Accessibility links

Қаңтардағы "лаңкестер", "мемлекетке опасыздық жасағандар", саяси реформа жайлы кезекті уәде


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда қаңтарда "кейбір ықпалды адамдар" билікті басып алуға талпынған. Мұны 230-дан астам адамның өмірін қиған қайғылы оқиғалардан кейін жариялаған халыққа жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Бірақ ол әлгіндей әрекетке барғандардың аты-жөнін атамай, "мемлекетке опасыздық жасағандар" ісі тергеліп жатқанын ғана айтты. Жолдауда бұрынғы президент кезінде қалыптасқан билік жүйесіне өзгерістер енгізу туралы да айтылды.

"МЕМЛЕКЕТКЕ ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАҒАНДАР"

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда парламентте жариялаған жолдауында жыл басында Қазақстанның барлық өңірінде бейбіт шерумен басталып, ел тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен қантөгіспен аяқталған Қаңтар оқиғасына тоқталды.

2019 жылы наурызда Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткен кезде орнына қалдырған Тоқаев сол жылы маусымда өткен даулы сайлаудың ресми қорытындысы бойынша президент болып сайланған. Содан бері көпшілік алдында сөйлеген кезде Тоқаев үнемі экс-президенттің аты-жөнін атап, оның еңбегіне мақтау мен мадақ араластыратын. Бірақ кейінгі жарты жылда оның сөзінде бұрынғы президенттің есімі жиі айтылмайтын болған. Ал биыл қаңтардағы дүрбелең кезінде Тоқаев экс-президент Назарбаевта қалған соңғы лауазым – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін өзіне алған. Көп ұзамай, Назарбаевтың туыстары мен оған жақын өзге де адамдар биліктегі басшы қызметтен аластатылған.

Парламенттің бірлескен отырысы. Нұр-Сұлтан, 16 наурыз 2022 жыл.
Парламенттің бірлескен отырысы. Нұр-Сұлтан, 16 наурыз 2022 жыл.

Тоқаев сәрсенбі күні парламентте жасаған жолдауында Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өткен отыз жылда "тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен осы кезеңде ауқымды жұмыс атқарып, көптеген табысқа қол жеткізгенін", бірақ береке-бірлік болмайынша, бұл жетістіктерден айырылып қалу қаупі барын айтты.

"Қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті. Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндіріп, халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығы мен егемендігімізге зор қауіп төнді" деді президент.

Тоқаев "төңкеріс жасамақ болғандардың арасында белгілі адамдар барын" мәлімдеді.

"Жоғары лауазым иелері мемлекетке опасыздық жасады. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді" деді президент, бірақ ол адамдардың кім екенін ашып айтпады.

Қаңтардағы дүрбелең кезінде билікке талас жүріп жатқаны жайлы жиі айтылған болжамдарды Назарбаев та, Тоқаев та мойындамаған еді.

Қаңтар оқиғасы кезінде Назарбаевтың жақын серіктерінің бірі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары тұтқындалды. 14 наурызда Қазақстан бас прокуроры Берік Асылов парламенттегі баяндамасында "мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет жасау және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 қылмыстық іс қозғалғанын" хабарлады. Оның ішінде Мәсімов пен үш орынбасарының ісі де бар.

"ЛАҢКЕСТЕР МЕН СОДЫРЛАР"

Тоқаев Қаңтар оқиғасы жайлы сөзінде "лаңкестер" мен "содырларды" тағы да айыптады.

"Бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды. Мен қара жамылған отбасыларға қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын" деді Тоқаев.

Кейінгі мәлімет бойынша, Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде 230-дан астам адам қаза болған. Бірақ одан бері үш айдан астам уақыт өтсе де, билік құрбан болған адамдардың аты-жөнін әлі күнге жарияламай отыр.

"Біз ақиқатты айтуымыз керек, бұл менің қағидатым. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, құқық қорғау органдарына жасалып жатқан жұмысты үнемі жариялап отыруды тапсырамын" деді президент.

Дүрбелең кезінде күш құрылымдарына "ескертусіз оқ атуды" бұйырғанын мәлімдеген Тоқаевқа қоғамда сын айтылған. Кейбір куәгерлер бейбіт наразылық акциясына шыққан адамдарға әскерилердің оқ атқанын айтқан. Алайда әлі күнге дейін әскерилерден ешкім жауапқа тартылған жоқ. Бұған дейін сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин қаңтар қырғыны кезінде "әскерилер бейбіт адамдарға оқ атқан жоқ" деп мәлімдеген

6 қаңтарда Алматы алаңында бейбіт халыққа оқ атқан кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

Тоқаев бүгінгі жолдауында "мемлекетке опасыздық жасаған жоғары лауазым иелері арасында әскери және арнаулы органдар басшылары болғанын, олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтіріп, аемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат бергенін айтты. "Тіпті, арнайы үкіметтік және басқа да байланыс арналарын өз бақылауына алды. Бір сөзбен айтсақ, олар елді ыдырату үшін ойларына келген барлық тәсілді қолданды. Соның салдарынан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрауға мәжбүр болдық" деді Тоқаев.

"Бітімгершілік күштері елімізде бір де бір оқ атқан жоқ. Стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін ғана қамтамасыз етті. Бұған алдын-ала жасалған келісімнің нәтижесінде қол жеткіздік. Жағдай тұрақтанған соң, екі аптадан кейін олар Қазақстаннан толық шығарылды" деді ол.

Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаевтың ҰҚШҰ-дан көмек сұрауы ел ішінде наразылық туғызған еді.

"БИЛІК ЖҮЙЕСІ ӨЗГЕРТУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ"

Тоқаев қазіргідей бүкіл билік президент қолына шоғырланған басқару жүйесінен бас тартып, құзыреті күшейтілген парламент бар президенттік республикаға өту керегін айтты. Бұған қоса президент келесідей өзгерістер енгізуді ұсынды:

  • парламент мәжілісі депутаттарының 70 пайызын – пропорционалды, 30 пайызын мажоритарлық жүйе бойынша сайлау, ал облыс және республикалық маңызы бар қала мәслихаттарын аралас жүйе бойынша сайлау;
  • мәжіліске Қазақстан халқы ассамблеясынан депутат сайлауды тыйып, ондай квотаны қысқартылған түрде сенатқа аудару;
  • мәжілістің рөлін күшейтіп, сенатқа мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдау я мақұлдамау құқығын қалдыру;
  • Конституциялық сотты қайта жаңғырту;
  • қызмет өкілеті аяқталғанға дейін ел президенті мен бірқатар орталық билік органдары басшыларының саяси партия мүшелігін тоқтатып, жергілікті әкімдер мен орынбасарларының саяси партия филиалында басшы қызмет атқаруына тыйым салу.
  • президентті аудан және ауыл әкімдерін тағайындау құқығынан айыру;
  • президент сенатқа қазіргідей 15 емес, 10 депутатты тағайындауы керек;
  • Есеп комитетінің орнына республикалық бюджеттің орындалуын бақылайтын Жоғары аудиторлық палата құру;
  • саяси партияны тіркеу үшін оны қолдайтын адам санын қазіргі 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайту, ал партия құру үшін бастамашыл топта кемінде 700 адам (қазір 2 мың) болса жеткілікті.

Бұған қоса ол заңға билікте отырған президенттің жақын туыстарын мемлекеттік органдарғы саяси лауазымды қызметке және квазимемлекеттік салада басшы етіп тағайындауға тыйым салатын түзету енгізу керегін айтты.

Тоқаев айтқан тағы бір жаңалық - облыс әкімдерін мәслихаттың балама жолмен "жанама сайлауы". Бірақ мәслихатқа екі кандидатты президент қана ұсынады және президент аймақ әкімін ешкіммен кеңеспей қызметінен босата алады.

"Бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Қағаз бетінде ғана бар, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті" деді Тоқаев.

Бүгігі жолдауында Қазақстан президенті құқық қорғаушылар қатаң сынаған "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңға тоқталып, құжат азаматтарға "кедергісіз митинг өткізуге мүмкіндік берді" деді. Ол заңды "демократиялық" қадам деп бағалап, азаматтық құқықтарын талап еткен азаматтарды "арандатуға бейім топ" деп атады. Ол аталған заң мүлтіксіз орындалуы тиіс деп "бұдан әрі босаңсу болмайды" деді.

2020 жылы мамырда қабылданған заңды құқық қорғаушылар мен белсенділер азаматтардың пікір айту және жиналу құқығын шектейтін құжат деп атап, қайта қарауды талап еткен.

Биыл Қаңтар көтерілісінен кейінгі мәлімдемелерінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы наурыз айында саяси реформалар пакетін ұсынатынын хабарлаған. Алайда ол БАҚ-қа берген сұхбатында "түбегейлі өзгерістер болмайтынын" айтқан. Кейбірі Тоқаевтың мәлімдемесінен оң өзгерістер күтсе, кейбірі скептицизммен қараған.

16 наурызда Тоқаев жолдауынан кейін кейбір белсенділер мен журналистер әлеуметтік желіде жолдауға көңілдері толмайтынын айтып, "баяғы жартас – сол жартас" күйінде қалады деп санайды.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҢАДАН ҮШ ОБЛЫС ҚҰРЫЛМАҚ

Тоқаев биылғы жолдауында Қазақстанда жаңа үш облыс құрылатынын хабарлады.

Шығыс Қазақстан облысының Семей аймағында – Абай облысы (орталығы Семей қаласы), Қарағанды облысының Жезқазған өңірінде – Ұлытау (орталығы Жезқазған), Алматы облысы аумағында Жетісу облысы (орталығы Талдықорған) пайда болмақ.

"Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады" деді Тоқаев.

Ол "халық Қапшағай қаласына Дінмұхаммед Қонаев атын беруді ұсынса" қолдайтынын да айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG