Accessibility links

Қазақстаннан Денис Тендей олимпиада жүлдегері шыға ма? Комментатормен талқыладық


Денис Тен Сочи олимпиадасында қола медаль иеленген сәт. 15 ақпан 2014 жыл.
Денис Тен Сочи олимпиадасында қола медаль иеленген сәт. 15 ақпан 2014 жыл.

Пекинде өтіп жатқан қысқы олимпиада ойындарына Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан жолдама иелене алмады. Олимпиада алдында да, олимпиада кезінде де жанкүйерлер тарапынан спорт шенеуніктеріне "мәнерлеп сырғанаудан неге қазақстандық спортшы қатыспайды?" деген сауал көп қойылды. Дәл қазір Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың ахуалы қандай? Қазақстаннан Денис Тендей олимпиададан медаль алатын спортшы шыға ма? Балаларын мәнерлеп сырғанауға бергісі келетін ата-ана нені ескеруі керек? Осы сауалдарды мәнерлеп сырғанау комментаторы Лилиана Әлжановамен талқыладық.

ДЕНИС ТЕННІҢ АНАСЫМЕН ДАУ ЖӘНЕ МИХАИЛ ШАЙДАРОВ

2014 жылы Сочи олимпиадасында Денис Тен (2018 жылы жазда 25 жасында кісі қолынан қаза болды) қола медаль алған соң елде бұл спортты қадағалайтындардың қатары өскені байқалады. Пекин олимпиадасы өтіп жатқан тұста желіде "олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан спортшысы неге жоқ?" деген сауал көп қойылды.

Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлде алған қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева олимпиада қарсаңында жарақатына байланысты карьерасын аяқтады. Осыдан соң Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан олимпиада жолдамасын иелене алатын спортшы бар ма деген сауал туындаған еді. 22-23 қыркүйекте Германияда өткен іріктеу жарысына барған қазақстандық Диас Жиренбаев 27-орын, Вагдана Ракишева 33-орын алып, жолдамасыз қалған.

Ал араға бір апта салып, 1-3 қазан арасында Гданскте (Польша) өткен жасөспірімдер арасындағы Гран-при жарысында қазақстандық Михаил Шайдаров 207,3 ұпаймен күміс медаль алған. Кейбір жаттықтырушылар Германиядағы іріктеуге Шайдаров барғандар жолдама алар ма еді деген пікір білдірді. Олар Қазақстан коньки спорты федерациясының вице-президенті, марқұм Денис Теннің анасы Оксана Тенді "Германиядағы іріктеуге Шайдаровты жібермеді" деп айыптап, қызметінен босатуды талап етті. Оксана Тен Шайдаров жарақатына байланысты Германиядағы турнирге дайын болмады деген еді. Осы шудан кейін Қазақстан коньки спорты федерациясы "вице-президент" қызметін қысқартып, Оксана Тенді жұмыстан босатты.

Мәнерлеп сырғанау жарыстарын жүргізіп жүрген комментатор Лилиана Әлжановамен әңгімеміз осы дау жайлы сұрақтан басталды.

Мәнерлеп сырғанау комментаторы Лилиана Әлжанова.
Мәнерлеп сырғанау комментаторы Лилиана Әлжанова.

- Оксана Тен Шайдаров Германиядағы жарысқа дайын болмады деп айтты ғой. Бірақ Германиядағы жарыс пен Польшадағы Гран-придің арасы бір апта екен. Сонда "Шайдаров Германиядағы жарысқа дайын болмады, бірақ бір аптадан соң Польшада қалай төрт айналым элемент секіріп, күміс медаль алды?" деген сұрақ туады. Кейбір бапкерлер Оксана Тен Шайдоровты жібермеді деп айыптады. Ал Михаил Шайдаровтың әкесі баласын құрамадан шығарып жібергенін айтқан еді. Қазір Шайдаровты ресейлік маман Алексей Урманов жаттықтырып жүр. Бұл даудың соңы Оксана Теннің жұмыстан қысқаруымен аяқталды. Әрине, Оксана Теннің кеткені, мен үшін өкінішті. Себебі ол ISU (Халықаралық коньки спорты одағы) күнтізбесіне енген "Денис Тенді еске алу" турнирын өткізді. Бұл турнир спортшыларға рейтинг ұпайын берді. Осы жарыстың Қазақстанда өтуі мәнерлеп сырғанауды жаңа деңгейге шығарған еді.

Азаттық радиосы: Михаил Шайдаров – Денис Теннен (2008 жылы қазанда Беларусь Гран-приінде алтын иеленген) кейін жасөспірімдер арасындағы Гран-при жарысында жүлде алған екінші қазақстандық. Қазақстан мәнерлеп сырғанауының болашағын Шайдаровпен байланыстыруға бола ма?

Лилиана Әлжанова: Михаил биыл қаңтарда Таллинде өткен "Төрт құрлық чемпионатында" (Азия, Америка, Австралия, Африка спортшыларының біріншілігі – Ред.) 234,67 ұпаймен 5-орын алды. Төрт айналым секіру элементтерін секірді. Шайдаровқа үш айналым секіру элементтерін әкесі үйреткен. Кейін Қазақстанда жаттығуға мүмкіндік болмаған соң Ресейге кетті. Ал ресейлік маман Урманов Михаилге төрт айналым секіру элементтерін жақсы үйреткен. Бірақ сырғанауы, мұзда билеуі жағынан шетелдік қарсыластарынан қалып қойып жатады. Осы жағынан дайындықты күшейтсе, нәтижелері одан да жақсара түсер еді. Жалпы, Шайдаровқа барлық жағынан қолдау керек.

Михаил Шайдаров "Төрт құрлық чемпионатында". Таллин, 23 қаңтар 2022 жыл.
Михаил Шайдаров "Төрт құрлық чемпионатында". Таллин, 23 қаңтар 2022 жыл.

Азаттық радиосы: Америкалық Натан Чэн Пекин олимпиадасында 332,60 ұпаймен алтын алды. Күміс жүлдені иеленген жапониялық Юма Кагияма 310,05 ұпай жинады. Әйелдер арасында ресейлік Анна Щербакова 255,95 ұпаймен чемпион болды. Қазақстандық жанкүйерлердің көкейіндегі сұрақ, Қазақстаннан олимпиада үштігіне енетін мәнерлеп сырғанаушы шыға ма?

Лилиана Әлжанова: Пессимист шығармын, бірақ жақын арада, кемі он жылдың ішінде олимпиададан медаль алатын мәнерлеп сырғанаушы шығады дегенге сенбеймін. Бізден олимпиадаға қатысатын спортшы шығарып алсақ та, жақсы нәтиже.

Азаттық радиосы: Неге? Мәнерлеп сырғанаудағы жағдай соншалықты нашар ма?

Лилиана Әлжанова: Бізде жарыстағы судья жүйесі дұрыс емес. Жарысқа шәкіртін қосқан бапкерлер судья болады. Олар өз спортшысына жоғары ұпай қояды. Жарысқа бапкер судья болмауы керек. Бұл Қазақстан мәнерлеп сырғанау ортасында көп айтылып та жүр. Судья жүйесі түзелмейінше олимпиада тұрмақ әлем чемпионатына баратын адам табылмайды. Әділдік болмаған жерде жас спортшылардың сағы сынады. Сондықтан судья жүйесін реттеу керек. Екіншіден, елде мәнерлеп сырғанау спортының насихаты төмен. Жарыстар болатыны хабарланбайды. Үшіншіден, мәнерлеп сырғанауға көп ақша керек. Өте қымбат спорт. Қазақстанда бір ауқаттының баласы талантты болып, жарып шығып, Мәскеуге я АҚШ-қа жаттығуға кетіп, сол мәнерлеп сырғанауды алға сүйресе де жаман емес.

"АТ ҚҰЛАҒЫНДА ОЙНАҒАН БАЛАЛАРДЫ МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУҒА ӘКЕЛСЕ..."

Азаттық радиосы: Бір баланың жаттығуына қанша қаржы кетуі мүмкін?

Лилиана Әлжанова: Мысалы, Қазақстанда жас балаға жай коньки теуіп үйрету үшін жаттығуға айына елу мың теңге кетеді. Көп балалы отбасыға қиын. Бұл тек теуіп үйрену үшін. Ал спорттан кандидат болып, резерв алам десе одан да көп ақша керек. Мәнерлеп сырғанаумен кәсіби түрде айналысам десе 25 мың теңгенің конькилері келмейді. Кәсіби коньки алу керек. Олардың бағасы 40 мың теңге. 40 мың теңгенің конькилері секіруге арналмаған. Секіруге қажетті конькилер одан да қымбат. Одан бөлек қысқа және негізгі бағдарламаға қоятын екі биі, екі бағдарламаға киіп шығатын киімі, музыкасының бәрі ақша. Сондықтан қарапайым отбасына бұл өте көп шығын. Дегенмен қазір бізде музыканы ақысыз өңдеп, жазып, хореография жағынан да ақысыз көмектесетін мамандар табуға болады ғой. Ол үшін бапкер ақша жоқ деп отырып қалмай, ізденіп, талпынуы керек. Өз ісіне шын берілген адамдар тегін-ақ көмектесе алады.

Элизабет Тұрсынбаева 2019 жылы әлем чемпионатында әйелдер арасында күміс алған. Ол бұл біріншілікте төрт айналым сальхов секіріп, әйелдер арасында тарихта төрттік элемент орындаған алғашқы спортшы болды.
Элизабет Тұрсынбаева 2019 жылы әлем чемпионатында әйелдер арасында күміс алған. Ол бұл біріншілікте төрт айналым сальхов секіріп, әйелдер арасында тарихта төрттік элемент орындаған алғашқы спортшы болды.

Азаттық радиосы: Ал Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаеваның жаттығуына кім қаржы бөлді?

Лилиана Әлжанова: Басында ата-аналарының қолдауы, кейін Қазақстан көмектесті. Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаеваның жаттығуына мемлекеттен ақша бөлінді. Тұрсынбаеваға Қызылорда облысының әкімдігі демеуші де тауып берді.

"МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДА АТА-АНАНЫҢ РӨЛІ МАҢЫЗДЫ"

Азаттық радиосы: Расымен Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаеваны ылғи ата-анасы қолдады. Денис Тен АҚШ-та, Мәскеуде, Тұрсынбаева Канадада жаттыққанда ата-аналары бірге жүрді. Мәнерлеп сырғанаумен айналысамын деген баланың карьерасына ата-ананың әсері қаншалықты маңызды?

Лилиана Әлжанова: Денис Теннің анасы ұлы мәнерлеп сырғанауға енді келгенде Алматыдағы сауда орталықтарының мұз айдынында жаттыққанын айтқан еді. Мәнерлеп сырғанауда ата-ананың рөлі өте маңызды. Баласын мәнерлеп сырғанауға берем деген ата-ана қиындыққа дайын болып, өзін-өзі жеңуі тиіс. Бастысы, ата-ана мәнерлеп сырғанауды жақсы көру керек, баласын жаттығуда қолдауы керек. Бізде ата-аналар қиындыққа шыдамайды және балам бір жерін сындырып ала ма деп қорқады. 2019 жылы Красноярскте өткен универсиадада қола медаль алған Жансая Адыханова (Әбіш Байытқановпен бірге жұптық сында) деген мәнерлеп сырғанаушының анасынан "қызыңызды бұл спортқа бергенде қорықпадыңыз ба?" деп сұрап едім, "қорықпау керек, бапкерге сену керек, спортты жақсы көру қажет, мен осы спортты жақсы көрдім" деген еді. Бұдан бөлек, баланың ата-анасында қаржылық жағдай болуы керек.

Одан кейін бапкерлер баланы мәнерлеп сырғанауға алмас бұрын ата-анасына да қарайды. Яғни, бала алдағы уақытта толып кетпей ме, диета ұстай ала ма деп қарастырады. Мәнерлеп сырғанаумен айналысатын балада арық дене пішім болуы қажет. Ауылға барсам аттың құлағында ойнайтын, шапқылап ойнап жүрген балаларды көріп, осыларды мәнерлеп сырғанауға, балетке берсе ғой деймін. Себебі ол балаларда мәнерлеп сырғанауға қажетті дене пішім бар. Бірақ ауыл балаларының мәнерлеп сырғанаумен айналысуына мүмкіндік жоқ. Қазір мұзға барып жүргендердің көбі қалада тұратындар. Мемлекет ауыл балаларын іріктеп алып, қалада интернет ашып, мұзда тәрбиелеу керек. Бұл сөзім фантастика шығар. Бірақ Совет одағында солай жасады ғой. Чемпион шығарудың бір әдісі – осы.

Азаттық радиосы: Қазақстан Азия ойындарын, қысқы универсиаданы өткізу үшін Алматыда екі мұз айдын, астанада да мұз айдын салды. Дайындалатын жер жоқ емес бар. Мұны неге пайдаланбасқа?

Лилиана Әлжанова: Бұл мұз айдындарда конькишілер де, шорт-трекшілер де, мәнерлеп сырғанаушылар да жаттығады. Тек мәнерлеп сырғанауға жеке мұз айдын керек. Диас Жиренбаев астанадағы Сарыарқа велотрегіндегі мұзда жаттығып жүрді. Мәнерлеп сырғанауда жаттығуға кіріспес бұрын денені қыздырып, дене шынықтыру керек. Ол суық мұзды айналып, жүгіріп жүр. Дене қыздыру жаттығуы үшін бөлек жылы зал керек. Мұз айдын болса да, онда жаттығуға жағдай жасау керек. Ресейлік мәнерлеп сырғанаушылар тек мәнерлеп сырғанауға арналған мұз айдындарда жаттығады. Дене қыздыратын залдары да бөлек. Жақында мемлекет тарапынан жартылай қаржыландыратын коньки үйірмелері ашылған. Жартысын мемлекет, жартысын ата-ана төлейді. Қазір бұл үйірмелерде орын жоқ, балалар көп. Бірақ бұл үйірмеден нәтиже шығу үшін көп жыл керек. Мұндай үйірмелерге сұраныс бар, балаларым коньки тепсе дейтін ата-ана көп. Оған Денис Теннің Сочи олимпиадасындағы қола медалі мен Элизабет Тұрсынбаеваның әлем чемпионатындағык күмісі әсер етті. Денис Тен қаза болғанда ел қалай қайғырғанын көрдік. Тіпті ауылдағы туыстарым маған хабарласып, мән-жайды сұрап жатты. Ал Денис Тендей үздік шығару үшін комплексті жұмыс керек.

Денис Тен Сочи олимпиадасында. 13 ақпан 2014 жыл.
Денис Тен Сочи олимпиадасында. 13 ақпан 2014 жыл.

Азаттық радиосы: Мысалы, қандай жұмыстар?

Лилиана Әлжанова: Бала құнарлы тамақ ішуі тиіс. Психологтар керек. Адамның талғамы, ақша керек. Мысалы, бір биді қою үшін балет артисін де шақырған дұрыс. Мәнерлеп сырғанауда балет, классикалық музыканың рөлі маңызды. Мысалы, бірнеше олимпиада чемпиондарын дайындаған ресейлік бапкер Тамара Москвина шәкірттерін балетке жібереді. Камила Валиеваның көркем гимнастикадан разряды бар, балетпен де айналысады. Нэтан Чэн 8-14 жасында балетпен айналысып, қойылымдарға қатысқан. Сондықтан бізде балаларға би қойғанда балет артистерін де шақырған дұрыс. Бұл балет бишілеріне де тәжірибе болар еді. Мәнерлеп сырғанаумен айналысатын адам өнерді де түсінуі керек. Денис Теннің ішкі дүниесі өте бай адам еді. Сөйлеген сөзінен интеллегент екені білінетін. Жаны музыкамен байланысып жататын. Мәнерлеп сырғанау – адамды тәрбиелейтін спорт. Бір танысым, допинг дауына ілінген Камила Валиева Пекинде жарысқа шыққанда залдағы жанкүйерлер гуілдеп, қарсылық білдірер ме екен деп сұрады. "Жоқ, мәнерлеп сырғанау көретіндер олай жасамайды, керісінше қолдайды" деп айттым. Айтқанымдай Валиеваға залдағы жұрт қошеметтеп, құрмет көрсетті. Бұл спорт - театр сияқты адамды тәрбиелейтін өнер. Сондықтан мәнерлеп сырғанауды көп насихаттаса деймін. Бізде бұл спорт төрт жылда бір рет олимпиада кезінде еске түседі. Көп үйірме ашып, субсидия көбейтсе деген тілек.

Азаттық радиосы: Дәл қазір мәнерлеп сырғанаудан Ресей, Жапония, АҚШ, Канада мықты болып тұр. Бұл елдер мәнерлеп сырғанауды дамыту үшін не істеп жатыр?

Лилиана Әлжанова: Мәнерлеп сырғанау Ресейде бұрыннан келе жатыр. Совет одағынан бері қалыптастан жүйе және мектеп бар. Ал Жапония, Канада, АҚШ-та экономика дамыған. Мәнерлеп сырғанаудың дамуы елдің экономикасын да көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Чен, Ханю, Валиева деген кім? Мәнерлеп сырғанау неге қызу талқыланып жатыр? Сізді қызықтырған сауалдарға жауап

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG