Accessibility links

"Әлеуметтік желі заңға қайшы ақпаратты 24 сағат ішінде жоюы тиіс". Құқық қорғаушыларды алаңдатқан құжат сенатқа кетті


9 наурызда мәжіліс "Бала құқықтарын қорғау, білім, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Қазақстанда қолданылатын әлеуметтік желілер "заңға қайшы контентті 24 сағат ішінде жоюы тиіс" деп мәлімдеді.

Бұл заң жобасы осыған дейін Қазақстанда құқық қорғаушылар мен медиа қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызған.

Сәрсенбі күні заң жобасының авторлары құжат интернеттегі "құқыққа қайшы контенттермен күрес механизмін" айқындайды, балаларды кибербуллингтен қорғайды деп мәлімдеді.

Заң жобасына сәйкес, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенжерлер Қазақстан аумағында жұмыс істеуі үшін заңды тұлға ретінде тіркеліп, өкілдігін ашуы тиіс. Бұл ережені орындамаса, құжат күшіне енгеннен кейін желілер бұғаттала бастайды.

"Қазақстан аумағында орналасқан, күніне орташа есеппен 100 мыңнан астам қолданушысы бар шетелдік онлайн-платформаның иесі немесе заңды өкілі БАҚ саласында уәкілетті органмен қарым-қатынас жасайтын заңды өкілін тағайындайды. Ол ұйғарым алғаннан кейін 24 сағат ішінде Қазақстан заңына қайшы ақпаратты өшіру үшін шара қолдануы тиіс" деді депутат Жәмила Нұрманбетова.

Бұған дейін жергілікті ақпарат агенттіктері мәжілістегі талқылау кезінде депутаттардың бұғаттау мәселесін айналып өткеніне назар аударған.

Құқық қорғаушылар мен медиа қауымдастық осыған дейін аталған заң жобасына алаңдаушылық білдіріп, петиция да ұйымдастырған. Соңғы мәлімет бойынша, оған 10,4 мың адам қол қойған. Петиция авторларының пікірінше, заңға енетін түзетулер цензураны күшейтіп, ақпарат алу еркіндігін шектейді. Facebook, Instagram, Telegram, Whatsapp және өзге де танымал әлеуметтік желілердің еркін пайдаланылуына бөгет жасайды.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанды интернет еркіндігіне байланысты жиі сынайды. Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы интернет еркіндігі бойынша есебінде Қазақстанды "интернет, әлеуметтік желілер және байланыс платформалары жиі бұғатталатын", "саяси, әлеуметтік және діни контенттер шектелетін", "блогерлер, құқық қорғаушылар, желі қолданушылар немесе билікті сынағандар жиі қудаланатын, жауапқа тартылатын, шабуылға ұшырайтын" елдер қатарына енгізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG