Accessibility links

"Медиазона": Бізді соғыс жайлы ақпарат таратқанымыз үшін жапты


Ресейде цензураға қарсы пикет. Көрнекі сурет.
Ресейде цензураға қарсы пикет. Көрнекі сурет.

Роскомнадзор "Украинадағы жағдай туралы объективті ақпарат таратып, басқыншылықты – басқыншылық, соғысты соғыс деп атағанымыз үшін сайтымызды бұғаттай бастады". "Медиазона" порталының ұжымы 6 наурыз күні сайтта жариялаған мәлімдемесінде осылай деп хабарлады.

"Роскомнадзор "Медиазонадан" тұтас сайтты өшіруді талап етті. Иә, дәл осындай талап бүгін бізге ведомстводан келді. Ресейдің Украинаға шабуылынан дұрыс ақпарат таратпағанымыз үшін, соғысты соғыс деп атағанымыз үшін" деп жазылған мәлімдемеде.

Интернет-басылым Ресейде кейінгі күндері әскери цензура күшейіп, тәуелсіз БАҚ жаппай жабылып жатқанын алға тартқан. Редакция ұжымы түрлі жолдар арқылы оқырманға объективті ақпарат жеткізуге тырысатынын айтты.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері елде тәуелсіз БАҚ-қа қысым күрт күшейді. Бұған дейін Роскомнадзор ақпарат құралдарынан Ресей билігі таратқан ақпараттарға ғана сүйеніп, хабар таратуды, Ресей басқыншылығын соғыс емес, "әскери операция" деп атауды талап еткен. Бұл талапты орындамаған ақпарат құралдары жабылып жатыр. Демалыс күндері Азат Еуропа/Азаттық радиосы Ресейдегі бюросының қызметін тоқтататынын хабарлады.

Өткен аптада Ресей аумағында Азаттық радиосы Орыс қызметінің 9 сайты бұғатталған. Оның ішінде Орыс қызметі, Татар-башқұрт қызметі, Север.реалии жобасы, "Настоящее время" телеарнасы да бар. Роскомнадзор оларды Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысы туралы ақпаратты өшіруден бас тартқаны үшін бұғаттаған. Елде BBC, Deutsche Welle, "Медуза" сайттары да ашылмай қалған. Ресейліктер үшін Facebook пен Twitter де жабылды. Бұған дейін "Дождь" телеарнасы да жұмысын тоқтатып, басшылары Ресейден кеткен. Елде әуезқойлардың DOXA интернет-журналы, The Village, Тайга.инфо сайттары жабылды. "Новая газета" редакциясы басылым демеушілері дауыс бергеннен кейін цензурамен келісуге мәжбүр болды.

2021 жылы Ресей "Шекарасыз тілшілер" халықаралық құқық қорғау ұйымының баспасөз рейтингісінде 180 елдің арасында 150-орынды иеленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG