Accessibility links

Мәжіліс референдум туралы заңнан экс-президентке қатысты бөлімді алып тастау ұсынысымен келісті


Мәжіліс ғимараты.
Мәжіліс ғимараты.

Мәжіліс республикалық референдум туралы заңнан бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесіне қатысты бөлімді алып тастау ұсынысымен келісті. Мұндай ұсынысты сенат 5 мамыр түске дейін ұсынған.

Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитеттің төрағасы Арман Қожахметовтің айтуынша, сенат республикалық референдум туралы заңның 3-бабы 2-тармағынан "тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – елбасының мәртебесін өзгерту" туралы сөз тіркестерін алып тастауды ұсынған.

Мәжіліс отырысына қатысқан 96 депутаттың барлығы түзетулерді қолдаған.

Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен бейсенбі күні таңертең референдум туралы заңда бірінші президенттің мәртебесін референдумға шығаруға тыйым салатын норма болған, сенат осы пунктіні алып тастауды ұсынған деп айтқан еді.

Сенат ұсынған жобаға сәйкес, республикалық референдум туралы заңның 3-бабы 2-пункті енді референдум кезінде "мемлекет тәуелсіздігі, біртұтастығы және территориялық тұтастығы, оның басқару формасы және тәуелсіз Қазақстанның негізгі принциптері" мәселелерін ғана талқылауға шығаруға тыйым салады. Заң қабылданса, референдумда "елбасының мәртебесі талқыланбайды" деген норма күшін жояды.

Республикалық референдум туралы заңға түзетулерді депутаттар әрі қарай Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өткізе алуы үшін енгізіп отыр.

4 мамырда мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин "Назарбаевтың тарихи рөлі бәріне белгілі, сондықтан оны конституцияға жеке бекітудің қажеті жоқ" деп мәлімдеген.

Сенат депутаты Ләззат Сүлейменнің айтуынша, республикалық референдум туралы заңның 3-бабы 2-тармағына түзету енгізілгеннен кейін Назарбаев туралы мәселе референдумға шығарылмайды.

4 мамырда мәжіліс "Республикалық референдум туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдаған еді. Жобаның мақсаты бюллетеньдерді бірізділікке түсіру деп айтылған.

Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынған еді.

Жалпы алғанда 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. 25 сәуірде Конституцияға түзетулер енгізумен айналысып жатқан жұмыс тобы өздері дайындаған өзгертулерді жариялаған. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған. Арасында бірінші президентке "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" мәртебесін беру туралы ұсыныс та болған. Бұл ұсыныс қоғамда сынға қалып, халық тарапынан қарсылыққа ұшыраған.

Тоқаев әкімшілігі өкілдерінің айтуынша, аталған конституциялық реформалар "мемлекеттің саяси моделін жүйелі түрде трансформациялауға" бағытталған және "билік тармақтары арасындағы қатынасты жетілдіріп, халықтың ел басқару ісіне араласу мүмкіндігін кеңейтуі тиіс, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуі керек". Ал сыншылар Тоқаев ұсынған бастамалар косметикалық сипаттағы өзгерістер екенін және автократ жүйенің сипатын өзгертпейтінін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG