Accessibility links

"Тоқаев, зарымызға құлақ сал!" Құлсарыда экология мәселесіне арналған рұқсат етілген митинг өтті 


Атырау облысы Жылой ауданындағы экологиялық қауіпсіздікті талап еткен митинг. Наразылар ТШО компаниясы ауаны ластап отыр дейді. Атырау облысы, 16 сәуір 2022 жыл.
Атырау облысы Жылой ауданындағы экологиялық қауіпсіздікті талап еткен митинг. Наразылар ТШО компаниясы ауаны ластап отыр дейді. Атырау облысы, 16 сәуір 2022 жыл.

16 сәуірде Атырау облысының Құлсары қаласында аймақтың экология проблемаларына арналған митинг өтті.

Митингіге жергілікті билік рұқсат берген. Оны ұйымдастырушылар алдын ала берген өтінішінде “500- ге дейін адам қатысады” деп көрсеткенімен сенбі күні митингіге отыз шақты адам келді. Олар қолдарына “Теңізшевройл, халықтың үніне құлақ сал”, “Ұрпаққа таза ауа, жарқын болашақ”, “ТШО, Жылыой халқын улама! ТШО, табиғатты аяла!”, “Әлем назарыңды Жылыойға аудар!”, “Жаңа Қазақстан Жылыойдан басталады!”, “Жылыой экологиясы халық үшін маңызды!”, “Тоқаев мырза, Жылыой зарын тыңдаңыз!” деген сөздер жазылған плакаттар ұстап тұрды.

Митинг өтіп жатқан Құлсары қаласының орталығындағы сахна маңы темір шарбақпен қоршалды.

Өзін “Байтақ-Болашақ” экологиялық альянсының мүшесі ретінде таныстырған Раиса Телеубаева митингіде Жылыой ауданының экологиялық, әлеуметтік мәселесіне назар аударуға шақырды.

– Үйлерді қараңызшы, көбі 1957 жылы салынған үйлер. Жылыой ауданы онкологиялық аурудан бірінші орында тұр, тіпті Қазақстан бойынша. Аномалиялық белгілермен туып жатқан бала көп. Бұрын жайқалып тұратын қызғалдақтарымызды көрмейміз. Жусан да жоқ. Малдар қырылып жатыр. Осының бәрі экологиялық жағдайға байланысты,- деді ол.

Атырау облысы Жылой ауданындағы экологиялық қауіпсіздікті талап еткен митинг. Атырау облысы, 16 сәуір 2022 жыл.
Атырау облысы Жылой ауданындағы экологиялық қауіпсіздікті талап еткен митинг. Атырау облысы, 16 сәуір 2022 жыл.

Раиса Телеубаева аймақтағы ең ірі мұнай өндіруші америкалық “Теңізшевройлдың” осы жерден қазба байлықты игеріп жатқанын айтып, компанияны халықпен санаспайды деп кінәлады. Ол компания басшылығымен кездесуде неге ТШО кеңесі құрамында жергілікті тұрғындар өкілі жоқтығы туралы сұрағанын, оған ешкім жауап бермегенін айтты.

Ұйымдастырушылардың бірі Азаттыққа ауданның проблемасын айтқысы келіп оқталғандардың көп болғанын, бірақ аудан әкімдігі оларға “болмайды, тек арызда көрсетілген адамдар ғана сөйлейді” деп рұқсат бермегенін айтты.

Митинг жергілікті уақыт бойынша сағат 10-12 аралығында Құлсарының орталық сахнасында өтеді деп белгіленген. Қатысушылар полиция өкілдерінің өздерін бақылап тұрғанын айтты.

Құлсары қаласы - Атырау облысы Жылыой ауданының әкімшілік орталығы. Құлсарыдан облыс орталығы Атырау қаласына дейін 220 шақырымды құрайды.

Жылыой - Қазақстандағы ең ірі мұнай өндіруші аудан. Мұнда Теңіз, Құлсары, Прорва, Королев, Сарықамыс, Қаратон, Ақінген, Қырықмылтық және Каспийдегі Шығыс Қашаған кеніштері орналасқан.

Аудандағы ең ірі мұнай өндіруші ТШО біріккен кәсіпорны 1993 жылдан бері жұмыс істейді. "Теңізшевройл" мұнай өңдеу концерніне Chevron (50 % акция), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), қазақстандық "ҚазМұнайГаз" (20%) және LUKArco (5%) компаниясы кіреді. ТШО жоспарына сәйкес, кәсіпорын 2033 жылдың сәуіріне қарай 750 миллион тоннадан 1,1 миллиард тоннаға (6-9 млрд баррель) дейін мұнай өндіруі тиіс. Жылыой ауданында сонымен бірге “Ембімұнайгаз” акционерлік қоғамы да мұнай өндірумен айналысады.

Аймақтағы мұнай-газ өндіруші компаниялар мұнайды игере бастағаннан бері аудандағы Сарықамыс, Қаратон ауылдары экологиялық ахуалдың салдарынан Атырау мен Құлсары қалаларына көшірілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG