Accessibility links

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандарға бостандық талап еткендер аштықты тоқтатты 


Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың туыстары мен жақтастары қала прокуратурасының алдында тұр. 1 сәуір 2022 жыл.
Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың туыстары мен жақтастары қала прокуратурасының алдында тұр. 1 сәуір 2022 жыл.

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты қамалған белсенділерге бостандық талап етіп, қала прокуратурасы алдында бір күн бұрын аштық жариялаған оннан астам адам 1 сәуірде аштықты тоқтатты. Олар прокуратураның істі тергеуді тездетіп сотқа өткіземіз деген уәдесіне сенім білдірген. Прокуратура әзірге түсініктеме бермеді.

- Ерғали Құлбаев пен Молдабай Сәдібековтің ісін 8 сәуірге дейін сотқа өткіземіз деп уәде берді. Бас бостандығынан айыру емес, шектеу не айыппұл төлеу жазасын сұрауы мүмкін екенін айтты. Істі қай баппен өткізетінін айтпады. Біз соған үміттеніп аштықты уақытша тоқтатамыз, - деді Ерғали Құлбаевтың әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Назерке Нәлібай 1 сәуірде Азаттық тілшісіне.

Аштықты тоқтатқанын белсенділердің өзге жақтастары да растады.

Қамалған белсенділердің жақтастары мен қамалған өзге азаматтардың туыстары 1 сәуірде қала прокуратурасына тағы барып, прокуратура өкілдерімен кездесті. Бірақ олардың кейбірі құзырлы орган қызметкерлерінің жауабына қанағаттанбайтынын айтты. Прокуратура өкілдері Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап бермеді.

Бір күн бұрын Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың жақтастары мен туыстары қала прокуратурасы өкілдерімен кездескеннен кейін бірнеше адам аштық жариялаған. Олар азаматтық белсенділер Ерғали Құлбаев пен Молдабай Сәдібековке тағылған айыптарды алып тастап, босатуды талап еткен. Олар Азаттыққа түнгі сағат 12-ге дейін аштықты жалғастырғанын, полиция келіп, наразылықты тоқтатуды талап еткенін айтты. Бұдан соң наразылар тарап, акцияны жұма күні жалғастырмақ болған.

Шымкентте Қаңтар көтерілісіне байланысты 86 адамға қалмыстық іс қозғалып, екі айға қамау туралы сот санкциясы шыққан. Қазір олардың басым бөлігінің бұлтартпас шарасы жеңілдетіліп, қамаудан босатылған.

Бұған дейін құқық қорғаушылар қамалғандар арасында азаматтық белсенділер де барын айтып, билікті азаматтарды саяси белсенділігі үшін қудаламауға үндеген. Ерғали Құлбаев пен Молдабай Сәдібеков – пікірін ашық айтып, қаладағы азаматтық және саяси құқықтардың сақталуын талап етіп жүрген белсенділер. Тергеу органдары оларды қаңтар оқиғасы кезіндегі "тәртіпсіздіктерге қатысты" деп болжайды. Ал жақтастары оларды азаматтық белсенділігі үшін қудалап отыр деп санайды.

11 наурыз күні Шымкент соты Қаңтар оқиғасына байланысты төрт адамды «Ұрлық» бабымен соттады. Олардың бас бостандығы үш жылға шектелді.

Шымкентте ресми дерек бойынша қаңтар оқиғасы кезінде 19 адам қайтыс болды, жүзден аса адам жараланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG