Accessibility links

Алматыда полиция Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен азаматтарды тағы ұстады


Полиция Шыңжаңда қамалған үш ұлын қайтаруды талап етіп, Қытай консулдығы алдында 400 күннен астам уақыт наразылық жасап жүрген Халида Ақытханды ұстап жатыр. Алматы, 8 желтоқсан 2021 жыл.
Полиция Шыңжаңда қамалған үш ұлын қайтаруды талап етіп, Қытай консулдығы алдында 400 күннен астам уақыт наразылық жасап жүрген Халида Ақытханды ұстап жатыр. Алматы, 8 желтоқсан 2021 жыл.

29 наурызда Алматыда полиция Қытай консулдығы маңында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен бірнеше адамды тағы ұстап әкетті. Бұл жөнінде Азаттыққа белсенді Байболат Күнболатұлы хабарлады.

"Консулдыққа келген бетте әкімдіктің өкілі "сіздердің бұл акцияларыңыз заңсыз" деп ескертті. Апалар әкімдікке 15 күн бұрын барып, әкім Ерболат Досаев мырзаға хат қалдырғанын айтты. Хатта олар "Шыңжаңдағы туыстарымызды қайтармайынша Қытай консулдығы алдында акция өткізуге рұқсат беріңіз және бізді қабылдаңыз" деп жазған. Өкінішке қарай жауап келген жоқ. Не рұқсат та берген жоқ. Полиция бұған назар аудармай, алып кетті" деді Байболат Күнболатұлы сейсенбі күні түстен кейін.

Оның айтуынша, Халида Ақытхан, Гүлфия Қазыбек, Нұрзат Ермекбай және Гүлбаран Өмірәлі ұсталған. Оларды Медеу аудандық полиция басқармасына алып кеткен. Гүлпия Қазыбектің жанында 6 жасар ұлы болған.

Азаттық тілшісі полициядан ақпарат ала алмады. Әкімдіктің қоғамдық даму басқармасы да телефондарына жауап бермеді.

Белсенді Байболат Күнболатұлы бір күн бұрын да полицияның Қытайдағы туыстарын қайтаруды талап еткен азаматтарды ұстап, босатқанын хабарлаған.

  • Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "жазықсыз қамалған немесе бостандығы шектелген" туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен топ 2021 жылдың адам ақпан айынан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді. 29 наурызда олардың акция өткізгеніне 415 күн болды. Бұған дейін олар полиция қысымына байланысты наразылықты көлік ішінде өткізуге мәжбүр болған.
  • Наразылар бұған дейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, жалпы сомасы төрт миллион теңгеге дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болған. 15 күнге қамалған кездері де болды.
  • Бір жылдан астам уақытқа созылған акциялар кезінде Қытай консулдығынан наразылар алдына ешкім шықпады. Жергілікті полиция наразы топты консулдық маңына жібермей, аумақты көлікпен бақылап келеді.
  • Былтыр наурыз айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
  • Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG