Accessibility links

Олимпиадада Шыңжаң жайлы алғаш рет сұралды. Пекин-2022 өкілі мұсылмандарға қысымды "өтірік" дейді


Былтырдан бері әлемнің түпкір-түпкірінде Қытай адам құқықтарын бұзып жатыр деп, Пекин олимпиадасына бойкот жариялауға шақырған акциялар көп өтті.
Былтырдан бері әлемнің түпкір-түпкірінде Қытай адам құқықтарын бұзып жатыр деп, Пекин олимпиадасына бойкот жариялауға шақырған акциялар көп өтті.

Бүгін, 17 ақпанда Пекин олимпиадасында Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) мен ойындарды ұйымдастырушылар өткізген баспасөз мәслихатында журналистер Шыңжаңдағы қысым мен сондағы тұрғындарды жұмысқа жегу саясаты жайлы сұрады.

Пекин олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің ресми өкілі Ян Цзярун (ханым) "бұл сұрақ өтірік ақпараттарға құралған" деп, Шыңжаңдағы саяси лагерьлер мен күштеп жұмысқа жегуді жоққа шығарды.

"Кейбір елдің биліктері нақты дәлелдер ұсынып, бұл жалған ақпарат екенін дәлелдеген. Сіз де осы дәлелдерге сүйенсеңіз болады" деп жауап берді ол.

Бұған қоса, Ян Цзярун Шыңжаңдағы мұсылмандарды жұмысқа жегу туралы ақпаратты да терістеп, "бұл - белгілі бір топтардың ойдан шығарған өтірігі" деп айтты.

Цзярунның "белгілі топтардың ойдан шығарған өтірігі" деген жауабына қатысты ХОК-тың ресми өкілі Адамс "Ян ханымның көзқарасы баспасөз мәслихатына және ХОК-қа қатысы жоқ" деді.

Адамс ХОК "олимпиада шеңберіндегі адам құқығын қорғауға күш салатынын" атап өтті.

"Олимпиададан тыс болып жатқан мәселелерді қарауды БҰҰ және басқа да ұйымдарға қалдырамыз" деді ХОК өкілі.

Пекин олимпиадасында Шыңжаңдағы қысым жайлы алғаш рет сұралды.

БҰҰ мен халықаралық ұйымдар Қытай Шыңжаңда саяси лагерьлерде бір миллиондай ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамап отыр деп мәлімдеген. Халықаралық зерттеушілер мен басылымдар Пекин Шыңжаң жұртын еркінен тыс ішкі Қытайға жұмысқа жіберіп жатқанын да жазған.

Қытай Шыңжаңдағы саясатын "терроризммен күрес" дейді, ал саяси лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" деп атайды. Пекин Шыңжаңға БҰҰ мен Батыс өкілдерін кіргізбей отыр.

Пекин олимпиадасы кезінде БҰҰ бас хатшысы Антонио Гуттериш Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесіп, алдағы уақытта БҰҰ комиссиарлары Шыңжаңға сапарлап барар деген үмітін білдірген.

АҚШ, Канада, Австралия, Ұлыбритания Шыңжаңдағы қысымға байланысты Пекин олимпиадасына дипломатиялық бойкот жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG