Accessibility links

Шымкентте ата-аналар мен жаттықтырушылар спорт ғимаратын сүруге қарсылық білдірді


Спорт мектебінің ат қорасы мен манежін сүруге қарсы ата-аналар мен жаттықтырушылар. Шымкент, 22 сәуір 2022 жыл.
Спорт мектебінің ат қорасы мен манежін сүруге қарсы ата-аналар мен жаттықтырушылар. Шымкент, 22 сәуір 2022 жыл.

22 сәуір күні Шымкентте ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт мектебінде жаттығатын спортшылардың ата-аналары мен жаттығушылары мектептің жабық манежі мен ат қорасын қала сыртына көшіруге, орнына тұрғын үй кешенін салуға қарсылық білдірді. Ғимараттың жанындағы ескі ипподром аумағына тұрғын үй салып жатқан BI Group құрылыс компаниясының өкілі жаңа манеж бен атқора салып бітпейінше ескісін сүрмейміз деп сендіреді.

Қала тұрғыны Елена Бақаеваның 16 жастағы қызы - ат спорты мектебінің тәрбиеленушісі. 5 жылдан бері ат спортымен жаттығатын ол Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі. Бақаева мектептің ат қорасы мен манежін сүріп, қала сыртына көшіруге қарсы.

- Ат қора мен жабық манеждің қоршауын бұзды. Енді ат қораны бұзбақ. Орнына жаңа ипподром аумағынан жаңасын салып береміз дейді. Ол жаққа бардық. Түк бітірмеген. Атқора мен манежсіз жаттығу мүмкін емес, - дейді ол.

Ат спортынан аға жаттықтырушы Екатерина Орловская сүруге жатқызылған ат қора мен жабық манежде Қазақстанның ұлттық құрамасына кіретін спортшылар жаттығатынын растайды. Оның айтуынша, бір апта бұрын спортшылар жаттығатын аймаққа құрылыс материалдары мен жүк көліктері қойылған. Бұл спортшылар үшін қауіпті.

- Менің тобымда 10-18 жас аралығындағы 25 спортшы бар. Мектепте 40-тан аса жаттықтырушы жұмыс істейді. Қала сыртында салынып жатқан ипподром аумағына көшіргенімен спортшыларға ол жаққа жетудің өзі мұң, ыңғайсыз. Бірде-бір қоғамдық көлік жүрмейді, - дейді ол.

Ата-аналар мен жаттықтырушылар қала әкімдігіне, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына шағым түсіргенімен жауап ала алмаған.

Құрылыс компаниясының өкілі Айдын Жәкежановтың айтуынша, BI Group құрылыс компаниясы мектептің ат қорасы мен жабық манежі тұрған жерді сатып алған. Мұның орнына қаланың шетінде орналасқан Бозарық ықшамауданынан салынып жатқан ипподром аумағында ат қора мен манеж салу жоспарланған. Ипподром құрылысы күзде аяқталады деп жоспарланған.

- Жаңадан салынып жатқан ипподромда жабық манеж бен ат қора бітпейінше ескісін сүрмейміз, - дейді ол.

Қалалық ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт мектебінің ат қорасы мен манежі орналасқан аймаққа құрылыс компаниясы "Grand Park" тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған.

2021 жылдың қаңтар айында Шымкенттегі ескі ипподром мен оның айналасына тұрғын үй кешені салынатыны мәлім болған. Мұны естіген белсенділер ипподром орнын көгалдандыруды, демалыс аймағын жасауды сұрап, құрылысқа қарсы шыққан. Талқыға түскен соң көп өтпей әкімдік қоғамдық тыңдау өткізді. Ақыры аумағы 36 гектар ипподром мен оның айналысындағы жер құрылыс компаниясына берілген.

Қарай отырыңыз: Шымкенттегі ипподром дауы Нұр-Сұлтанға жетті. Белсенділер Тоқаевқа хат тапсырды (Ақпан 2021 жыл).

Шымкенттегі ипподром дауы Нұр-Сұлтанға жетті. Белсенділер Тоқаевқа хат тапсырды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Қазақстанда белсенділер мен тұрғындар тығыз құрылыс мәселесін жиі көтереді. Жуырда ғана Алматыда жүзден аса адам тығыз құрылысқа қарсы шыққан. Ол кезде де осы BI Group компаниясының аты аталған. Тұрғындар онсыз да ауасы тар, көлігі көп қалада тұншығып отырғанын, құрылыстың орнына саябақ ашуды талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG