Accessibility links

"Кланның әлсіреуі". Назарбаев туысының ұсталуы нені білдіреді?


Қайрат Сатыбалдыұлын жемқорлыққа қарсы қызмет ұстаған сәт. Сурет kozachkov offside телеграм арнасынан алынды.
Қайрат Сатыбалдыұлын жемқорлыққа қарсы қызмет ұстаған сәт. Сурет kozachkov offside телеграм арнасынан алынды.

Қазақстанда отыз жыл бойы ең ықпалды саналған әулеттің мүшесі — экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталды. Жемқорлыққа қарсы қызмет оның үстінен аса ірі көлемде ақша ұрлау бабымен іс қозғаған. "Мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірген-келтірмегенін" де тексеріп жатыр. Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталуын президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Назарбаевтың "саяси саудасы" деп санайтындар бар.

Әскери форма киген төрт қызметкер есігі ашық шағын автобусты жан-жақтан күзетіп тұр. Бірінің тапаншасы көрінеді. Көлік ішінде қара күртеше киген бір адам басы салбырап отыр. Ол — Қазақстанды 30 жылдай билеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы. Жемқорлыққа қарсы қызмет ұстау операциясы кезінде түсірілген бұл суретті кім таратқанынан хабарсыз.

13 наурызда Сатыбалдыұлы лауазымын асыра пайдалану және елдегі ең ірі байланыс операторы — "Қазақтелекомнан" аса ірі көлемде қаржы ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істе күдікті ретінде ұсталды. Ол уақытша тергеу изоляторына қамалған.

14 наурызда журналистерге сұхбат берген жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Олжас Бектеновтің сөзінше, Сатыбалдыұлы Алматы әуежайында ұсталған. Ол "Дубайға ұшып кетпек болған".

Жемқорлыққа қарсы қызмет Сатыбалдыұлының "мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын" хабарлады. Бұл іс бойынша да, байланыс операторынан қаржы ұрлау ісі бойынша да бұдан басқа ақпарат жоқ.

ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ, ПАРТИЯ ХАТШЫСЫ ҺӘМ БАНК ИЕСІ

51 жастағы Қайрат Сатыбалдыұлы — Назарбаевтың туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. 2018 жылы қазақстандық Forbes журналы оны елдегі ең бай елу бизнесмен тізіміне енгізген. Оның дәулеті 163 миллион долларға бағаланған.

Сатыбалдыұлы еңбек жолын 1991 жылы мемлекеттік қызметтен — Ұлттық қауіпсіздік қызметінен бастап, 35 жасында генерал атанды. Астана қаласы әкімінің орынбасары (1998-2000), KazakhOil компаниясының вице-президенті (2000-2003), "Қазақстан темір жолы" компаниясының бірінші вице-президенті (2005-2006) болған. 2010-2015 жылдары немере ағасы басқарған "Нұр Отан" партиясының хатшысы болды.

2015 жылы Kaspi.kz холдингінің негізін қалап, 90 пайыз акциясына иелік етті. Бірақ кейін үлесі азайып, үш жыл бұрын, ресми дерек бойынша, акцияларын түгел сатып жіберді.

Бірақ Азаттық Қайрат Сатыбалдыұлының Қазақстандағы капиталын шетелдегі оффшорлық компания арқылы басқаратынын анықтаған. Былтыр көктемде Назарбаевтың немере інісімен аттас, туған күні де бірдей азамат Люксембургте тіркелген Skyline Investment Company S.A. атты оффшорлық компания арқылы "Қазақтелекомның" 24,46 пайыз акциясына ие екені әшкере болды. 2018 жылдың қаржы есебі бойынша, компанияның жалпы активі 266 миллион доллардан асады. Бұған дейін де Қайрат Сатыбалдыұлының ең ірі байланыс операторына қатысы бары белгілі еді: 2016 жылы кәсіпкер Alatau Capital Invest компаниясы арқылы "Қазақтелеком" компаниясының 3,4 пайыз акциясын сатып алған.

Кейінгі жылдары Сатыбалдыұлы ислам дінін уағыздаушы ақын-жыршылармен бірге жиі көрініп жүрді. Қызының тойына ондаған мың доллар тұратын торт қойылғаны сияқты аста-төк өмірінің көріністері ара-тұра жария болып жатады.

Биыл Азаттық Қайрат Сатыбалдыұлының Алматыдағы ең қымбат жердің біріндегі зәулім сарайын анықтаған. 2012 жылға дейін сүт фермасының жері болған 12,5 гектар аумақта бұдан өзге көлемі әртүрлі бес коттедж бен бір қабатты ағаш үй бар. Аумақта балалар ойнайтын жер мен спорт алаңқайы, тікұшақ алаңы жасалған. Бұл сарайлардың иесі ретінде Әсел Бақтиярқызы көрсетіледі. Ол — Қайрат Сатыбалдыұлының "әйелі". Әсел Бақтиярқызының есімі Сатыбалдыұлына қатысы бар компаниялардың құрылтайшысы ретінде де жиі аталады.

Биыл ақпан басында Ұлыбритания парламентінде "жемқорлыққа батқан қазақстандық олигархтарға санкция салу" мәселесі талқыланған. "Халықтан ұрланған қаржы есебінен байығандар" деп сипатталып, "санкция салынуы керек" 28 адамның аты аталған. Оның ішінде Қайрат Сатыбалдыұлы да бар.

"НЕГІЗГІ" АЙЫП БАСҚА МА?

Саясаттанушы Виктор Ковтуновский жемқорлыққа қарсы қызметтің "Қайрат Сатыбалдұлының "мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі туралы" сөйлеміне баса назар аударады. Оның сөзінше, "Қазақтелеком" ісі оған нақты айып тағу үшін ғана керек болған.

— [Ақша жымқырғаны] бұрыннан белгілі нәрсе еді ғой, — дейді ол.

Қазақстанда жыл басында қымбатшылыққа қарсы жаппай наразылық акциялары өтіп, арты дүрбелеңге ұласқан. Әскерилер оқ атып, ресми дерек бойынша, 230 адам қаза тапты. Дүрбелең кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президент Назарбаевта қалған соңғы лауазым — Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін өзіне алды. Сол кезде билікке талас жүріп жатқаны туралы жиі айтылған болжамдарды Назарбаев та, Тоқаев та мойындамады.

Бірақ дүрбелеңнен соң үш күн ішінде, 14-17 қаңтар аралығында экс-президенттің үш күйеу баласы да ұлттық компаниялардағы қызметінен кетті. Парламенттің төменгі палатасы — мәжіліс Назарбаевты Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясына өмір бойы төраға болу құқығынан айыратын заң жобасын мақұлдады. Ал ақпан басында мәжіліс оның қызы Дариға Назарбаеваның депутаттық өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатты.

5 қаңтарда Назарбаевтың жақын серіктерінің бірі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталған соң билікке талас туралы әңгіме өрши түскен. Ол — билікті күшпен басып алу бабы бойынша қозғалған қылмыстық істе күдікті. Бұл іс туралы әлі мардымды ақпарат жарияланған жоқ: іс "өте құпия" деген белгімен тергеліп жатыр. 14 қаңтарда Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов парламенттегі баяндамасында "мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет жасау және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 қылмыстық іс қозғалғанын" хабарлады. Оның ішінде Мәсімов пен оның үш орынбасарының да ісі бар.

— Әрине, Мәсімов мемлекеттік төңкеріске мүдделі негізгі адам бола алмайды. Оның әлдекімнің тапсырмасын орындаушы болғаны түсінікті. Қоғамдық пікір бойынша, тіпті президент әкімшілігі таратқан ақпаратқа қарағанда, қаңтар трагедиясына Назарбаевқа жақын адамдардың төңкеріс жасауға тырысуы әкеліп соқтырды, — дейді Ковтуновский. — Сондықтан Сатыбалдыұлының ұсталуының осы іске қатысы бар сияқты.

Дүрбелең кезінде Назарбаевтың тағы бір немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары Самат Әбіштің де ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Бірақ билік мұны растаған жоқ, ал комитет оның "еңбек демалысында" екенін хабарлады. Көп ұзамай, 17 қаңтарда Самат Әбіш Тоқаев бұйрығымен қызметінен кетті.

Қайрат Сатыбалдыұлы — Назарбаев президенттіктен кеткелі оның әулетінен әлдебір қылмыстық іс бойынша ұсталған алғашқы адам. Экс-президенттің өзі бұл туралы әзірше ешқандай реакция білдірмеді. Қаңтар оқиғасынан бері көрінбей кеткен Назарбаев 9 наурызда дипломатиялық форумға қатысу үшін Түркияның Анталья қаласына барды. Экс-президенттің сол ел президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесіп, емен-жарқын күліп тұрған видеосын оның баспасөз қызметі таратты.

Қазақстанды 30 жылдай билеген Назарбаевтың тұсында оның туыстары мен жақын серіктері елдегі ең ықпалды адамдарға айналған. Бауыры, қыздары мен күйеу балалары қызмет көрсету, шикізат өндірісі, құрылыс, сауда, көлік, банк салаларында жария да жасырын жолмен есепсіз байлыққа кенелді. Олардың қалай байығаны ашық айтылмайды. Шетелде қаржы көзі күмәнді деген істер бойынша Назарбаевтарлың мүлкі бұғатталған жағдайлар болған. Бірақ Қазақстанда Назарбаев әулетінің ешбір мүшесі тергелген емес.

— Меніңше, Қайрат Сатыбалдыұлы — Назарбаевтың айып тағылатын соңғы туысы емес. Себебі назарбаевсыздандыру процесі жалғаса береді. Тоқаев Назарбаев кланының әлсіруіне мүдделі, — дейді Ковтуновский. — Тоқаев абайлап әрекет етіп жатыр, ашық қарсы шықпайды. Дегенмен бұл процестің логикасы бойынша, әрмен қарай да Назарбаев 30 жыл бойы орнатқан жүйеге кінә артыла береді.

Сатыбалдыұлының ұсталуын Назарбаев пен Тоқаевтың арасындағы "саяси сауданың көрінісі" деген пікір де бар.

— Топтар арасындағы мұндай саудадан қоғамға пайда жоқ. Назарбаев әулетінің активтерін бөлісу реформа мен ашық тергеуді ұмыт қалдырмауы керек, — дейді саясаттанушы Димаш Әлжанов. — Қоғамға саяси топтардың сахна артындағы саудасының еш қажеті жоқ. Халық реформа мен ашық тергеу жүріп жатқанын көргісі келеді. Ұрланған активтер қайтарылып, ашық процесс арқылы нарыққа енгізілуі керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG