Accessibility links

Еуроодақ Қытайдан қарыз алып төлей алмай отырған Черногорияға көмектеспек


Черногорияның Бар қаласын Сербиямен жалғайтын жатқан күре жолдың Қытай несиесіне салынып жатқан бөлігі. 11 мамыр 2021 жыл.
Черногорияның Бар қаласын Сербиямен жалғайтын жатқан күре жолдың Қытай несиесіне салынып жатқан бөлігі. 11 мамыр 2021 жыл.

Еуропадағы қаржы институттарының бірі Черногорияға Қытайдан алған 1 миллиард доллар қарызын төлеуге көмектеспек. Балқан елі бұл қарызды қайшылыққа толы күре жол құрылысына алған.

Черногория қаржы министрі Милойко Спаич Еуропа еуропалық қаржы институтының пайызы төмен несиесі үкіметке ақша үнемдеуге мүмкіндік беріп, бастапқы несиенің пайызын төмендетеді деді. 17 маусым күні министр парламенттің қаржы және бюджет комитетіне құпиялылық шарты сүйеніп несие берушінің атын атай алмайтынын, бірақ келіссөздердің аяқталуға жақын екенін айтты.

Еуроодақта жұмыс істейтін дереккөз Азат Еуропа/Азаттық радиосына несие беру келісімінің аяқталуға жақын екенін, аяқталғанда оған Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйеннің қол қоятынын айтты.

Қайта қаржыландыру келісімі Черногорияның Қытай алдындағы қарызын өтеуге көмектесіп, Еуроодақпен қарым-қатынасына ықпал етуі мүмкін.

Балқан түбегіндегі шағын елдің жол салуға деп Қытай банкінен көлемді несие алғаны, ол жолдың құрылысы бірнеше мәрте шегеріліп әлі де аяқталмағаны Қытайдың Еуропаға ықпалы жөніндегі ең қызу тақырыптардың бірі болып отыр.

Черногорияның Бар қаласын Сербиямен жалғайтын жатқан күре жолдың Қытай несиесіне салынып жатқан бөлігі. 11 мамыр 2021 жыл.
Черногорияның Бар қаласын Сербиямен жалғайтын жатқан күре жолдың Қытай несиесіне салынып жатқан бөлігі. 11 мамыр 2021 жыл.

Қытай Балқан елдеріне инвестицияны аямай салып, миллиардтап ақша бөлгендіктен, Брюссель Балқан түбегі Пекинге қаржылай тәуелді болып, Еуроодақтың шығысқа қарай ұлғаюын қиындатуы мүмкін деп алаңдайды. Ал Черногория – Еуроодаққа мүшелікке өтуге үміткер елдердің бірі.

Бельгияда тұратын саясаттанушы Стефан Владисавлев Черногория қарызын қаржыландыру Қытайдың Балқандағы ықпалына қарымта қадам болмақ дейді.

"Черногория Пекиннен гөрі Еуроодаққа маңыздырақ. Бұл [несие] Брюссель үшін ойға қонымды қадам болмақ" дейді Владисавлев Азат Еуропа/Азаттық радиосына.

КҮРЕ ЖОЛ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНА АРНАЛҒАН НЕСИЕ

Черногория 2014 жылы көрші ел Сербияға апаратын 163 шақырымдық жолдың бірінші бөлігін қаржыландыру үшін Қытайдың Экспорт-импорт банкінен 1 миллиард доллар қарыз алған. Жобаның өзі үшке бөлінген. Қытай берген қарыз соның 41 шақырымнан тұратын бірінші бөлігіне арналған.

Бұл бөліктің құрылысы 2019 жылы аяқталуы керек болған. Бірақ құрылыс жұмыстарының шегерілуі, Covid індеті аяқтау мерзімін 30 қарашаға дейін ұзартып тастады.

Күре жол құрылысына несие алуды экономикалық тұрғыда негіздеу жөнінде бірқатар зерттеу жүргізіліп, олардың бәрі сәтсіз аяқталған. Бірақ елдің сол кездегі премьер-министрі Мило Джукановичтің үкіметі бұл жайтты елеусіз қалдырып, Қытайдан несие алуды мақұлдап жіберген.

Қытай премьер-министрі Ли Кэцян (оң жақта) мен Черногория премьер-министрі Мило Джуканович. Пекин, 26 қараша 2015 жыл.
Қытай премьер-министрі Ли Кэцян (оң жақта) мен Черногория премьер-министрі Мило Джуканович. Пекин, 26 қараша 2015 жыл.

Джуканович қазір Черногорияның президенті қызметін атқарып отыр. Ал оппозициялық партиялар жасақтаған үкімет Джуканович мақұлдаған күре жол жобасына қарсы шығып, салмағы ауыр несиені қайтарудың жолын қарастыра бастады.

Премьер-министрдің орынбасары Дритан Абазович наурызда парламент алдында сөз сөйлеп, Еуроодақ Черногорияны Қытайға тәуелділіктен сақтау үшін несиені қайта қаржыландыруы тиіс деді. Вице-премьер осы арқылы қарыз мәселесін бұқараға паш етті.

Черногория вице-премьері Дритан Абазович (сол жақта) пен Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель. Брюссель, 17 наурыз 2021 жыл.
Черногория вице-премьері Дритан Абазович (сол жақта) пен Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель. Брюссель, 17 наурыз 2021 жыл.

Бірақ Еуроодақ несиені қайтаруға тікелей көмектесуден бас тартты. Дегенмен кейінірек райынан қайтып, шешімін қайта қараған көрінеді. 11 маусым күні Reuters агенттігі Брюссельдің Германия, Франция және Италия банктеріне сүйеніп, Черногория несиесін қаржыландыруды қарастырып отырғанын хабарлады.

Парламентте болмашы басымдыққа ие, беріктігі әлсіз коалициядан тұратын қазіргі үкіметтің мойнында біршама саяси және экономикалық мәселелерді шешу міндеті тұр. Осы міндеттерді орындауға күшін салып отырған үкімет, қаржы мәселесін де шешкісі келеді.

Халықаралық валюта қорының дерегінше, Черногорияның туризмге сүйенетін экономикасы 2020 жылы пандемия салдарынан 15,2 пайызға қысқарған. Бірақ қазіргі болжамға қарағанда, 2021 жылы ел экономикасы 9 пайызға өсуі ықтимал.

Былтыр Черногорияның қарызы ЖІӨ-нің 103 пайызына жетті. Соның ширек бөлігі Қытайдың үлесінде.

Пекин несиенің бірінші траншын төлеу уақытын биылғы шілдеден 2022 жылдың соңына дейін шегеруге келісті.

Черногорияның Бар қаласын Сербиямен жалғайтын жатқан күре жолдың Қытай несиесіне салынып жатқан бөлігі. 11 мамыр 2021 жыл.
Черногорияның Бар қаласын Сербиямен жалғайтын жатқан күре жолдың Қытай несиесіне салынып жатқан бөлігі. 11 мамыр 2021 жыл.

ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ЕУРООДАҚ

Черногория экономикалық мәселесінің шешімі табу Брюссельдің Балқандағы беделі мен Еуроодақтың Қытай ықпалына төтеп бере алу қабілетіне сынақ болып отыр дейді сарапшылар.

"Қытайдың Еуроодақ шешіміне әсер ететін негізгі фактор екеніне күмән жоқ. Черногория Қытай үшін аймақтағы жеңіл, бірақ ірі геосаяси [жеңіс] болуы мүмкін. Егер Еуроодақ қимылдамаса, оның аймақтағы мүддесіне орны толмас зиян тиеді" дейді Белград саяси қауіпсіздік орталығының зерттеушісі Вук Вуксанович Азат Еуропа/Азаттық радиосына.

Черногория 2006 жылы Сербиядан бөлініп, қайта тәуелсіз ел атанып, 2017 жылы НАТО-ға кірген. Қазір Еуроодақтың мүшелікке кіргізуін күтіп отыр.

Аймақтағы өзге елдер секілді Черногория да Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатып, Қытай инвестициясына көз тастаған.

Вуксановичтің сөзінше, Брюссельдің Балқандағы шағын көршісіне қалай көмектесетіні оның осы аймақтағы беделіне әсер етпек.

"Бұл Черногория үкіметіне көбірек кеңістік беріп, Қытаймен қарыз жөнінде қарым-қатынасында саудаласуға мүмкіндік береді" дейді ол. "Бірақ бұл жерде Қытай жеңіледі деп айта алмайсыз. Қарыздың ақыр соңында бәрібір төленетінін ұмытпаған жөн".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG