Accessibility links

Ресейлік Камила Валиева олимпиадаға қатысуға рұқсат алды. Бірақ жүлде алса марапатталмайды


Камила Валиева Пекин олимпиадасында командалық жарысқа қатысып жатқан сәт. 6 ақпан 2022 жыл.
Камила Валиева Пекин олимпиадасында командалық жарысқа қатысып жатқан сәт. 6 ақпан 2022 жыл.

Спорт арбитраж соты (CAS) 14 ақпанда Пекинде ресейлік мәнерлеп сырғанаушы, олимпиада фавориті Камила Валиеваның допинг мәселесіне қатысты шешімін жариялады. 15 жастағы спортшының желтоқсанда алынған сынамасынан рұқсат етілмеген препарат табылып, бұл жайт Пекин олимпиадасы кезінде белгілі болған еді. Осыдан соң Валиеваның олимпиадаға қатысу-қатыспауы белгісіз болып келген.

СОТ ҚАНДАЙ ШЕШІМ ШЫҒАРДЫ?

Үш судьядан құралған CAS-тың Пекиндегі көшпелі отырысы допинг дауына ілінген ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиеваға Пекин олимпиадасының әйелдер арасындағы жекелей жарысына қатысуға рұқсат берді. Әйелдер арасындағы сын 15 ақпанда басталады.

Осылайша CAS Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК), Халықаралық коньки одағы (ISU) және Бүкіләлемдік антидопинг агенттігінің (WADA) Валиева ісіне қатысты шағымын қанағаттандырмады.

14 ақпанда сот шешімін жариялаған CAS директоры Мэтью Риб спортшының жарыстан уақытша шеттету оның өміріне кері әсер етер еді деді

— Әділдік, спортшы мен көрермендер мүддесіне сүйендік. Валиева олимпиада кезінде допингтен таза болды, бірақ 2021 жылы желтоқсандағы тестінен допинг табылғанына қатысты тәртіптік тексерістер жалғасады. CAS спортшыны олимпиададан шектеу оған орасан зор кесірін тигізетінін ескерді. 2021 жылы алынған сынаманың нәтижесін кеш жібергеніне де біздің көп сұрағымыз болды. Кейбір заңдық мәселелерге келгенде спортшының кінәсі жоқ. Сынама нәтижесінің кеш шығуы – спортшы мен ұйымдастыру комитетіне кедергі келтіретін теріс факт. Егер сынама нәтижесі ертерек шыққанда бұл жерде отырмас едік, — деді Риб.

Валиева ісін қараған сотты италиялық Фабио Юдика басқарған. Судьялар алқасында америкалық Джеффри Бенц, словениялық Весна Бергант Ракочевич болған.

WADA CAS шешімін қабылдайтынын, бірақ соттан "мұндай шешім күтпегенін" мәлімдеді. Ал ISU сот шешімін құрметтейтінін жеткізді.

ХОК егер Валиева Пекин олимпиадасында жекелей сында жүлде алса, марапаттау рәсімі өтпейтінін хабарлады. Марапаттау рәсімі Валиеваның ісі толық аяқталған соң ғана өтпек.

АҚШ олимпиада және паралимпиада комитетінің атқарушы директоры Сара Хиршланд CAS шешімінен соң "спортшылар тең мүмкіндікпен жарысқа қатысу құқығынан айырылды" деді. Ол Валиеваның ісі әлі жабылмағанын айтып, "бүкіл олимпиада қозғалысын таза спорт үшін күресуге шақырды".

"Ресей таза спортты жүйелі түрде және барлық жерде елемейтінін тағы да көрсетті" деді Хиршланд.

ВАЛИЕВА ІСІНІҢ ХРОНОЛОГИЯСЫ

Пекин олимпиадасы өтіп жатқан тұста мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы жарыстың фавориті Валиева допинг дауына ілінді еді. Ол Пекин олимпиадасында Ресей олимпиада комитеті құрамасы сапында командалық жарысқа қатысып, алтын медаль иеленіп қойған (ХОК командалық жарыстың да марапаттау рәсімі өтпейтінін жариялады).

Бірақ 11 ақпанда Халықаралық тест агенттігі (ITA) Валиеваның олимпиадаға дейін, яғни 2021 жылы 25 желтоқсанда тапсырған допинг тестінен рұқсат етілмеген триметазидин препараты табылғанын мәлімдеді.

РУСАДА (Ресей допинг агенттігі) 25 желтоқсанда Ресей чемпионаты кезінде Валиевадан допинг сынамасын алып, Швецияның Стокгольм қаласындағы WADA зертханасына жіберген. 8 ақпанда Стокгольмдегі зертхана Валиеваның сынамасынан рұқсат етілмеген препарат тапқанын хабарлады.

Камила Валиева Пекин олимпиадасының командалық жарысында. 7 ақпан 2022 жыл.
Камила Валиева Пекин олимпиадасының командалық жарысында. 7 ақпан 2022 жыл.

Осыдан соң спортшы бірден жарыстардан, соның ішінде олимпиададан автоматты түрде уақытша шеттетілген еді. 9 ақпанда Валиева РУСАДА-ның тәртіптік комитеті қайта шағымданады да, жеңіске жетеді (Допинг Ресей чемпионатында алынған сынамадан табылғандықтан Валиева РУСАДА-ға шағым түсірді). РУСАДА Валиеваға қойылған уақытша шектеуді алып тастап, оның олимпиадаға қатысуына рұқсат береді.

10 ақпанда Халықаралық олимпиада комитеті, ISU және WADA РУСАДА-ның Валиеваға олимпиада ойындарына қатысуға рұқсат берген шешіміне қарсы Спорт арбитраж сотына (СAS) шағымданған еді. Шағымданушы тарап Валиеваның олимпиадаға қатысу-қатыспауын CAS шешетінін айтып, ал сотқа шағым түсіруін заңдық процедура деп түсіндірген.

Сот шешімі шыққанға дейін Валиева Пекинде жаттығу жасап жүргенімен, журналистерге сұхбат беруден бас тартты. Валиеваның жаттығудан соң бапкерлеріне келіп жылап тұрған видеосы кең тарап кетті.

Ресейлік бапкер Этери Тутберидзе жаттығу кезінде Валиеваның құшақтап тұр. Пекин, 12 ақпан 2022 жыл.
Ресейлік бапкер Этери Тутберидзе жаттығу кезінде Валиеваның құшақтап тұр. Пекин, 12 ақпан 2022 жыл.

CAS командалық жарыстың нәтижесіне қатысты мәселені қарастырмағанын жеткізді.

"Бұл мәселе бөлек қаралады және оны СAS қарауы міндетті емес" деді CAS директоры Риб Пекиндегі брифингте.

Командалық жарысты Ресей олимпиада комитеті (РОК) алтын, АҚШ күміс, Жапония қола медаль алған. Валиева РОК командасы сапында жарысқа қатысқан.

Ресей олимпиада комитеті Валиеваға көмектесу үшін Швейцариядан адвокаттар жариялағаны айтылды.

15 жастағы Валиева Пекин олимпиадасында командалық жарыста төрт айналым секіру элементін секіріп, тарихқа енді. Бұған дейін олимпиадада әйелдер арасында ешкім төрттік элемент секірмеген еді.

Татарстанның Қазан қаласында туған Валиева биыл қарашада Мәскеуде өткен Гран-при кезеңінде қысқа және негізгі бағдарламада 272,71 ұпай жинап, әлем рекордын орнатқан. Биыл Таллинде өткен Еуропа чемпионатында әйелдер арасында чемпион атанды.

Ұлты татар спортшыны ресейлік белгілі бапкер Этери Тутберидзе жаттықтырады. ISU Тутберидзені 2021 жылы мәнерлеп сырғанаудан әлемдегі ең үздік жаттықтырушы деп таныған.

Валиеваның олимпиадаға қатысуы шешілмей тұрған тұста Тутберидзе шәкіртінің "кінәсіз және таза" деген.

WADA ВАЛИЕВАНЫҢ МАҢАЙЫНДАҒЫ АДАМДАРДЫ ТЕКСЕРМЕК

Кәмелет жасына толмаған Валиеваның сынамасынан допинг табылған соң WADA оның айналасындағы адамдарға – жаттықтырушыларына, дәрігерлеріне қатысты тексеріс жүргізетінін мәлімдеді.

Ресей тағы да допинг дауына ілінген тұста WADA-ның бұрынғы басшысы канадалық Ричард Паунд Reuters агенттігіне берген сұхбатында бұл ел "допинг дауынан сабақ алмағанын" айтып, олимпиададан "тайм-аут алуы керек" деп мәлімдеді.

"Егер мәселе мүлде шешілмесе тайм-аут алуға тура келеді. Мәселені бақылауға алмайынша бір-екі я үш олимпиадаға қатыспау керек" деді ол.

Ресей 2014 жылы Сочи олимпиадасынан кейін допинг дауына ілінген еді. ХОК 2014 жылғы ойындарда алынған допинг сынамаларын қайта тексеріп, ресейлік спортшылардың допинг ережесін бұзғанын анықтаған. Осыдан соң ХОК ресейлік спортшылардың Сочиде алған бірнеше медалін қайтарып алған. ХОК пен WADA Ресей допинг саясатын билік деңгейінде қолдап келген дейді. Ресей спортшылары Пекин олимпиадасына тусыз, әнұрансыз "Ресей олимпиада комитеті" туымен қатысып жатыр. Бұл ел Пхенчхан және Токио олимпиадасына да тусыз қатысқан еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG