Accessibility links

Шымкентте қаңтар көтерілісіне байланысты қамалған белсендінің әйелі қысымға шағымданды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Шымкентте қаңтар көтерілісіне байланысты екі айға қамалған азаматтық белсенді Қайрат Сұлтанбектің әйелі белсенді Ардақ Сәтбаева белгісіз біреулер "көлігінің екі дөңгелегін шегемен тесіп кеткенін" хабарлады. Ол оқиға күйеуінің қамалуымен байланысты болуы мүмкін деп топшылайды.

Ардақ Сәтбаеваның Азаттыққа айтуынша, күйеуі Қайрат Сұлтанбек қамауға алынғаннан кейін "қысым басталғанын байқаған". Митинг болады деген күндері үйіне полиция келген. Белгісіз біреулер көлігінің екі дөңгелегін шегемен тесіп кеткен.

- Жақында Қайраттың ісімен Шымкентке келгем. Қай жерде болғанын білмеймін, көлігімнің артқы екі дөңгелегі жарылыпты. Жамауға алып барсам, жұмысшылар ұзындығы бір қарыстай екі шегені дөңгелектің ішінен алып көрсетті. Меніңше, бұл арнайы жасалған қастандық, - дейді ол.

Сәтбаева күйеуі Сұлтанбектің ісі "дұрыс тергеліп жатпағанына" да шағымданды. Оның сөзінше, Сұлтанбек ұсталғанда соққыға жығылған. Белсенді мұны аяғы ауыр әйелін алаңдатпау үшін жасырған. Соққыға жығылғанын әйелі кейін естіген. Ол күйеуі іші суық камерада жатқанын да алға тартады.

- Бұдан бұрын полицияның түрлі қысымына шыдамай, екі жарым айлық кезінде іштегі баламды тастап қойдым. Содан ба салмақ болмасын деп Қайрат көп жағдайды менен жасырып отыр, - дейді ол.

Ол "мәні жоқ" деп полицияға шағым жазудан да бас тартып отыр.

22 қаңтар күні Ардақ Сәтбаева мен қаңтар көтерілісіне байланысты қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамалған белсенді Жанмұрат Аштаевтың әйелі белсенді Мөлдір Нұранова жалғыз адамдық пикет өткізу үшін әкімдікке хабарлама тастаған. Олар пикетте Сұлтанбек пен Аштаевқа бостандық талап етпек. Әкімдік әзірге жауап бермеген.

Бұған дейін Қайрат Сұлтанбек – Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" (293-бап), "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" (269-бап) бабымен, Жанмұрат Аштаев 269-баппен күдікке ілініп, екі айға қамалған.

Екі белсендіні сот былтыр Қылмыстық кодекстің 405-бабымен ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" бабы) кінәлі деп танып, түрлі мерзімге бас бостандығын шектеген.

Қаңтар көтерілісіне байланысты Шымкентте 3500-ден аса адам ұсталған. Олардың ішінде 86 адамға қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамау туралы сот қаулысы шыққан. Қазір 51 адам қамауда, қалғанының бұлтартпау шарасы қамаумен байланысты емес шара түрімен алмастырылған.

Шымкентте қаңтар көтерілісі 4 қаңтар күні бейбіт басталған. Куәгерлер 5 қаңтарда қала әкімдігі алдында жиналған наразыларға оқ атылғанын айтады.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы наразылық кезінде ауруханаларға түрлі жарақатпен 120-дан аса адам жеткізілгенін хабарлады. Кейіннен олардың 73-іне оқ тигені мәлім болды.

Шымкентте қаңтар көтерілісінде 19 адам қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG