Accessibility links

Қытай Орталық Азияда үстемдік орнатуға ұмтылып жатыр


Шанхай ынтымақтастық ұйымы жиынына келген Қытай президенті Си Цзиньпин (ортада), Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта), Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (оң жақта) және басқа да мемлекет басшылары. Бішкек, Қырғызстан, 14 маусым 2019 жыл.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы жиынына келген Қытай президенті Си Цзиньпин (ортада), Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта), Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (оң жақта) және басқа да мемлекет басшылары. Бішкек, Қырғызстан, 14 маусым 2019 жыл.

Раффаэлло Пантуччи мен Александрос Петерсеннің "Синостан" кітабы жарық көрді. Онда авторлар Қытайдың Орталық Азияға ықпалын зерттеген.

Жуырда Қытайдың Орталық Азияға ықпалы жайлы жазылған "Синостан" кітабы жарық көрді. Бұл еңбек он жылға созылған зерттеудің нәтижесі.

2008 жылы Раффаэлло Пантуччи мен Александрос Петерсен Пекиннің Орталық Азияға ықпалын зерттеу үшін сол жаққа барған еді. Ол кезде Қытайдың ықпалы бүгінгідей айқын білінбейтін.

Раффаэлло Пантуччи мен Александрос Петерсеннің "Синостан" кітабының мұқабасы.
Раффаэлло Пантуччи мен Александрос Петерсеннің "Синостан" кітабының мұқабасы.

2001 жылы Пекин Ресей мен Орталық Азиядағы Түркіменстаннан басқа елдер кіретін Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрды. Қытайдың аймаққа ықпалы осыдан басталды.

Кейінгі жылдары Қытай Еуразияға бетбұрысын кеңейтті. Экономикалық қуатының арқасында Пекин Орталық Азияның ең ірі сауда серіктесіне айналды. Қытай осы аймақтың біршама жерінде мұнай-газ құбырларын салды.

2013 жылы Қытай президенті Си Цзиньпин Қазақстан астанасында "Бір белдеу – бір жол" бастамасын жариялады. Миллиардтаған долларға бағаланған инфрақұрылым жобасы Си Цзиньпин үкіметінің сыртқы саясатының негізгі бөлігіне айналды.

Бұл Ұлыбритания мен АҚШ сарапшылары үшін Орталық Азиядағы көп жылға созылған зерттеулердің ақталатынына тағы бір дәлел болды. Әлем елдерінде сарапшылар докторлық еңбек жазып, әртүрлі сараптама орталықтарында зерттеу жүргізіп жатқанда бұл екі автор кейін кітапқа айналатын жобамен айналысты. Бұл еңбек Пекиннің Орталық Азияда қалай империя құрып жатқанын түсіндіреді.

Екі автор аймақтың экономикалық және саяси тұрғыда Қытайға тәуелді болып жатқанын әрі мұны Пекин орталықтандырып, нақты жоспармен жүзеге асырып жатқанын түсінді.

"Осы аймаққа қарап, мұнда Қытайдың ең маңызды ойыншы екенін көре алатынбыз. Осыдан империя идеясы пайда болды, – деді Пантуччи Азаттыққа. – Бірақ Пекинде стратегиялық көзқарасы бар ешкімнің болмағаны да анық байқалды".

2014 жылы жобаның жаңа тынысы ашылып, кітап аяқталуға жақын қалғанда авторлардың бірі қаза тапты. Сол жылы Кабул мейрамханаларының бірінде тәліптер ұйымдастырған жарылыстан жиырма адам мерт болған. Солардың арасында Ауғанстандағы Америка университетінде жаңа қызметке тағайындалған Петерсен де бар еді.

Осы оқиғадан кейін кітап жұмысы тоқтап қалды. Кейін Пантуччи үйленіп, бала сүйіп, жұмыс ауыстырған және басқа зерттеулермен айналысқан. Ал пандемия кезінде қаза тапқан досының құрметіне кітапты қайта қолға алып, аяқтаған.

"Кітапты аяқтағаным керемет болды. Бұл менің оған және өмірімнің бір бөлігін алған тақырыпқа деген құрметім. Өмірімнің бір тарауын аяқтап жатқан сыңайлымын" деді Пантуччи.

Рафаэлло Пантуччи (сол жақта), Сью Энн Тай мен Александрос Петерсеннің (оң жақта) Самарқанда түскен суреті. Өзбекстан, 2011 жыл.
Рафаэлло Пантуччи (сол жақта), Сью Энн Тай мен Александрос Петерсеннің (оң жақта) Самарқанда түскен суреті. Өзбекстан, 2011 жыл.

ЫҚПАЛ ЕТУ ЖӘНЕ НЕМҚҰРАЙЛЫҚ

2014 жылдан бері Орталық Азияда бірқатар оқиға болды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңейді, аймақта Қытай бизнесі кең құлаш жайды, Пекин Тәжікстанда қауіпсіздік бағдарламасын орнатты. Ал "Бір белдеу – бір жол" жобасының кеңеюі Қытайдың аймақтағы күнделікті тірлікке араласуына жол ашты.

Қытай саясаты аймаққа әлі де ықпал етіп жатыр.

2017 жылы Қытайдың батысындағы Шыңжаң өлкесінде репрессия басталып, билік бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды лагерь мен түрмеге қамай бастады. 2021 жылғы тамызда АҚШ әскері Ауғанстаннан кетіп, "Талибанның" билікке келуі де Қытайдың Орталық Азияға ықпал етуінің жаңа тынысын ашқандай болды.

Сол секілді, Пекин мен Мәскеудің қарым-қатынасы да өзгерді. Ақпанда Си Цзиньпин мен Владимир Путин стратегиялық құжат қабылдап, "шексіз әріптестіктің" жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді.

Пантуччи мен Петерсен қандай өзгеріс болып жатса да, Қытайдың Орталық Азияға ықпалы немқұрайлыққа негізделген дейді.

"Экономикалық байланыс, географиялық жақындық, ішкі проблемалар. Мұның бәрі Қытайдың аймақтағы ірі ойынша екенін, бірақ аймақтың ірі проблемаларын шешуге мүдделі емес екенін, оның орнына [Пекиннің] ішкі мәселелерге назар аударатынын білдіреді" деді Пантуччи.

Орталық Азия құрамында болған Шыңжаң Қытай коммунистерінің қолына 1949 жылы өткен. Бұл өлке Пекиннің Орталық Азияға ықпал ету жоспарының ажырамас бөлігіне айналған. Биліктің ислам экстремизмін желеу етіп, лагерь жүйесін ақтап алуға тырысуы да әлем елдерінің назарын аудартып отыр.

Қашғардағы Памир тауында әскери жаттығуда жүрген Қытай сарбаздары. Шыңжаң өлкесі, 4 қаңтар 2021 жыл.
Қашғардағы Памир тауында әскери жаттығуда жүрген Қытай сарбаздары. Шыңжаң өлкесі, 4 қаңтар 2021 жыл.

Қытай саясаткерлері Орталық Азияны қауіпсіздіктің стратегиялық нүктесі ретінде қарастырады. Пекин даму стратегиясында экономикалық жағдайды жақсартып, Шыңжаңды дамытуға назар аударған. Онда да көрші елдермен тұрақты қарым-қатынас жайлы айтылады.

Бұл Орталық Азия елдері үшін қаржылай игілікке айналды. Бұл елдердің ұлттық бюджеті Қытайдың жеке провинцияларынан да аз. "Синостан" кітабында зерттелген "империя" ұғымының негізінде де осы жатыр.

Пантуччи мен Петерсен Орталық Азия Қытайдың зертханасы болғанын, бұл аймақ Қытайдың болашақтағы сыртқы саясаты қандай болатынын, оның проблемаларды қалай шешетінін көрсете алатынын айтады.

Пантуччи Қытай Орталық Азияның экономикалық немесе саяси проблемаларын шешуге аса мүдделі емес дейді.

"Қытай әлемдегі ең ірі экономиканың бірі. Орталық Азиямен көрші болғандықтан, аймаққа ықпал етуі табиғи нәрсе, – дейді ол. – Бірақ Қытай басшылығы бұған басымдық бермейді".

ЖАҢА БИЛІК, ҰҚСАС МҮДДЕ

Бұл динамика аймақтың болашағы жайлы көп сұраққа жетелейді. 24 ақпанда Ресей Украинаға шабуыл жасағаннан кейін бұл сұрақ одан сайын өзекті бола түсті.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ресей Қазақстанға әскер жіберген соң, Мәскеу әлі де Орталық Азия үшін сыртқы қауіпсіздік кепілі болып отырғанын байқатты. Қытай оның орнын басуға ниет білдірген де емес. Бірақ Украинадағы соғыс Қытайдың ықпалын күшейтіп, Ресейдің ықпалын әлсіретуі мүмкін.

Қазақстан мен Өзбекстан секілді Орталық Азия елдері Мәскеудің басқыншылығына, Украинаның тәуелсіздігіне алаңдайтынын мәлімдеді. Батыстың Ресейге салған санкциялары да онымен әріптес болу ниетін төмендетуі мүмкін.

Қытай мен Тәжікстан шекарашыларының екі ел шекарасындағы бірлескен шеруі. 17 қыркүйек 2017 жыл.
Қытай мен Тәжікстан шекарашыларының екі ел шекарасындағы бірлескен шеруі. 17 қыркүйек 2017 жыл.

Бір жағынан, бұл Қытайдың экономикалық және саяси ықпалын күшейтеді. Бірақ бұл жерде мәселе Орталық Азияда тұрақсыздық пайда болған жағдайда Украина Ресей назарын басқа жаққа бұрып, орнына қоя ала ма деген сұрақта жатыр.

"Қытайдың ықпалы қазір тек [арта] береді, – деді Пантуччи. – Бірақ негізгі мүддесі проблема туғанда пайда болады. Қытай оны шешуге араласа ма, ол жағын білмеймін".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG