Accessibility links

Amnesty Ресей әскерінің Киев түбінде бейбіт тұрғындарды атып өлтірген қылмысын құжатқа түсірді


Буча тұрғындары Ресей бақылауы кезінде қаза болған тұрғындарды жерлеп жатыр.
Буча тұрғындары Ресей бақылауы кезінде қаза болған тұрғындарды жерлеп жатыр.

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Ресей әскерінің Буча, Бородянка және Киев түбіндегі өзге де елді мекендерде жасаған қылмысын құжатқа түсіріп, арнайы есеп жариялады. Есепте адамдарды заңсыз атып өлтіруге қатысты 22 оқиға жинақталған. "Басым бөлігі сотсыз атып өлтірілген" дейді ұйым зерттеушілері.

Ұйым өкілдері 12 күн бойы Буча, Бородянка, Макаров, Дмитриев және өзге де елді мекендерде болған. Туыстары мен таныстары қаза болған 45 адамның куәлігін жазып алған. Бұған қоса, әуе соққыларынан аман қалған 39 адаммен сөйлескен. Одан бөлек, зерттеушілер оқиға орындарына барып, заттай айғақтарды талдаған, цифрлық материалдарды сараптаған.

Ұйым есебінде мысалы, Киев облысының Буча қаласында 4-19 наурыз аралығында қаланың солтүстік-батысында орналасқан бес ғимараттық кешенде бес адамның сотсыз атып өлтірілгені айтылады.

4 наурызда сату жөніндегі менеджер, екі баланың әкесі Евгений Петрашенко Яблунская, 203А көшесіндегі тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерінде атып өлтірілген. Осы пәтерден табылған 9х39 миллиметрлік оқ Ресейде өндірілген. Мұндай оқ түрлері әдетте AS Val автоматы және "Винторез" снайперлік винтовкаларында қолданылады. Баяндама авторларының айтуынша, мұндай қару түрлерін Ресейдің әскери элиталық жасақ өкілдері ғана қолданады.

43 жастағы Петрашенконың әйелі Татьяна күйеуін қалай өлтіргенін былай баяндаған:

"Жертөледе болғанмын, Евгений жоғары жақта пәтерде болды. Сағат 20:00-де Ресей солдаттары есіктен-есікке кіріп, пәтерлерге кіруге тырысып жатқанын жазды. Біздің көршіміз де өз пәтерінде болған, солдаттар оның пәтеріне кірмек болған кезде ол Евгенийге хабарласып, келуін өтінген. Ол әйел солдаттарға үйде жалғыз екенін, көршісі келгеннен кейін есікті ашатынын айтқан. Евгений келгеннен кейін ол есікті ашқан. Солдаттар оның пәтерін тінтіп, кетіп қалған. Ал Евгений де үйіне кеткен. Бірақ түні бойы және келесі күні одан хабар болмады" деді Татьяна.

6 наурызда көршісі Леонид жағдайды анықтап, Татьянаға күйеуінің қаза болғанын хабарлаған. Ресей әскері Татьянаға пәтеріне кіруге рұқсат берген. Ол күйеуінің асүйде өліп жатқанын көрген. Оның арқасы, өкпесі мен бауырына оқ тиген. Жақындары Евгенийдің денесін тек 10 наурызда ғана аулаға жерлеуге мүмкіндік алған.

  • Киев маңындағы елді мекендерден Ресей әскері кеткеннен кейін жүздеген бейбіт тұрғынның мәйіті табылған. Буча, Бородянка, Ирпеннен түсірілген кадрлар әлемді түршіктірді. Батыс елдері Мәскеуге жаңа санкция салды. Әлем жетекшілері Ресей билігі әскери қылмысы үшін жауапқа тартылуы тиіс деп мәлімдеді. Ал Мәскеу Киев түбіндегі қырғындарға қатысы барын мойындамай келеді.

XS
SM
MD
LG