Accessibility links

Гүлмира Сатыбалды мен Шымкент әкімдігінің өкілдері бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді


Шымкент қаласы әкімдігінің маңы. Көрнекі сурет.
Шымкент қаласы әкімдігінің маңы. Көрнекі сурет.

Гүлмира Сатыбалды және Шымкент қаласы әкімдігінің лауазымды өкілдері 750 млн теңге (қазіргі доллар бағамымен шамамен 1,6 млн доллар) көлемінде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл жөнінде сәрсенбі күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі "Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғалары мен "Ария-Жаңа Астана" ЖШС басшылығына, оның ішінде Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде (747 млн теңге) бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр" деп жазылған агенттік хабарламасында.

Ведомство өзге ақпарат тергеу құпиялылығына байланысты жарияланбайтынын айтты.

Наурыздың ортасында Жемқорлыққа қарсы агенттік Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының үстінен "бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу" күдігі бойынша тергеу басталғанын хабарлаған. Күдікті тергеу изоляторына қамалған.

Дегенмен орган күдіктілердің кімнің қандай бизнесін тартып алғаны жайлы айтпаған. 15 наурызда қазақстандық продюсер Баян Мақсатқызы Гүлмира Сатыбалдыны рейдерлікке қатысы бар деген.

Жемқорлыққа қарсы агенттік Қайрат Сатыбалдыұлын 13 наурызда шетелге ұшпақ болған жерінен ұстаған. 15 наурызда тергеу соты Қайрат Сатыбалдыұлын екі айға қамаған. Ол "Қазақтелеком" компаниясынан аса ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке ілінді.

Қайрат Сатыбалдыұлы — Назарбаевтың туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. 2018 жылы қазақстандық Forbes журналы оны елдегі ең бай елу бизнесмен тізіміне енгізген. Оның дәулеті 163 миллион долларға бағаланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG