Accessibility links

Алматыда Тоқаевты қолдау митингісі өтті. Осыған дейін белсенділерге соғысқа қарсы акция өткізуге рұқсат бермеген


Тоқаевты қолдау митингісі. Алматы. 19 наурыз 2022 жыл.
Тоқаевты қолдау митингісі. Алматы. 19 наурыз 2022 жыл.

Сенбі күні Алматыда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдау митингісіне шамамен 500 адам жиналды. Акция Ғылым академиясы маңында өтті.

Жиналғандар "Президентпен бірге", "Бірге жаңа Қазақстанды құрамыз" деп орысша және қазақша жазуы бар плакаттар ұстап тұрды. Көп плакаттағы жазу қолдан жазылмаған, көбіне кәсіби құрылғылардан шығарылып басылғаны айқын көрінеді.

Азаттық тілшісі алаң аумағында митингіден кетпек болғандарды жібермей тұрған адамдар барын да байқады. Плакат ұстап тұрған жастардың бірі "акцияға не үшін келдіңіз?" деген сұраққа "білмеймін" деп жауап берді. Аумақта мұғалімдер де жүрді, бірақ олар тілшілермен сөйлесуге ықылас білдірмеді. Кейбір студенттер әлеуметтік желіде қай шараға келгенін білмегенін жазды.

Жұрт алдына шыққандар елде демократиялық өзгерістер жүзеге асып жатқанын, президент Тоқаевтың өкілетін күшейтуден бас тартып, парламенттің рөлін арттыруға ниеттеніп отырғанын жеткізді. Құрамында мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері көп "Аманат" партиясын қолдау туралы үндеу айтылды.

"Суперпрезиденттіктен күшті парламенті бар президенттік республикаға өту" жоспары жөнінде Тоқаев осы апта ортасында халыққа жолдауында айтқан. Ол мәжіліс депутаттарының 30 пайызын бір мандаттық округ бойынша сайлауды ұсынды, саяси партияны тіркеу үшін қажет қолдар санын 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайту қажеттігін және өзге де бастамаларды алға тартты. Кей сарапшылар Тоқаевтың президент өкілетін шектеу туралы ұсынысын популистік деп атап, қаңтар оқиғасынан кейін билік халықты тыныштандыруға тырысып отыр дейді.

Бұған дейін бірнеше белсенді Ғылым академиясы аумағында Украинаны қолдап, митинг өткізуге өтініш берген. Алайда әкімдік 19 наурызда ол жерде өзге партияның шарасы өтетінін айтып, өтінішті орындаудан бас тартқан.

18 наурызда "Алматы Арена" спорт кешенінде "Жаңа Қазақстан. Күшіміз бірлікте" атты "жастар фестивалі" өтті. Бұл шарада да Тоқаевтың жолдауын қолдау туралы үндеулер айтылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG