Accessibility links

Агенттік Қаңтар оқиғасынан соң банк шоты бұғатталған белсендінің шағымына жауап берді


Белсенді Серік Тілеубаев.
Белсенді Серік Тілеубаев.

Қаржы мониторинг агенттігі Азаттыққа банктегі шоты бұғатталған жаңаөзендік азаматтық белсенді Серік Тілеубаевтың "терроризмді қаржыландыруға қатысы бар адамдар тізімінде" жоғын мәлімдеді. Белсенді қызметін пайдаланатын жалғыз банк Kaspi өкілі де шоттың бұғатталу себебін білмейтінін айтып, тексеруге уәде берді. Қаңтар басында Жаңаөзендегі наразылық кезінде "митингіге қатысатындарға ас-су алу үшін" көптің өтінішімен картасына ақша жинаған белсенді банктегі шотының бұғатталғанын, осы аптада өзін полицияға шақырғанын хабарлаған еді.

22 сәуірде Қаржы мониторинг агенттігі Азаттыққа Серік Тілеубаевтың терроризмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар тізімінде жоғын хабарлады. “Сәйкесінше оның шоттарын бұғаттау бойынша шара қолданылмады” делінген агенттік мәлімдемесінде.

42 жастағы Серік Тілеубаев - Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы 2-9 қаңтарда өткен митинг лидерлерінің бірі. Ол митингіден соң картасы мен шоты бар Kaspi банкінде қиындықтар туындағанын айтқан еді. Оны 21 сәуірде Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына шақырып "тергеген".

– Жұмыс беруді талап етіп, екі ай алаңда тұрған Қанат есімді жігітті танисың ба деп сұрады. Шамамен бір сағаттай полиция кеңсесінде болдым. Әдейі психологиялық шабуыл ма, білмедім, - деді ол жұма күні Азаттыққа.

Азаттық тілшісі Kaspi банкіне де Тілеубаевтың шотына қатысты сұрау салған еді. Банк өкілдігі онымен келісімнің үзілу себебін анықтап, хабарлайтынын айтты.

Серік Тілеубаев бұған дейін Kaspi банктен “қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың 13-бабына ("Ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен операцияларды жүргiзуден бас тарту және оларды тоқтата тұру") сәйкес өзімен тұтынушы ретінде келісім-шарттың тоқтайтыны хабарланған хат алған.

Азаматтық белсенді мұның бәрін өзінің белсенділігімен, билікті жиі сынайтын ұстанымы мен Жаңаөзеннің әлеуметтік жағдайы туралы жиі видео түсіретін блогерлігімен байланыстырған.

Жалақыны көбейтіп, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен Жаңаөзендегі түрлі компания жұмысшыларының ереуілдері мен тұрақты жұмыс орындарын ашуды талап еткен жергілікті тұрғындардың екі айға созылған наразылығы тұсында Серік Тілеубаев “Ел білсін” деп аталатын жеке Youtube арна ашқан болатын.

Қаңтар митингісінен соң Жаңаөзенде полицияға басқа белсенділер де шақырылған. 13 ақпанда Жаңаөзенде азаматтық белсенді Жадыра Досекееваны да қалалық полиция басқармасына алып кетіп, екі сағаттай уақыт ұстап босатқан. Жаңаөзен қаласы прокуратурасы оны "Әблязов пен ол құрған ҚДТ-ны қолдап, заңсыз митингіге шақырды" деп кінәлаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG