Accessibility links

"Ұлымды соғысқа емес, әскерге жібердім". Украинада тұтқынға түскен ресейлік жауынгерлердің аналарының талабы


Ресей қарулы күштерінің сарбазы Рафик Рахманкуловты Украина жауынгерлері тұтқындаған.
Ресей қарулы күштерінің сарбазы Рафик Рахманкуловты Украина жауынгерлері тұтқындаған.

Ресей мен Украина арасындағы соғыста қолға түскен ресейлік жауынгерлердің аналары ұлдарының басқа елде тұтқында жатқанын интернетте тараған видеолардан білген. Олар Ресей билігі балаларын соғысқа жіберетінін жасырып, енді тұтқындағы жауынгерлерді босатып алуға құлықсыздық танытып отырғанын айтады. Ұлының тағдырына алаңдаған аналар қазір кімнен жәрдем сұрарын білмей, шарасыз күйде отыр.

Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашқанына бір аптадан асты. 2 наурызда Ресей қорғаныс министрлігі соғыс басталғалы алғаш рет өз әскеріндегі адам шығынын жариялап, 498 жауынгер қаза тауып, 1957 адам жараланғанын мәлімдеді. Украина билігі болса "Ресейдің 6 мыңға жуық сарбазының көзі жойылды" дейді.

Кейінгі кездері тұтқынға түскен ресейлік жауынгерлер туралы ақпараттар мен видеолар желіде көп тарай бастады. Олардың арасында Отан алдындағы борышын өтеуге кетіп, соғыс ортасынан бір-ақ шыққан өрімдей жас көп. Сибирь.Реалии сайты тұтқынға түскен жауынгерлердің аналарын тауып сөйлесті. Аналар мемлекеттің жастарды алдап, соғысқа жұмсағаны, Украинаға көзқарасы және ұлдарын елге қайтару үшін күресі туралы әңгімеледі.

"ӨМІРІҢДІ ҚАНШАҒА БАҒАЛАЙСЫҢ?"

Кадр сыртындағы адам видеодағы жігіттен "Өміріңді қаншаға бағалайсың?" деп сұрайды.

"Білмеймін…" деп үрейлене жауап қатты жас жігіт.

Ресей армиясында келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқаратын Яков Ершов Украинада тұтқындалған.
Ресей армиясында келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқаратын Яков Ершов Украинада тұтқындалған.

27 ақпанда Украинада қолға түскен немесе қаза тапқан жауынгерлер туралы ақпарат жарияланатын телеграм каналда жарияланып, кейін басқа парақшаларға тараған бұл видеода ресейлік жауынгер өзін Карелия республикасы Кемь қаласының тұрғыны Яков Ершовпын деп таныстырады.

Әуелде ресейлік аудитория бұл видеоны жалған ақпаратқа балап, сене қоймаған. Видеоның астына "Ақша төлеген ғой. Қазір Ресейді, әскеріміз бен халқымызды қаралайтын жазбаға жақсы төлейді. Адамдарды бір-біріне қарсы қойып, Ресейді тізе бүктіргісі келеді" деген сарындағы пікірлер жазылған. Қолданушылардың бірі телеграм каналдың администраторынан "Алексей, мұндай видеоларды желіге не үшін саласыз? Не қажеті бар?" деп сұраған. Алексей бұл сұраққа "Бар күшімді салып, соғысты тоқтатқым келеді. Адамдар өлмесе екен деймін..." деп жауап берген.

Бұл ақпараттың шынайы екенін видеодағы жігіттің анасы Наталья Томанова да растайды. Ол ұлының тұтқынға алынғанын жақында естіген. Яков Ершов Псков қаласында келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарып жүрген. Наталья ұлының Украинаға соғысқа баратынын білмеген, Белгород облысында әскери жаттығуда жүр деп ойлаған.

– Басында ұлым хабарласып, "анашым, жағдайым жақсы, уайымдама" деді. Қуанып қалдым. Кейін "ұлыңыздың досымын, Яша тұтқынға түсіп қалды" деген хабарлама келді. Түсінбей қалдым. Видео жіберді. Ағыл-тегіл жылап, әлгі нөмірге қайта хабарластым. "Сабыр сақтаңыз, иә, ұлыңыз тұтқында. Сабырға келмесеңіз, сізбен сөйлесе алмаймыз" деп тұтқаны тастай салды. Бірнеше сағаттан кейін ұлым хабарласты. Телефонның арғы жағында Украина азаматы "Наталья Алексеевна, уайымдамаңыз. Ұлыңыздың жағдайы жақсы. Ешкім оған күш көрсетіп, зорлап, қорлап жатқан жоқ. Медициналық көмек көрсетіп, тамақ беріп жатырмыз" деді. Денсаулығым нашар екенін білетін ұлым да "бәрі жақсы" деп тыныштандыруға тырысты, – дейді Наталья Томанова.

Яков Ершовтың әскери қызметте жүргенде түскен суреті.
Яков Ершовтың әскери қызметте жүргенде түскен суреті.

Қазір Наталья ауруханада жатыр. Ресей Украинаға шабуыл жасамай тұрып, коронавирус жұқтырып, дерті асқынып, ем алып жүрген әйелдің жағдайы соңғы жаңалықтардан кейін тіпті нашарлап, қан қысымы көтеріліп кетіпті.

Яков Ершов 31 қаңтарда 22 жасқа толған. Футболмен, күреспен айналысқан, Санкт-Петербургтегі техникумда оқыған. Үш ай бұрын келісімшарт бойынша әскери қызметке алынған. Анасының айтуынша, Яков әскерге туған қаласында жұмыс табылмаған соң, жан бағу үшін амалсыздан барған.

– Әскерден келді, біраз уақыт үйде болды. Жұмыс іздеп көріп еді, табылмады. Сондықтан келісімшартпен әскери қызметке барамын деп шешті... Карелияда жұмыс табу қиын, – дейді Наталья.

Қазір баласын аман-есен елге жеткізудің амалын таба алмай отырған ана "осындай жағдай боларын білсем, ұлымды келісімшартпен әскерге жібермес едім! Ұлымды өлімге бастап апарып, тастап кетіп отыр ғой" дейді зар илеп.

"БАЛАМДЫ ҚАЙТАРУ ҮШІН УКРАИНАҒА ЖАЯУ ТАРТАМЫН. МЕНІ ЕШКІМ ТОҚТАТА АЛМАЙДЫ!"

Ресейде бауыр еті баласы соғыста жүргенін білмеген, оның тұтқынға түскенін әскери командирлерден емес, интернет қолданушылардан естіген аналар аз емес. Солардың бірі – Наталья Денейко-Рузанова. Ол ұлы жайлы хабарды әлеуметтік желіден білген.

Украина қарулы күштері жауынгерлері тұтқындаған Рафик Рахманқұлов пен тағы бір ресейлік сарбаз.
Украина қарулы күштері жауынгерлері тұтқындаған Рафик Рахманқұлов пен тағы бір ресейлік сарбаз.

– Туыстарымнан естідім, оларға басқа қолданушылар жазыпты. Бірден интернетке кіріп, ақпарат іздедім. Украиналық саясаткердің парақшасынан ресейлік тұтқындардың суретін көрдім. Суретте ұлым Рафик те тұр екен (24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кірген күні Украина қарулы күштері қолбасшысы Валерий Залужный ресейлік екі тұтқынның суретін жариялаған. "Россия 24" арнасы бұл ақпаратты "жалған" деп, теріске шығарған – ред.). Кейін жертөледе отырған бірнеше жігіттің видеосы келді, арасында көзі байлаулы Рафик отыр екен, – дейді ол.

– Ұлыңыз Рафик Рахманқұловтың Украинада екенін білдіңіз бе?

– Жоқ, білген жоқпын. 23 ақпан кешкісін телефонмен сөйлестік. Ол "әскери жаттығуда далада жүрміз" деді. Оның Украина жақта екенін ғана білдім, бірақ Рафик "бәрі жақсы" деп басу айтты.

– Ресей қорғаныс министрлігі хабарласты ма?

– Рафик әскерге кетерде оны әкесі мен өгей шешесі шығарып салған. Сондықтан әскери комиссариатта менің деректерім сақталмаған. 26 ақпан біз бәрін интернеттен біліп, айқай-шу шығарғаннан кейін ғана өгей шешесіне министрліктен хабарласып, Рафиктің тұтқында екенін айтыпты. Бүгін қорғаныс министрлігіне барып, ұлымды елге қайтаруға көмектесіңіздер деп өтініш бердім. Өзіміз бармасақ, министрлік өкілдері хабарласқан да жоқ. Әскерилер, қорғаныс министрлігі қолдау көрсетіп жатқан жоқ. Ұлымның Наро-Фоминскідегі әскери бөлімшесіне хабарласқанымда, командирлер "Уайымдамаңыз, өз адамдарымызды тастап кетпейміз, оның тұтқында екенін растайтын дерек жоқ" деген. Екі рет хабарласып, бұдан пайда жоғын түсіндім.

– Украинадағы төтенше желі телефонына хабарласып көрдіңіз бе?

– Хабарластым, қоңырау бармайды. Әскерилердің еркі өзінде емес қой: елі қайда жұмсаса, сонда барады... Тұтқындардың суретінің астына украиналықтар "Мына жігіттердің аналары, әпкелері қайда қарап отыр?" деп жазыпты. Мен ұлымды Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге жібердім. Отаны ұлдарымызды қалай пайдаланғанына біз кінәлі емеспіз. Мемлекет солай шешті, жауынгерлер барды. Ал шын мәнінде ол жаққа қорғаныстың қажеті де жоқ екен, балаларымызды басқыншы деп атап жатыр.

– Қазір ұлыңызды босатып алу үшін не істеп жатырсыз?

– Басқа жауынгерлердің ата-анасына хабарласып көрдім. Бірақ олар теледидардың алдында отырып, күту керек деп санайды. Кей ата-ана тіпті "Жауынгер аналары" комитетіне де хабарласпаған. Адам құқықтарын қорғау жөніндегі комитеттен көмек сұрадым, олар Қызыл крестпен байланысуға уәде берді. Украинада жүрген әскери тілшілерге жаздым. Бір қайыры болар деп, [Шешенстан басшысы] Рамзан Қадыров пен Беларусь президенті Александр Лукашенкодан да көмек сұрадым. Әбден қажыдым, жақын уақытта өзгеріс болмаса, Белгородты бетке алып, Украинаға жаяу тартамын. Мені ешкім тоқтата алмайды!

Наталья ұлының әскерге отбасына жақсы өмір сыйлау үшін барғанын айтады. Ол жауынгерлердің басына түскен жағдайға Ресей билігін кінәлайды.

Рафик Рахманқұлов.
Рафик Рахманқұлов.

– Ресей билігінің тұтқындағы жауынгерлерге немқұрайды қарауы ашу-ызамды туғызып отыр. Біріншіден, балаларымыз әскери жаттығуда жүрміз деп ойлаған. Оларға ешкім соғысқа бара жатқанын ескертпеген. Екіншіден, суреттерден жауынгерлердің жазда киетін жеңіл формамен жүргені көрінеді. Әскерде не болып жатқаны түсініксіз. Ұлым жанармайы таусылып не танк бұзылып, өзгер серіктерінен қалып қойғанда тұтқынға түсті. Оларды өз әскеріміз ашық далаға тастап кеткен (украиналық әскерилер түсірген видеода Рахманқұлов "колоннаның артынан келе жатыр едік, қалаға жетпей тұрып коллоннамызды жоғалтып алдық" дейді).

25 ақпанда Украина қарулы күштері қолбасшысы Валерий Залужный Facebook парақшасына Улан-Удэдегі №11 шабуылдаушы десант бригадасы капитаны Вадим Михоев пен ефрейтор Натан Касаткиннің суретін жариялап, олардың өз еркімен берілгенін, қазір тұтқында екенін жазды.

Видеода Михоев десант әскерін Қырымнан алып кеткенін, өздерінің қайда бара жатқанын білмегенін, әскери жаттығуға қатысамыз деп ойлағанын айтады. "Украинаға қонғаннан кейін төрт сағат бойы қайда жүргенімізді білмедік" дейді ол.

Видеодағы екінші әскери қызметкер Натан Касаткиннің туысы (аты-жөнін атамауды өтінді) оның тұтқында екенін интернеттен білген.

– Украина әскерилері түсірген видеоны көрдім. Көбі біледі екен, маған айтуға қорқып жүріпті. Қазір барлық достарымыз бен таныстарымыз Натанға алаңдап, бізге қолдау көрсетіп жатыр.

Украинада "Жауынгерді үйіне тірі қайтар" деп аталатын шұғыл желі жұмыс істейді. Соған хабарласып көрмедіңіз бе?

– Жоқ, хабарласпадым. Маған да ешкім хабарласқан жоқ. Тіпті Ресей қорғаныс министрлігі де байланысқа шыққан жоқ.

Енді не істейсіз?

– Біз не істей аламыз? Президент пен қорғаныс министрлігі бір амалын тапсын. Жақын адамымызды соларға сеніп тапсырдық қой. Ол мейірімді, қамқор болатын, ешкімге жамандығы жоқ еді.

Киев маңында күйретілген Ресей қарулы күштерінің соғыс техникасы. 1 наурыз 2022 жыл.
Киев маңында күйретілген Ресей қарулы күштерінің соғыс техникасы. 1 наурыз 2022 жыл.

Украинаға соғысқа жіберілген азаматтардың қатарында әскери қызметке тұрмаған, жай ғана Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жерінен ұрысқа жұмсалған қатардағы жауынгерлер де бар.

28 ақпанда ресейлік жауынгерлер туралы ақпарат жарияланатын "Жақыныңды ізде" телеграм каналында Вологда облысы Сокол қаласынан әскерге кеткен Даниил Воробьевтың бір жарым минуттық видеосы жарияланды.

Видеода оператор тұтқындағы жауынгерден "Анаңа не айтасың?" деп сұрайды.

– Амалын тауып, мені бұл жерден босатып алсын. Мені алып кетсінші, – дейді Даниил ақырын ғана.

– Сол ғана ма? Көшеге шығып, Путиннен "Соғысты тоқтат!" деп талап етуін сұрамайсың ба?

– Ол да бар, әрине. Соғысты доғарыңдар!

"КӨЗІ БАЙЛАУЛЫ БОЛСА ДА, ЖАЗБАЙ ТАНЫДЫМ"

Даниил – 21 жаста. 2021 жылғы маусымның бірі әскерге кетіп, Наро-Фоминскідегі №423 Ямпольск мотоатқыштар полкінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Ол үш айдан кейін үйіне оралуы тиіс еді. Туыстарының айтуынша, Даниил әскерде күн санап, қайтуға асығып, Вологдадағы университетке оқуға түсуді жоспарлап жүрген.

Даниилдың анасы Любовь ұлының тұтқында екенін видео жарияланардан бір күн бұрын, 27 ақпанда білген.

Украинада тұтқынға алынған ресейлік сарбаз Даниил Воробьев.
Украинада тұтқынға алынған ресейлік сарбаз Даниил Воробьев.

– 27 ақпанда 14:41-де Whats app-қа хабарлама келді. "Саламатсыз ба! Ұлыңыз қайда екенін білесіз бе? Ол Украинада тұтқында отыр. Мен осындай әскердің офицерімін" деп жазды. Суреттерін жіберді. Көзі байлаулы болса да, ұлымды жазбай таныдым... Даняның қорқып отырғанын байқадым. Оны үйге қайтаруым керек. Шымыр, төбелеске бейім жігіт болса бір сәрі, ол ешкімге саусағының ұшын да тигізбейтін жуас бала, – дейді анасы.

Сол күні кешкісін Любовь ұлымен видеобайланыс арқылы сөйлескен. Даниил анасына "тамақ беріп жатыр, ешкім тиген жоқ" деп айтқан.

Анасы Даниилмен соңғы рет 12 ақпанда сөйлесіп, жауынгерлерді екі аптаға әскери жаттығуға жіберіп жатқанын естіген. Любовь Наро-Фоминск маңында немесе Мәскеудің іргесінде оқ атуды үйреніп қайтатын шығар деп ойлаған. Даниилдың анасы әскерде жүрген қатардағы жауынгерді қалай соғысқа жіберуге болатынын түсінбейді. Осыған дейін "Жауынгер аналары" қоғамдық комитеті әскерде жүрген жастарды мәжбүрлеп келісімшартқа отырғызып, Украинамен шекараға жібергенін хабарлаған. Любовь ұлының тоғыз ай ішінде бір де бір рет әскери қызметте қалуға ықылас білдірмегенін айтады.

– Ол қатардағы жауынгер еді. Келісімшартпен қалуға ешқашан келіспес еді. Ол өмірді жақсы көреді. Әскери борышы аяқталғанша үйге қайтуға асықты. Баламды қайтаруым керек, – дейді Любовь.

Даниил анасымен видеобайланыс арқылы сөйлескен кезде ешқандай келісімшартқа қол қоймағанын айтқан.

Любовь не жергілікті биліктен, не әскери прокуратура мен комиссариаттан ұлын елге қайтаруға байланысты жауап ала алмаған. Вологдаға барып, губернатордың қабылдау бөлмесінен Ресей президенті Владимир Путинге хат жазып, ұлын тұтқыннан босатып алуға жәрдемдесуді сұраған. Соңында Украинадағы шұғыл байланыс желісі арқылы Даниилдің қайда екенін анықтаған.

Даниил Воробьевтың әскери қызметте жүргенде түскен суреті.
Даниил Воробьевтың әскери қызметте жүргенде түскен суреті.

– Оларға хабарласып, Даниилдің жағдайын, қайда екенін сұрадық. Суретін жіберді. Таза киім кигізіп, жуындырып, тамақ беріпті. Қазір түрмеде отыр. "Бірнеше күн сонда ұстаймыз, кейін арнайы органға алып кетеміз" деді. Ешкім ұрып-соқпаған, жағдайы жақсы. "Даниилды Ресейге қайтарсын, үйге жіберсін" деп өтініш жаздық. Әскери борышын өтегені жетеді! Балам қатты қорқып қалған. Аман-есен оралса екен, – дейді Любовь.

Әлеуметтік желіде Украинаның ресейлік жауынгерлердің ата-анасына арналған хабары кең тарап жатыр. Онда "Тұтқындағы ресейлік жауынгерлерді анасына қайтару туралы шешім қабылданды. Бұл үшін ата-аналар Украина қорғаныс министрлігіне хабарласып, "Груз 200" телеграм каналына немесе көрсетілген электрон поштаға жазып, өтініші мақұлданғаннан кейін Киевке келуі керек. Әуе кеңістігі жабық болғандықтан, әуелі Калининградқа немесе Минскіге барыңыз. Ол жақтан автобус немесе таксиге отырып, Польша шекарасына, кейін Польша арқылы Украина шекарасына жетіп алыңыз. Шекарада сізді күтіп алып, Киевке апарып, ұлыңызбен қауыштырады" деп жазылған.

Карелияның оңтүстігіндегі ауылдардың бірінда тұратын Оксананың (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) ұлы да былтыр шілдеде әскерге кетіп, Украинадағы соғыстан бір-ақ шыққан.

"Ұлымды соғысқа емес, әскерге жібердім!" дейді биліктің әрекетіне наразы Оксана.

Қазір Оксана ұлының қайда екенін, өлі-тірісін, соғысқа қатысқан-қатыспағанын білмейді. Ол командирлердің соңғы сәтке дейін өтірік айтып келгеніне кіжінеді.

– Бөлімше командиріне хабарлассам, "балаларыңыз Беларусьте әскери жаттығуда жүр" дейді. Ол кезде олардың Украинада екенін білетінмін! Полк басшыларының бірінің нөмірін тауып, "маған шындықты айтыңдар” деп талап еттім. Әскери бөлімшенің Украинада екенін мойындады. Екі күн бұрын ғана бөлімше командирі әскери жаттығуда жүр деп еді. Бұл өтірікті қалай ақтап алуға болады? Сағат сайын қоңырау күтіп, балам үйге тірі оралар ма екен деп жүрегім езіліп отыр. Украинаға көзқарасым жақсы, олар да біз сияқты адам. Бұл – саясаткерлер мен олигархтар арасындағы соғыс, тек олар өз мүддесі үшін біздің балаларымыздың өмірін пайдаланып жатыр, – дейді Оксана.

"Север.Реалии", "Сибирь.Реалии" сайттары материалдарынан ықшамдап аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG