Accessibility links

Алматыда полицияның белсенді Байболат Күнболатұлына күш қолданғаны хабарланды


Белсенді Байболат Күнболатұлы ұстау кезінде сырылған қолын көрсетіп тұр. Алматы, 8 сәуір 2022 жыл.
Белсенді Байболат Күнболатұлы ұстау кезінде сырылған қолын көрсетіп тұр. Алматы, 8 сәуір 2022 жыл.

Алматыда Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген топ белсендісі Байболат Күнболатұлына полицияның ұстау кезінде күш қолданғаны хабарланды. Алматы тұрғыны Гаухар Құрманалиеваның сөзіне қарағанда, 8 сәуірде күндіз белсенді және тағы бірнеше адам Қытай консулдығы маңында наразылық білдірген. Оқиға сол кезде болған.

"Жаңа Халида апа хабарласып, Байболат Күнболатұлының Медеу аудандық полиция басқармасында көліктің ішінде жатқанын айтты. Әлі есін толық жинамаған. Не жедел жәрдем көлігі келмей жатыр. Полиция ұсталғандардың әрқайсысын әр жаққа алып кеткен" деді Гаухар Құрманалиева. Ол жұма күні наразылыққа шықпағанын айтты.

Байболат Күнболатұлы Фейсбук парақшасында консулдық маңындағы наразылықтан видео таратты. 42 минуттан астам видео полицияның Байболат Күнболатұлын көлікке күшпен отырғызып жатқан сәтінен үзіледі. Онда полицияның наразылардың бірі зейнеткер Халида Ақытхан мен Гүлпия Қазыбекке де күш қолданғаны көрінеді. Ақиқат Қалиолла да ұсталған.

8 сәуірде кешке Азаттық тілшісі Медеу аудандық полициясына хабарласқан кезде кезекші бөлімде отырған өзін полиция капитаны деп таныстырған Әсембеков есімді қызметкер басқа нөмірге хабарласу қажеттігін айтты. Ал ол берген нөмірлер жауап бермеді.

  • Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "жазықсыз қамалған немесе бостандығы шектелген" туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен топ 2021 жылдың адам ақпан айынан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді. 8 сәуірде олардың акция өткізгеніне 425 күн болды. Бұған дейін олар полиция қысымына байланысты наразылықты көлік ішінде өткізуге мәжбүр болған.
  • Наразылар бұған дейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, жалпы сомасы төрт миллион теңгеге дейін айыппұл төлеген. 15 күнге қамалған кездері де болды.
  • Бір жылдан астам уақытқа созылған акциялар кезінде Қытай консулдығынан наразылар алдына ешкім шықпады. Жергілікті полиция наразы топты консулдық маңына жібермей, аумақты көлікпен бақылап келеді.
  • Былтыр наурыз айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
  • Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG