Accessibility links

Өскеменде Қаңтар оқиғасынан соң ұсталғандар аштықты тоқтатты


Шығыс Қазақстан облысында Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған 16 адам бір күн бұрын бастаған аштықты тоқтатты. Бұл туралы Азаттыққа күдіктілердің бірінің анасы хабарлады.

Оның сөзінше, қамауда отырғандар изоляторға прокуратура өкілдері келген соң аштықты доғарған.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ОВ-156/1 мекемесі кеше, 7 сәуірде "күдіктілердің аштық жариялағаны жайлы ақпарат жоқ" деген еді, ал бүгін, 8 сәуірде "тергеліп жатқандар қайта тамақ іше бастады" деді.

— Кеше олар тамақ ішуден бас тартқан еді, бүгін тамақтанды. Прокуратураға шағым түсірген соң прокурорлар келді де олар қайта тамақ іше бастады. Қазір кешкі астарын ішіп жатыр, - деді мекеме қызметкерінің бірі.

Күдікті Нұрсұлтан Сұлтановтың анасы Назира Жылқышынова прокуратура қамаудағыларды ұстау жағдайымен танысып кеткенін айтады.

16 күдікті қамау мерзімін бір айға созғанға қарсы шығып, 7 сәуірде аштық жариялаған еді. Олар үйқамаққа жіберуді я ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуды талап еткен.

Қаңтардағы оқиға Жаңаөзендегі сұйытылған газ бағасының қымбаттауынан басталып, соңы тәртіпсіздікке ұласқан еді. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында кемі 230 адам қаза болды, тағы 8 адам түрмеде көз жұмды.

Қаңтар оқиғасынан соң елде мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам қамауға алынды. Оларға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару ұрлау", "тонау" айыптары тағылды. Қамалғандардың көбі түрмеде азаптағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG