Accessibility links

Шымкент әкімдігі белсенділерге қаңтар оқиғасына байланысты митинг өткізуге рұқсат етпеді


Оппозиция митингісі өтеді деген күні саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды күзетіп тұрған полиция көліктері. Шымкент, желтоқсан 2021 жыл.
Оппозиция митингісі өтеді деген күні саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды күзетіп тұрған полиция көліктері. Шымкент, желтоқсан 2021 жыл.

Шымкент қаласы әкімдігі қаңтар оқиғасына байланысты жазықсыз қамалған азаматтарды босатуды және саяси қудалауды доғаруды талап етпек болған белсенділерге митинг өткізуге рұқсат етпеді. Бұл жөнінде белсенді Мақсат Дүйсебаев хабарлады.

Дүйсебаев хабарламаны қала әкімінің кеңсесіне 11 ақпан күні өткізген. Хабарламада 19 ақпанда Наурыз алаңында жүз шақты адам жиналып, биліктен қаңтар оқиғасына байланысты жазықсыз қамалғандарды босатуды, саяси көзқарасы үшін қудалауды тоқтатуды талап ететінін жазған. Әкімдіктен жауап хат 15 ақпан кешке түскен.

Әкімдік берген жауабында хабарламада заң негізінде көрсетілуі тиіс ақпарат толық емес екенін, бейбіт жиналыстар "өткізу туралы регламент бекітілмегеніне байланысты митинг өткізуге рұқсат бермейтінін" ескерткен.

Дүйсебаев әкімдіктің жауабымен келіспейді. Ол әкімдік президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбіт митингілер өткізуге хабарлама жіберу жеткілікті деген сөзіне қарсы жұмыс істеп жатыр деп санайды.

- Осымен екі жылда сегізінші рет түрлі тақырыптарда, мысалы, "Жер сатылмасын!", "Қытай экспансиясына қарсымыз!" деп бейбіт митинг өткізуге хабарлама тастадық. Рұқсат етпей қойды. Енді сотқа шағымданамыз, – дейді белсенді.

2019 жылдың тамыз айында үш рет митинг өткізуге рұқсат ала алмаған шымкенттік белсенділер Ерғали Құлбаев, Нұржан Мұхамедов, Данияр Байтілеу Шымкент әкімдігін сотқа берген. Қазан айында Қаратау аудандық соты белсенділердің митинг өткізу туралы өтінішіне рұқсат етпеген әкімдік қаулысын заңсыз деп таныған. Шымкент әкімдігі мен Қаратау аудандық прокуратурасы аудандық соттың шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. 27 қарашада қалалық сот аудандық сот шешімінің күшін жойған.

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты 87 адамның үстінен түрлі баппен қылмыстық іс қозғалған. 76 адам сот санкциясымен қамауға алынған. Бұған дейін 22-ісінің бұлтартпас шарасы қамаумен байланысты емес шара түрімен алмастырылып, тергеу изоляторынан босап шыққан. Осыған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары заңсыздықтарға шағымданған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG