Accessibility links

Асқар Қайырбектің жақтастары Бас прокуратураға белсендіні босатуды талап етіп, хат тапсырды


Белсенділер Бас прокуратура алдында. Нұр-Сұлтан, 14 сәуір 2022 жыл.
Белсенділер Бас прокуратура алдында. Нұр-Сұлтан, 14 сәуір 2022 жыл.

14 сәуірде Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді Бас прокуратураны "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" былтыр екі жыл екі айға қамалған Асқар Қайырбекті босатуға үндеп, хат тапсырды.

Қайырбектің ондаған жақтасы бейсенбі күні Бас прокуратура алдына жиналды. Солардың бірі Жанат Нұрқышев Азатыққа Қайырбек ісінде заңбұзушылықтар болуы ықтимал екенін айтты.

— Біз Асқар Қайырбектің құжаттарымен таныса келіп оны мерзімінен бұрын шығармау үшін жасалған бірнеше қызметтік қылмысты анықтадық. Осыған байланысты оны қамауға алған полицияның аға жедел өкілін, колонияның бастығы мен бас бухгалтерін жауапкершілікке “қызмет бабында жалған құжат жасау” бабы бойынша жауапқа тартуды талап етеміз. Әділетсіз сот шешімдерін шығарған судьяларға да қатысты арыз жолдадық, - дейді ол.

Жанат Нұрқышев прокуратурадан Асқар Қайырбектің жазасын жеңіл жазаға ауыстыру туралы шағымы сотқа түскенін естігенін айтады. Оның сөзінше, Асқар Қайырбек түрмеге жаңа түскен тұста соққыға жығылған. Ол туралы жазған арыздан соң абақтыда қызметтік зерттеу жасалып, “дәлелденбегендіктен” іс жабылып қалған. Белсенді “азаптау” ісінде мерзімге шектеу жоғын еске алып, қайта зерттеуді талап ететіндерін айтады.

Прокуратураға келген азаматтық белсенді Ербол Есхожин де Асқар Қайырбекпен түрмеде аз уақыт қатар отырғанын айтып, оның көрші камерадан өзін жәбірлемеу туралы айтқан дауысын естігенін еске алды.

- Асқардың камерасы маған қарсы болды. Бір күні қаңтардың басында “ұрмаңдар мені, неге ұрып жатырсыңдар, неге маған қол көтерсіңдер, мен айтпаймын олай” деген дауысын естідім. Есіктері жұқа ғой даусы естіліп жатты, - дейді Ербол Есхожин.

Есхожиннің өзі де дәл осындай “экстремистік ұйымның жұмысына қатысты, ұйымдастырды” деген айыппен 2 жыл 6 айға қамалған. Оның жазасын жеңілдету туралы арызы биыл сотта қаралып, 6 қаңтарда бостандыққа шыққан. Есхожиннің жазасының қалған бөлігі сот шешімімен бас бостандығын шектеуге ауыстырылған.

45 жастағы Асқар Қайырбек Нұр-Сұлтандағы наразылық акцияларына қатысып, Жер сатпауды, адам құқығының сақталуын, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен белсенді. Сол үшін бірнеше рет 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.

Асқар Қайырбек 2020 жылы қыркүйекте ұсталып, былтыр маусымда бір жарым жылға сотталды. Сот үкімі бойынша ол бес жыл қоғамдық-саяси жұмыспен де айналыса алмайды. Оны "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына (қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған ұйымды Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған ) қатысы бар деп айыптаған.

Былтыр 2 қыркүйектегі сот қаулысынан соң Асқар Қайырбекке тағы да 6 ай түрме жазасы қосылды.

Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтан билік сыншыларының үнін тұншықтыру үшін "экстремизммен күрес" бабын асыра пайдаланады деп мәлімдеген. Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін 405-бап бойынша сотталған белсенділердің шешімдерін қайта қарауды ұсынған. Бұл ұйымның мәлімдемесінде Асқар Қайырбектің де аты аталады. Құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен белсенділерді дереу босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG