Accessibility links

Санкция қыспағында қалған Ресейден үдере көшкендер көбейді


Украинаға басқыншылығы үшін Ресейге жаңа санкциялар салынып, ресейлік S7 Airlines әуе компаниясы өзге елдерге ұшуды доғарғаннан кейін Домодедово әуежайында тұрған жолаушылар. Мәскеу, 5 наурыз 2022 жыл.
Украинаға басқыншылығы үшін Ресейге жаңа санкциялар салынып, ресейлік S7 Airlines әуе компаниясы өзге елдерге ұшуды доғарғаннан кейін Домодедово әуежайында тұрған жолаушылар. Мәскеу, 5 наурыз 2022 жыл.

Кейінгі күндері Украинадағы соғыс салдарынан қауіптенген ондаған мың адам Ресейден көшіп кетті. Олардың көбі Орталық Азия елдеріне барған. Батыс мемлекеттері ресейліктерге виза беруді шектегендіктен, олар бара алатын ел де көп емес.

"РЕСЕЙДЕ ЖАҒДАЙ ЖУЫҚ АРАДА ЖАҚСАРА ҚОЙМАС"

Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін ондаған мың Ресей азаматы шетелге көшуге мәжбүр болды. Олар оқшауланған Отанының болашағы бұлыңғыр екенін айтады.

Шетелге көшкендер бұл шешімінің негізгі себебі ретінде соғыстың экономикалық және саяси салдарын, биліктің халықты Украинадағы соғысқа жіберу қаупін атаған.

Бірақ Ресейге салынған санкция көбейгендіктен, олар бара алатын ел де көп емес. Батыс мемлекеттерінің көбі Ресей азаматтарына виза беруді шектеді. Ресей әуе компанияларына Батыс елдерінің әуе кеңістігінен ұшуға тыйым салынғандықтан, мыңдаған халықаралық рейс тоқтап қалды.

"Қатты қымбат болмаған соң, Ташкентке билет сатып алдық" дейді Марина. Ол 3 наурызда күйеуі және кішкентай балаларымен Өзбекстанға кеткен.

Көбіне ресейліктер Армения, Грузия, Қырғызстан сияқты виза қажет етпейтін елдерге кетіп жатыр. Бұған қоса тікелей әуе қатынасы тоқтамаған, ресейліктерді визасыз кіргізетін және орыс тілінде сөйлейтіндер көп Түркияға көшіп жатқандар да бар. Ал ақшасы жеткендер Біріккен Араб Әмірліктеріне кетуді жөн көрген.

Ресейден кеткендердің көбі Азаттыққа елден кетеміз деп ойланып-толғануға бірнеше күн, тіпті, бірнеше сағат кеткенін айтады.

"2 наурыз кешкі жетіде ертеңіне таңғы 2.30-да ұшатын рейске билет салып алдық, – деді Марина. – Екі сағаттан соң керек затымызды жинап, екі шабаданымызбен әуежайға бардық".

Ресейде шетелдік дүкендер жабылып, компаниялар кетіп жатыр, дүкендерде импорт тауар да азайған. "Енді Ресейде жағдай нашарлай береді және жуық арада жақсара қоймас деген сезім пайда болды" дейді Марина.

Наурыздың басында президент Владимир Путин Ресейде әскери жағдай енгізеді-міс деген қауесет жұрттың үрейін одан сайын үдетті. Әскери жағдай енгізілсе, бейбіт тұрғындар соғысқа жұмылдырылады, шекара тарс жабылып, әртүрлі шектеу қойылады.

"Ертең-ақ шекара жабыла ма деп қорықтық. Пәтерімізді, көлігімізді – бәрін тастап, ұшаққа жүгірдік" деді Марина.

Қырғызстанға кеткен Ресей азаматы Юлия да солай дейді.

"Қатты асыққанымыз сонша, тіс шөткісі, сабын секілді ең керек заттардың өзін алуды ұмытып кеттік" деді Юлия Азаттыққа.

Юлия мен оның қызы қазір Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында қонақ үйде тұрып жатыр. Ол Ошта енді не істерін білмей отырған басқа да бірнеше азамат уақытша тұрып жатыр дейді.

Солардың бірі Яков соғысқа наразылық білдірген соң Ресейден кеткен. Ол Ресей полициясы қамауға алған мыңдаған шерушінің арасында болған. Яков 10 мың рубль (шамамен 105 доллар) төлеп, босап шыққан.

Яков саяси белсенді екенін айтады. Алайда осы кезге дейін саясаттан аулақ болған мыңдаған адам да қазір Ресейден кетіп жатыр.
Яков саяси белсенді екенін айтады. Алайда осы кезге дейін саясаттан аулақ болған мыңдаған адам да қазір Ресейден кетіп жатыр.

Яков қазіргі билік кезінде Ресейде тұрғысы келмейді. Ол "соғыс басталғалы заңдар қатаңдай түсті" және билік адамдардың еркіндігін шектеуді күшейтті дейді.

"Енді билікке қарсы наразылыққа қатысқаның үшін он бес жылға дейін қамалуың мүмкін" деді Яков. Ол 4 наурызда қабылданған жаңа заңды айтып отыр. Бұл құжат бойынша, Ресей әскерилері туралы "жалған ақпарат" таратқан адам 15 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

Яков саяси белсенді екенін айтады. Алайда осы кезге дейін саясаттан аулақ болған мыңдаған адам да қазір Ресейден кетіп жатыр.

ЖАҢА ӨМІР

Ресей азаматтары кейінгі жылдардағы қалыпты өмірінен мүлде өзге, жаңа жағдайға тап болды.

Жаңа санкциялардан соң азаматтардың шетелге баруы шектелді. Батыс компаниялары Ресейден кетті. Ресей карталары шетелде, шетелдік карталар Ресейде жұмыс істемей қалды.

Рубль бірден құнсызданды. Батыс дүкендері жабылған соң ондаған мың адам бір-ақ сәтте жұмыссыз қалды.

Ресейлік Александр Медведев отбасымен бірге Түркияға кетіп қалған.
Ресейлік Александр Медведев отбасымен бірге Түркияға кетіп қалған.

Оқшауланған елде қалып, саяхаттау мүмкіндігінен айрылам-ау деп қауіптенген 40 жастағы кәсіпкер Алексей Медведев те әйелі және бес жасқа толмаған үш баласымен бірге Түркияға кеткен.

"Балаларымыз үшін ғана емес, өзіміз үшін де кеттік. Жай ғана еркін болу үшін, қалағанымызды істеу үшін осылай деп шештік" деді Медведев.

"Сондай-ақ, мына мәні жоқ [соғыста] шайқасып, өлгім келмейді" деді ол Азаттыққа.

Ресейден нақты қанша адам кеткені белгісіз. Кей деректерге сенер болсақ, 12 наурыздан бері 200 мыңнан астам адам шетелге кеткен.

Наурыздың басында "Коммерсантъ" басылымы "Посошок" турист агенттігі басшысының сөзін келтірді. Ол ресейліктер жаппай билет ала бастаған соң кей бағыттарға жолақы қымбаттап жатыр деген.

"Адамдар жаппай билет ала бастағанын байқадым. Билет тез сатылып кетіп жатты" деді Кирил Фаминский.

Сұраныс күшейгендіктен, Дубайға баратын ұшақ билеті 40 мың рубльден ($360) 200 мың рубльге ($1800) дейін өскен.

"Стамбулға билет бес есе қымбаттады" дейді ол.

Елена Ханпира жұбайы және қызымен бірге.
Елена Ханпира жұбайы және қызымен бірге.

Елена Ханпира наурызда күйеуі және кішентай қызымен бірге Түркияға ұшып кеткен.

"Таныс-достарымның көбі елден кетіп жатыр, – дейді Елена Ханпира. – Мен танитын жиырма шақты адам Ресейден көшіп жатыр".

Елена мен күйеуі Түркияда бірнеше ай болып, жұмыс іздейтінін айтады. Ерлі-зайыпты сонда қалатынын я басқа елге кететінін әлі шешпеген.

Марина мен күйеуі Ташкентте осындай дилеммаға тап болған. Жас ата-ана тұңғыш баласы келер жылы Ташкенттегі мектепке баруы мүмкін дейді. Әзірге оларда нақты таңдау жоқ.

"Путин биліктен кетпейінше Ресейге қайтып оралмайсымыз анық, – дейді Марина. – Ол елімізді талқандап жатыр. Кеткеніміз дұрыс болды".

Бұл материалды дайындауға Сибирь.Реалии тілшісі Марина Аронова мен Азаттықтың Қырғыз қызметі атсалысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG