Accessibility links

Теңіз кенішінде не болды?


Теңіздегі жанжал. Видеодан алынған скриншот.
Теңіздегі жанжал. Видеодан алынған скриншот.

Маусымның 29-ы күні Теңіз кенішінде болған жанжалдан ресми дерек бойынша 40-қа жуық адам зардап шеккен. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда жилет пен каска киген бір топ жұмысшы басқа жұмысшыларды тепкілеп, соғып жатқаны көрінеді. Теңіз кенішінде жұмыс істеп жатқан "Теңізшевройл" компаниясы (ТШО) жанжалды "жеке адамдар арасындағы төбелес" деп атаса, Атырау облысы әкімдігі оқиғаны "тұрмыстық жанжал" деді.

Маусымның 29-ы күні Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз кентінде "Теңізшевройлдың" мердігері Consolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) компаниясының жұмысшылары арасында жанжал шықты. "Теңізшевройл" компаниясы (ТШО) төбелестен 40-тан астам адамның "аздап жарақаттанғанын" мәлімдеді. Ал әлеуметтік желіде тараған видеоларда ССЕР деген жазуы бар жилет киген жұмысшылар басқа бір жұмысшыларды тепкілеп, қолына түскен заттармен ұрып жатқаны көрінеді. Қатты таяқ жеген кейбір жұмысшылар жерде жатқан. Кейбірінің қолдары, беттері қанаған.

Шілденің 1-і күні ТШО Теңіз кенішін кеңейту үшін салынып жатқан зауыт құрылысы уақытша тоқтағанын, "құрылыс жұмысы жақында қайта жалғасатынын" айтты. Осы күні Ливан және Иордания билігі Теңіздегі жағдайға қатысты пікір білдірді.

Иордания ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Суфтян Куда Twitter парақшасында Иорданияның Қазақстандағы елшісі Юсуф Абельгани аймаққа барып, Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездескенін айтты.

Куданың сөзінше, әкім мен компания өкілдері "төбелеске кінәлілер жазаланып, зардап шеккендердің құқығы қорғалатынын айтқан".

Иордания сыртқы істер министрлігі Қазақстаннан қайтқысы келетін азаматтарына жол шығындарын көтеруге көмектесетінін мәлімдеген.

Иордания сыртқы істер министрі Айман Сафади Twitter парақшасында Теңізден эвакуацияланған жұмысшылардың суретін жариялап, "бәрі аман" деп жазды.

Ливанның Қазақстандағы елшісі Жискар әл-Кури ливандық басылымдарға Теңізден ондаған азамат эвакуацияланғанын айтты.

ТШО шетелдік жұмысшылардың эвакуацияланғанын жоққа шығарды. Компания өкілі Ырзабек Атырғалиев Атырауда өткен брифингіде ССЕР-те сегіз мың адам жұмыс істейтінін, 600 адам шетел азаматы екенін айтты.

Маусымның 29-ы күні Теңіздегі жанжалдың видеолары желіде тараған соң жергілікті билік бірден реакция танытты. Атырау облысы әкімдігі, ішкі істер министрлігі және ТШО мәлімдеме таратты. Барлығы Теңіздегі жағдайдың "тынышталғанын" айтып сендірді.

Атырау облысы әкімдігі басында жанжалға WhatsApp мессенджерінде тараған сурет түрткі болғанын айтқан. Суретте компанияда жұмыс істейтін Ливия азаматы қолына рация ұстап, оның ұшын жанында тұрған жергілікті жұмысшы қызға бағыттап тұрған. Жергілікті жұмысшылар "сурет - қыздың ар-намысын таптау" деп есептеген.

Кейін Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев "Теңізшевройл" компаниясы жетекшілерімен өткен жиналыста "жергілікті және шетелдік жұмысшыларға жасалған жағдай әртүрлі болғандықтан жанжал шыққан. Бұл мәселені ТШО басшылығы жүйелі түрде шешуі тиіс" деген. Әкімнің сөзін де Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратты.

Маусымның 29-ы күні түстен кейін наразылыққа шыққан жұмысшылармен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов кездескен. Жиында "жанжалды ушықтырмауды сұрап, кеніштегі жұмыс мәселелерін" талқыланған.

Әкімдік өкілі оқиғаға байланысты ведомствоаралық комиссия құрылғанын хабарлады. Комиссияға "Теңізшевройл" мен оған қарайтын мердігер мекеме Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore өкілдері кіргені айтылды.

Азаттық тілшісі сөйлескен аты-жөнін айтпаған жұмысшылардың бірі "жұмысшылардың көптен бері жұмыстағы [жергілікті және шетел жұмысшылары арасындағы] теңсіздікке байланысты ызаланып жүргенін", "WhatsApp-тағы суреттен кейін шыдамай наразылыққа шыққанын" айтқан.

"Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, "Теңізшевройл" бас директоры Имер Боннер компаниядағы мәселені шешуге уәде берген.

Теңіз кенішінің жұмысшылары бұған дейін де наразылыққа шыққан. Әр жылдары ТШО мердігерлерінің жұмысшылары жалақы өсіруді, жақсы жағдай жасауды талап еткен. Биыл қаңтар-ақпанда "Кентек Қазақстан Техникал Сервисез" және "Cаренс — Қазақстан" жұмысшылары басшылыққа осындай талап қойып, наразылыққа шыққан. 2006-2008 жылдары Теңізде жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасында жанжал шығып, бірнеше шетелдік жұмысшы елдеріне қайтқан.

Теңіз кеніші Құлсарыдан - 120 шақырым, Атыраудан 340 шақырым жерде орналасқан.

"Теңізшевройл" Қазақстанда 1993 жылдан бері істейді. "Теңізшевройл" мұнай өңдеу концерніне Chevron (50 % акция), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), қазақстандық "ҚазМұнайГаз" (20%) және LUKArco (5%) компаниясы кіреді.

Ашық ақпараттардағы дерек бойынша, Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore электр құрылғыларын орнатумен айналысады. Бас офисі Абу-Дабиде (БАӘ) орналасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG