Accessibility links

Алматыда полиция "саяси тұтқындарды" қолдау митингісіне келгендерді күшпен ұстап әкетті


Полицияның белсенділерді ұстау сәті. Алматы, 24 сәуір 2022 жыл. Скриншот.
Полицияның белсенділерді ұстау сәті. Алматы, 24 сәуір 2022 жыл. Скриншот.

Алматыда полиция "саяси тұтқындарды" қолдау митингісіне келгендерді күшпен ұстап әкетті. "Власть" сайтының хабарлауынша, ұсталғандар арасында журналист Данияр Молдабеков те бар.

24 сәуірде күндіз ондаған белсенді Ғылым академиясының алдына жиналып, "саяси тұтқындарды", Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандарды босатуды талап еткен. Арасында белсенді Әйгерім Тілеужан да бар. Ол осыған дейін әкімдікке митинг жөнінде ескерту бергенін айтып, бірақ жазбаша жауап келмегенін хабарлаған. Сенбі күнгі митинг кезінде ол билік "саяси тұтқындарды босатпайынша" апта сайын наразылық өткізе беретінін айтты.

Ал құқық қорғау орган өкілдері шараның "заңсыз" екенін айтып, митингіге келгендерді таратуға тырысты. Белсенділер алаң бойымен шеру жасап жүрмек болған кезде полиция оларды кеттлингке алып жүргізбеді, артынша ұстай бастады.

Orda.kz сайтының хабарлауынша, полиция 12 адамды ұстаған.

Полиция әзірге түсініктеме бермеді.

Сенбі күні Ғылым академиясының алдында шағын жәрмеңке де ұйымдастырылып, жастар жаңбыр астында билеген. Олар "Власть" сайтына өздерінің студенттер екенін, шараға кеше, 23 сәуірде шақырылғанын айтқан. Ақпарат құралдары алаң аумағында белсенділерді ұстап жатқан сәтте студенттердің "ламбада" билеп жатқан видеосын жариялады.

Осыған дейін Әйгерім Тілеужан әкімдік өкілдері оған "24 сәуірде Ғылым академиясының алды бос болмайтынын, шара өтетінін" ауызша хабарлағанын жеткізген.

  • Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғынына қатысты тергеудің жан-жақты, ашық жүргізілмей жатқанын белсенділер мен құқық қорғаушылар, адвокаттар жиі айтып келеді. Нұр-Сұлтан халықаралық дәрежеде зерттеу жүргізу туралы ұсыныстан бас тартқан. Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда түрлі баппен мыңдаған қылмыстық іс қозғалды, жүздеген адам күдікті ретінде қамауға алынды. Бірақ билік қоғам талабына қарамастан Алматыдағы алаңда және өзге қалаларда бейбіт халыққа оқ атқандарға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны-қозғалмағаны жөнінде әлі хабарламады. Әзірге ұсталғандарды азаптау ісі бойынша күштің құрылымның 9 өкілі күдікке ілінгені белгілі.
  • Қазақстанда екі жыл бұрын "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін немесе өтініштің қажетті ережелерді сақтай отырып жазылмағанын алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG