Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұма күні Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында "қазақ тілін дамыту үшін шаралар қабылдау қажеттігін" атап өтіп, бірақ бұл процесс "өзге тілдер мен азаматтарды алалау мақсатында жүзеге асырылмауы тиіс" деді.
"Тарих және этникалық ерекшеліктер тұрғысынан алғанда Қазақстан көптілді мемлекет. Бұл біздің артықшылығымыз. Дегенмен мемлекеттік тіл қазақ тіл екенін есте тұтып, қазақ тілінің мәртебесін нығайту үшін шара қабылдау керек" деді Тоқаев.
Ол жұма күні сессия барысында орыс тілінің де "ерекше орны" туралы айтты.
"Мен өзім Біріккен Ұлттар Ұйымында істегенмін. Мемлекетте ұлттық бірлікті қолдау қаншалықты маңызды екенін білемін. Бұл әсіресе, көп этносты, көп ұлтты мемлекеттерге қатысты. Мемлекеттік тілде керемет сөйлейтін азаматтарымызға құрметпен қараймын және оларды қолдау керек деп санаймын. Тілге қатысты дискриминацияға [жол бермеу керек]. Конституциямыз бұл мәселеге анық жауап береді: мемлекеттік тіл – қазақ тілі, бірақ Конституциямызда орыс тілі де лайықты орынға ие. Сол себепті осыдан бастайық" деді Тоқаев.
Былтырдан бері Ресей саясаткерлері мен ақпарат құралдары Қазақстанның аумақтық тұтастығына, елдегі орыс тілінің ахуалына қатысты қарама-қайшы мәлімдемелер жиі жасап жүр. Кейбіріне Қазақстан билігі реакция білдірген.
Кремльге жақын саясаткерлердің, билікшіл басылымдардың Қазақстандағы тіл мәселесін қозғап, оның егемендігіне шәк келтірген мәлімдемелерінің артында Ресей билігінің өзі тұр деп санайтын сарапшы көп.
ПІКІРЛЕР