Accessibility links

Атырау жұртшылығы бір аптадан бері ауадағы жағымсыз иістің кетпегеніне алаңдаулы. Мұны қала аумағындағы мұнай және газ өңдеу зауытынан көрген жұрт ауаның ластануын анықтайтын құрылғы сатып алу үшін ақша жинауға кірісті.

Атырау қаласының тұрғындары соңғы бес күн бойы ауадағы сасық иістен тыныс алу мүмкін болмай қалғанын айтып дабыл қағып жатыр. Тамыздың 19-ы мен 22-сі аралығында тұрғындар арызы бойынша аймақтағы экологиялық инспекторлармен бірігіп қаланың өндіріс аймақтарына тексеру жасаған «Қазгидромет» мекемесі «ауада анықталған көмірсутектері концентарциясы (ПДК СН-5 мг/м3) белгіленген мөлшерден аспайтынын» көрсеткенін мәлімдеген. Бұған наразы болған тұрғындар «иістің Атырау мұнай өңдеу зауытынан (АМӨЗ) таралып жатқаны» туралы облыстық экология департаменті мен табиғат қорғау прокуратурасына шағымданған.

ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМЫ

Атырау қаласы тұрғындарының бірі, Facebook әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы Арман Хайруллиннің Азаттыққа айтуынша, қаладағы ауаның ластануы тамыздың басынан бері жалғасып келеді.

– Күні кеше отбасыммен бірге АМӨЗ-дің қасынан көлікпен өтіп едім. Қатты тұншығып, дем ала ала алмай қалдық. Газды басып, жылдам өтіп кетуге тырыстық, – дейді ол.

Арман Хайруллин Атыраудағы ауаның бұзылуы бұған дейін де байқалып келгенімен дәл осы жолғыдай өткір сезілмегенін айтады.

– Біз «Атырауға таза ауа» деген қоғамдық қор құрмақшымыз. Оған біраз уақыт кетеді. Халық қазірдің өзінде ақша жинап жатыр. Себебі Атырау қазір концлагерьдің ішінде отыр деуге болады, – дейді ол.

Арман Хайруллин атты Facebook қолданушысының парағындағы Атырау қаласындағы иіс туралы жазба. 2017 жылдың тамызы.
Арман Хайруллин атты Facebook қолданушысының парағындағы Атырау қаласындағы иіс туралы жазба. 2017 жылдың тамызы.

Арман Хайруллин тамыздың 23-і күні әлеуметтік желіде өзінің облыстық экология департаментіне барып ауадағы лас қалдықтарға қатысты жасалған түнгі зерттеу нәтижесін сұрағанда «қалыпты мөлшерден аспағаны» туралы жауап алғанын да жазған еді.«Түске қарай қала орталығында сасық ауа тарай бастады. Хабарласып едім, бригаданың тексеріп жатқаны туралы жауап алдым. Қазір білсем тағы да «көрсеткіштер қалыпты» дейді. Бұл қалай болғаны? Мазақ қылып отырсыңдар ма? Бүкіл қала аллергиядан не істерін білмей жүр» деп жазады ол.

Арман Хайруллин Facebook-тегі осы постында өзіне Әділет есімді жас инженердің тұрғындар көмегімен газ құрамын анықтау құрылғысын сатып алуды ұсынғанын, әзірге тапқан құрылғылары немістікі болғанымен Ресейде сертификациядан өткенін, Қазақстанда тіркелгенін, Мәскеу нарығындағы бағасы 8 мың еуро екенін анықтағанын да баяндаған. Ол қала тұрғындарын ауаның сапасын департамент пен әкімдікке тәуелсіз түрде анықтайтын топ құруға шақырған.

Көшеде жүрген Атырау тұрғындары. (Көрнекі сурет)
Көшеде жүрген Атырау тұрғындары. (Көрнекі сурет)

«Біз немен тыныс алып жатқанымызды білуіміз керек. Әрбіріміздің өміріміз мен денсаулығымыз бұдан да қымбат!» деп жазады Арман Хайруллин.

«ИІС БІЗДЕН ЕМЕС»

Тұрғындар тарапынан «ауаға жағымсыз иіс таратып жатыр» деген күдікке ілінген, өткен ғасырдың ортасында салынған АМӨЗ-де тамыздың 18-cінен бері күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осыны айтқан зауыттың баспасөз хатшысы Азат Саркенов өндіріс аумағының периметрі бойынша бес ауа зерттегіш құрылғысы бар екенін сөз етті.

– Бізді өткен дүйсенбіде ғана тексеріп кетті. Бәрі қалыпты. Күкірт қышқылы да, көмірсутегі де белгіленген мөлшерден әлдеқайда төмен. Бізде ешқандай иіс жоқ. Оның қайдан шығып жатқанын түсінбеймін, – дейді ол.

Азат Саркеновтің айтуынша зауыт жаңғыртудың үшінші кезеңін аяқтап жатыр. «Советтік кезеңдегі жабдықтар 90 пайыз жаңғырды. Факелдер территориядан алыста жанады. Иіс бізден емес, оның үстіне біз бір аптадан бері тоқтап тұрмыз» дейді ол.

Атырау мұнай өңдеу зауыты. (Көрнекі сурет)
Атырау мұнай өңдеу зауыты. (Көрнекі сурет)

Бірақ зауыт өкілінің сөзімен Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов келіспейді.

– Ауадағы сасық иістің АМӨЗ-ден тарап жатқанына 100 пайыз сенімдіміз. Онда жөндеу жүріп жатыр, резервуарларын ашып жатыр. Оның үстіне соңғы бес күн бойы жел зауыт жақтан, яғни оңтүстік пен оңтүстік-шығыстан соғып тұр. Бүгін тағы рейдке шығамыз, нақты дәлел табатынымызға сенімдімін, – дейді ол.

Қабижан Қапанов өз департаменті «Қазгидрометпен» бірігіп АМӨЗ-ді, «Петро Экспорт» пен «ОргСинтез» компанияларын тексергенін айтады.

– Кейін анықтағанымыздай бұл мекемелер жұмыс істемей тоқтап тұр. Сондықтан оларды араластырмай, АМӨЗ-ді тексеріп жатырмыз. Кеше түнде де рейдке шықтық, исі болғанымен тексергіш прибор әзірге оның қалыпты деңгейден аспағанын көрсетті, – дейді Атырау облыстық экология департаментінің басшысы.

РЕСЕЙГЕ ТӘУЕЛДІЛІК

Аймақтың экологиялық ахуалына бақылау жасайтын департаменттің қолында тіпті өндірістік қалдықтардың ауаға таралу деңгейін анықтайтын құрал (газанализатор) да жоқ. Қабижан Қапановтың айтуынша, мекеменің құрал жабдықтары толықтай ескірген. Ол өндірістік қалдықтардың таралуын анықтайтын құрылғыларды сатып ала алмай отырғандарының бір себебі – басты жеткізуші Ресейдің прибор бағасын ай сайын қымбаттатуы екенін айтады.

– Қазақстан Еуразия экономикалық одағының құрамында болғандықтан біз қажетті тауарларды осы одақ мүшелерінің бірі шығарса, тек содан алуымыз керек. Импорттарды алуға болмайды. Ал газ анықтайтын приборларды шығаруда Ресей монополист болып отыр, – дейді Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов.

Мәскеуде өткен Еуразия экономика одағының саммитінде жүрген мемлекет басшылары. (Көрнекі сурет)
Мәскеуде өткен Еуразия экономика одағының саммитінде жүрген мемлекет басшылары. (Көрнекі сурет)

Оның айтуынша, бұл жағдай Ресей шығаратын басқа техникаларға да қатысты.

– Ресей приборлардың құнын ай сайын 15-20 пайызға көтереді. Мәселен, алдыңғы жылы Оралда жұмыс істеген кезімде бір газанализаторларды 1 миллион 600 теңгеге сатып алдық. Былтыр тапсырыс бергенде газанализаторлардың құны 2,5 миллион теңге болып кеткенін білдік. Енді тапсырыс берейік деген кезде зауыт бағасы 4 миллион теңге болды. Биылғы мамырда ол тағы көтеріліп, 4,5 миллион теңгеге жетті, –дейді Қабижан Қапанов.

Оның айтуынша, ресейлік приборлар бағасы сапасы мен дәлдігі әлдеқайда жоғары германиялық аспаптардан да қымбат болып, сапасы жоғары неміс приборлары арманға айналған. Қабижан Қапанов бұл сөзіне мысал ретінде жылжымалы зертхананың жайын да қосты. Ол зертхананың нарықтағы бағасы шамамен 20-25 миллион теңгеден аспаса да, ресейлік жеткізіп берушілер былтыр оның бағасын 47 миллион теңге деп мәлімдеген.

Мәселен, алдыңғы жылы... газанализаторларды 1 миллион 600 теңгеге алдық. Былтыр газанализаторлардың құны 2,5 миллион теңге болып кеткенін білдік. Енді тапсырыс берейік дегенде зауыт бағасы 4 миллион теңге болды. Биыл тағы көтеріліп, 4,5 миллион теңгеге жетті.

– Ал біз тапсырыс бергенде оның бағасы 70 миллион теңге екені туралы мәлімет алдық, – дейді «Ресей қазір бәрінің қожайыны болып отырғанын» айтқан Қабижан Қапанов.

Ол биыл республикалық бюджеттен 13 миллион теңге және облыс әкімдігі тарапынан 120 миллион теңге қаражат бөлінгенін айтады. Атырау облыстық экология департаментінің басшысы «Оған судың құрамын анықтайтын жеті прибор, департаменттің бүкіл оргтехникасы, өндіріс қалдықтарының таралу деңгейін анықтайтын приборларды алуға болады» дейді.

Атырау облысы территориясында мұнай және газ өндірумен айналысатын 12 ірі кәсіпорын бар. Қалада АМӨЗ-ден өзге «Казгидрметке» тиесілі - үш, North Caspian Operating Company (NСОС) компаниясына тиесілі тоғыз ауа тазалығын бақылау станциясы жұмыс істейді. Оның соңғысы хакерлік шабуылдардың салдарынан істен шыққан.

Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, облыстағы мұнай-газ секторындағы өндіріс ошақтары жыл сайын ауаға 158 мың тонна өндіріс қалдықтарын таратады. Аймақтағы тағы бір маңызды проблема – ілеспе газдың факелдерде жануы. «Теңізшевройл», NCOC, «Манаш Петролеум», «Ембімұнайгаз» компаниялары өз қажеттіліктерінен өзге ілеспе газды факелде жағады. Бұл мекемелер тек 2016 жылы ғана жалпы көлемі 189 миллон текше метр ілеспе газ жаққан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG