШ азаматтығын сақтап қалуы мүмкін" деген ақпараттан соң билікті "екі ұшты стандарттар" мен "керек кезде заңды бұза салатынын" сынға алды.

Пекин олимпиадасында Эйлин Гудың өзі журналистердің азаматтық жайлы сауалына жауап бермей келеді.

Қытайда кейбір интернет қолданушылар елде адамдарды алалау барын айтып, Эйлин Гудың қарапайым қытай азаматының қолы жете бермейтін мүмкіндіктерге ие болғанын да сынап жатыр.

ЭЙЛИНДІ ШЫНЖЫРЛАНҒАН ӘЙЕЛМЕН САЛЫСТЫРУ

Гудың инстаграмдағы комментарийі мен оның азаматтығы шу туғызып жатқан тұста Қытайдағы бір блогта Гуды Қытайдың солтүстік шығысындағы мойны шынжырланған әйелмен салыстырған жазба жарияланды.

Қаңтардың соңында Қытайдағы желілерде елдің солтүстік-шығысындағы елдімекеннің бірінде психикалық ауруға шалдыққан әйелдің лашық ішінде мойны шынжырланып тұрған видеосы тарап кеткен. Сегіз баласы бар әйелдің тағдыры Қытай ішінде көп талқы туғызып, интернет қолданушылар билік әлсіз әйелдерді қорғай алмай отыр деп сынаған.

"Шындығы сол, Қытайдағы көп әйелдің Эйлин Гу сияқты таңдауы жоқ. Ал лашықта құқығы тапталып, кедей өмір сүріп жатқан әлгі әйелдің (мойны шынжырланған әйелді айтады) қайғысы ертең кез келгеніміздің басымызда болуы мүмкін" деп жазады блог авторы.

Қазір бұл блог Қытайда ашылмай қалды, тек VPN қолданып ашуға болады.

Эйлин Гу Пекин олимпиадасының марапаттау рәсімінде. 8 ақпан 2022 жыл.
Эйлин Гу Пекин олимпиадасының марапаттау рәсімінде. 8 ақпан 2022 жыл.

Қытай Пекин олимпиадасында жақсы нәтиже көрсету үшін шетелден 29 спортшы шақырған. Олардың басым бөлігі Қытайдың хоккей құрамасында. Жекелей спортта Эйлин Гудан бөлек АҚШ-та туған мәнерлеп сырғанаушы Ю Жу да Қытай құрамасы сапында Пекин олимпиадасына қатысып, төмен нәтиже көрсеткен еді. Қытай фанаттары спортшы жеңілген соң интернетте табалап, оның АҚШ-тан келгенін сынады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG