Accessibility links

Тоқаев "Назарбаев дәуірінен арылуға" тырысып жатыр ма? Отбасының шетелдегі байлығы елге қайтарыла ма?


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев. Мамыр айы, 2019 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев. Мамыр айы, 2019 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Тоқаевтың Конституцияға түзету енгізу ұмтылысының астарына үңіліп, бұл шын мәніндегі өзгерістерге бастай ма деген сұраққа жауап іздейді. Сонымен қатар Тоқаев экс-президент Назарбаев жақындарының шетелдегі активтерін қайтару үшін қандай амалдарға баруы мүмкін деген мәселеге үңіледі. Бұдан бөлек Қазақстан тұрғындарының Қытайға қатысты жағымсыз пікірі соңғы бес жылда неліктен күшейе түсті және Украинадағы соғыс Орталық Азиядағы азық-түлік тапшылығына әкеле ме деген мәселелерді талдады.

ТОҚАЕВ НАЗАРБАЕВТАРДЫҢ ШЕТЕЛДЕГІ АКТИВТЕРІН ЕЛГЕ ҚАЙТАРА МА?

Қазақстан үкіметін бұрынғы авторитар басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы мен адамдарынан тазартып жатқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтар отбасы мен оларға жақын олигархтар шетелге шығарған активтерді елге қайтара ала ма? АҚШ-тағы Барнард-колледждің саясаттану профессоры Александр Кули Foreign Affairs басылымында шыққан мақалада осы сұраққа жауап іздейді.

Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев үкіметке шетелге кеткен активтерді елге қайтару жоспарын әзірлеуді тапсырған. Қаржылық аудит жасайтын әлемдік компания – KPMG-дің 2019 жылғы есебіне сәйкес, елдегі байлықтың жартысына 162 қазақстандық иелік етеді, бұл байлық негізінен Женева, Лондон, Нью-Йорк, Париж тәрізді Қазақстан билігінің қолы жетпейтін қалаларда шоғырланған. Александр Кули бұл активтерді іздеп табу қиын, бірқатар логистикалық және заңдық мәселелер тағы бар, сондықтан байлықты қайтару үшін Тоқаев үкіметіне айлар емес, жылдар керек деп есептейді.

«Бұрын билікте болған отбасы мен оның жақтастары заңсыз жолмен тапқан ақшаны шетелде жасыруға ондаған жыл жұмсады. Назарбаевтар кланының офшордағы активитерінің басым бөлігі әлі де жасырын қалып отыр».

Сарапшының топшылауынша, Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев пен Тоқаев арасында белгілі бір келісім жасалды. Оған сәйкес, Назарбаев Тоқаев билігін мойындап, жақындарын саясат пен экономикаға ықпал ететін лауазымдардан алуға келісті, оның өтеуі ретінде оған Қазақстанда зейнетке шығу мүмкіндігі берілген. Бірақ Кули бір қарағанда бейбіт болып көрінетін бұл келісімнің проблемасы бар дейді, себебі «Тоқаев та, қаржы министрлігі де, орталық банк те, бас прокуратура да Назарбаевтардың жаһандық активтерінің нақты көлемін білмейді. Отбасының қаржы империясы ауқымы түбінде ашылатындықтан, бұл мәміленің арты шиеленісіп, тіпті дау-таласқа ұласуы мүмкін».

Мақала авторы Тоқаев елден шығарылған активтерді қайтаруда үкіметтің шетел асқан қуғындағы саяси диссиденттерді қудалау тәжірибесіне сүйенуі ықтимал дейді. Мысалы, үкімет БТА банктің бұрынғы басқарма төрағасы Мұхтар Әблязовтің активтерін қудалау үшін жүздеген миллион доллар жұмсаған. Саясаттанушы үкімет Назарбаевтар активтерінің соңына түсу үшін дәл осындай стратегияны қолданса, оған ондаған заңгер, есепші-криминалист, тергеуші, қоғаммен байланыс маманы тартылып, бұл тым қымбатқа түседі дейді.

Кули Тоқаевтың ұрланған байлықты қайтару науқаны АҚШ пен Ұлыбританияның жемқорлыққа қарсы бастамалары қаншалықты тиімді екенін тексеруге мүмкіндік береді деп есептейді. 2021 жылдың желтоқсанында Байден әкімшілігі жария еткен жемқорлықпен күрес стратегиясы клептократтар мен олар ұрлаған ақшаны заңдастыруға болысатын АҚШ-тағы сыбайластарын қудалауға жол ашты. Зерттеуші АҚШ Назарбаевтардың активтерін қудалайтын болса, бір жағы бұл Вашингтонның жемқорлықпен күрес ұстанымына адал екенін көрсетеді, бірақ екінші жағынан Вашингтон Қазақстан үкіметін қолдаған болып көрінеді, ал Ақ үй қазақ үкіметінің саяси реформаларды іске асыру ұмтылысына толық сенбейді дейді. Кулидің жазуынша, бұл ақшаны Тоқаев үкіметі арнайы шотқа ашық аударып, азаматтық қоғам мен зерттеуші журналистерді қолдауға, мемлекеттік қызметкерлерді оқытуға жұмсайды деген шартпен қайтару керек.

ТОҚАЕВТЫҢ "НАЗАРБАЕВ ДӘУІРІНЕН АРЫЛУДЫ КӨРСЕТУ ҰМТЫЛЫСЫ"

Қазақстан билігі Конституцияға түзету енгізу жаңа демократиялық тәртіп орнатып, екінші республикаға жол ашады дейді. Жақында сайлаушылар Конституцияға түзету енгізу бойынша референдумда дауыс бермек. Eurasianet басылымы бұл шын мәніндегі өзгерістерге бастай ма деген мәселеге үңіледі.

Конституцияның 33 бабына 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. Бұлардың арасынан Тоқаев мемлекет басшысының саяси үстемдігін азайтып, Қазақстанды суперпрезиденттік жүйеден президенттік жүйеге айналдыруды көздейтін өзгерістерге көбірек мән берді.

«Алайда бұл өзгерістер діттеген мақсатқа жеткізе ме дегенге келгенде пікір әрқилы». Тіпті мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Telegram-аккаунтында көпшілікке бұл өзгерістердің мәнін түсіну қиынға соғуы мүмкін екенін айтқан.

Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістерге сәйкес, президент саяси партияға мүше бола алмайды, оның туыстары жоғары лауазымды қызмет атқара алмайды. Сенатқа президент тағайындайтын депутаттар саны 15-тен 10-ға қысқарады. Мәжіліс депутаттары пропорционал және мажоритар жүйе бойынша сайланады.

Алайда әкімдерді тікелей сайлауды талап еткендердің үміті ақталмады. Облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдерін президент тағайындап, қызметінен ала алады. Бір айырмасы, Тоқаев әкім қызметіне кандидаттарды мәслихат қарауына ұсынады.

Қарай отырыңыз: Референдум: Тоқаев ұсынған өзгерістер саяси жүйені өзгерте ала ма? (6 мамыр 2022 жыл).

Референдум: Тоқаев ұсынған өзгерістер саяси жүйені өзгерте ала ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00

Бұдан бөлек адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы енгізіледі, ол мемлекеттік органдар алдында есеп бермейді, олардан толықтай тәуелсіз болмақ.

Құқық қорғаушы, Қазақстандағы халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюро директоры Евгений Жовтис басылымға берген сұхбатында бұл өзгерістердің арқасында елде демократиялық құндылықтар орнайды деген болжамға күмән келтірген. Ол реформаларды түбегейлі өзгерістерге ұмтылыстан гөрі тактикалық саяси қадам деп бағалайды.

«Бұл түбегейлі саяси реформалар емес, бұл басқа саяси мақсат көздейді. Ол – суперпрезиденттік жүйеден, Назарбаев дәуірінен кетуді көрсету және ол процесті Тоқаевтың есімімен байланыстыру мақсаты» дейді Жовтис.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ХАЛҚЫНЫҢ ҚЫТАЙ ЖАЙЛЫ ПІКІРІ НАШАРЛАҒАН

Қытай Орталық Азия елдеріне көп-көрім инвестиция құйып, аймақта ықпалы үстем ойыншыға айналды. Ал 2013 жылы Қытай төрағасы Си Цзиньпин іске қосқан «Бір белдеу – бір жол» бастамасының арқасында Пекиннің әлемдегі саяси және экономикалық ықпалы күшейе түсті. Дегенмен Орталық Азия елдерінің халқы Қытайдың өз елдеріне келуі жайлы не дейді?

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Central Asia Barometer (CAB) зерттеу институтының сауалнамасына тоқталып, Орталық Азия елдері тұрғындарының Қытайға қатысты көзқарасы 2017-2021 жыл аралығында қалай өзгергенін талдайды. CAB Орталық Азия елдерінің әрқайсысында 1000-2000 адамнан 2017-2021 аралығында бірнеше рет сұхбат алған.

2020 жылдың аяғындағы мәліметке сәйес, Қытайдың аймаққа құйған инвестициясы 40 миллиард долларға жеткен. Ал мұндай үлкен инвестиция Орталық Азия халқының Қытай жайлы көзқарасын өзгерте алды ма? CAB зерттеушілері Қытайдың аймаққа құйған инвестициясы артқанымен, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан тұрғындарының Қытайға деген көзқарасы тіпті нашарлай түскен.

"Қытай экспансиясына" қарсы наразылық. Алматы, 27 наурыз 2021 жыл.
"Қытай экспансиясына" қарсы наразылық. Алматы, 27 наурыз 2021 жыл.

Қазақстанда соңғы бес жылда Қытайды «біршама жағымды» деп санайтындар азайды. 2017 жылы респонденттердің 51 пайызы Қытайды «біршама жағымды», 24 пайызы «өте жағымды» десе, 2021 жылдың аяғында бұл көрсеткіш сәйкесінше 30 және 9 пайызға азайды. Зерттеушілер пікірдің бұлай өзгеруіне Шыңжаң өлкесіндегі қазақ, қырғыз, ұйғырлардың қудалануы себеп болуы мүмкін деп топшылайды. 2021 жылдың наурызында Қазақстанның ірі қалаларында Шыңжаңдағы түркітілдес ұлттарды қудалауға қарсы митингілер өткен.

Қытай инвестицияларымен бірге аймаққа сол елдің жұмысшылары да келіп жатыр. Сауалнамадан қазақстандықтардың бұған қарсы екенін байқауға болады. 2018 жылдың аяғында респондеттердің 38 пайызы Қытайдың елдегі энергетика және инфрақұрылым жобаларына қытай жұмысшыларының келуіне қарсы болса, 2021 жылдың аяғында бұл көрсеткіш 53 пайызға өсті.

Зерттеушілер Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан тұрғындарының Қытайға жағымсыз көзқарасы өсе түссе де, Қытайдың Орталық Азиядағы экспансиясы бәсеңдеген жоқ дейді. Сондай-ақ олар Пекин аймаққа инвестиция құя берсе де, Қытайға наразылық күшейіп, ереуіл көбейе береді деп есептейді.

«Қытай аймақта үстемдігін сақтап отыр, соған қарамастан Орталық Азия тұрғындарының Пекинге өшпенділігінің артуы болашақта бұл елдің беделіне әсер ететіндей салдарға әкелуі мүмкін. Ал бұл Иран тәрізді басқа державаларға осы жағдайды пайдаланып, аймақта ықпалын күшейтіп, Қытайға балама болуға мүмкіндік береді».

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАПШЫЛЫҒЫНА ӘКЕЛЕ МЕ?

Ұлыбританияда шығатын Economist басылымы Путиннің Украинадағы соғысы Азия елдерінде аштыққа әкелуі мүмкін екенін жазады. Кез келген қақтығыс егін салу мен астық жинау науқанына теріс әсерін тигізеді.

Украина мен Ресей − ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер. Бұл елдер калориямен есептесек, соғысқа дейін әлемдік ауыл шаруашылығы экспортының 12 пайызын өндірді. Бидай экспортының үштен бірі мен күнбағыс майы экспортының төрттен үші осы елдерге тиесілі. Украинадағы соғыс кесірінен сол елдің фермерлері егін еге алмады. Батыстың Ресейге санкциялары сауда-саттыққа әсер етті. Украина да, Ресей де азық-түлік қорын жинап, экспортты шектеді. Соғыс Ресейдің тыңайтқыш экспортына да теріс әсер етті. Осының салдары әлемнің азық-түлік нарығына кесірін тигізіп отыр.

Мұның зардабын Орталық Азия елдері де тартып отыр. Ресей наурыз айында Еуразия экономика одағына кіретін елдерге бидай экспорттауға тыйым салды, бұл Қазақстанға соққы болып тиді. Қазақстан өзі де астық өндіруші ел болғанымен, ол ішкі нарық үшін Ресей бидайын сатып алатын да, бағасы қымбатырақ өз бидайын көршілерге сататын. Қазақстан үкіметі өткен айда бидайды экспорттауға үш айға тыйым салды. Енді Ресей бидай экспортына шектеу қойған тұста Қазақстанның ұн өндірушілері қор таусылып жатқандықтан, банкротқа ұшырайтынын ескертті.

Бұдан Орталық Азиядағы өзге елдер зардап шегеді, өйткені аймақтағы көрші елдер бидайдың 90 пайызын Қазақстаннан экспорттайды. Мысалы, Өзбекстан сәуір-шілде аралығында Қазақстаннан 100 мың тонна бидай сатып алмақ болды. Түркіменстанда азық-түлік бұрыннан тапшы, былтыр қазанда президент Тоқаев бұл тапшылық мәселесін шешуге уәде еткен. Бірақ енді мәселе керісінше ушығуы мүмкін.

Басылым экспортқа шек қою тәрізді қысқа мерзімді шаралар қымбатшылыққа әкеп, ахуалды ушықтырады дейді. Азық-түлікті жаппай сатып алып, қор жинау да нәтиже бермейді. Мақала авторы Путин соғысы жол ашқан аштықпен күресудің жалғыз амалы – ашық нарық пен мұқтаждарға көмек деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG