Accessibility links

Министрлік алдында қонып жүрген жаңаөзендік мұнайшылардың денсаулығы сыр бере бастады


Нұр-Сұлтанға талаптарын айтып келген жаңаөзендік "Кезби" мекемесінің жұмысшылары "Қазмұнайгаз" алдында наразылық өткізіп жатыр. 13 мамыр 2022
Нұр-Сұлтанға талаптарын айтып келген жаңаөзендік "Кезби" мекемесінің жұмысшылары "Қазмұнайгаз" алдында наразылық өткізіп жатыр. 13 мамыр 2022

Нұр-Сұлтанда еңбек жағдайын жақсартуды және тең жалақы беруді талап еткен жаңаөзендік “Кезби” мекемесі мұнайшыларының еңбек министрлігі алдында қонғанына екі күн болды. Осы уақыт аралығында олардың денсаулығы да сыр бере бастаған. Бұл жөнінде оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісі хабарлады. Мұнайшылар 13 мамырда таңертең "Қазмұнайгаз" мекемесінің алдына келіп, көрпелерін төсеп, наразылықты осы жерде жалғастыруға бекінді.

Жұма күні мұнайшылардың бірі Берік Ишахановтың қан қысымы 200-ге көтеріліп, жедел жәрдем көлігі шақыртылып, артынша "Қазмұнайгаз" ғимаратының ішіндегі медицина бөліміне жеткізілді. Наразылардың бірі Нұрсұлтан Нұриевтің де қан қысымы 170-ке жеткен. Жаңаөзендіктерге медицина пунктінен дәрі-дәрмектер берілді.

“Өзенмұнайгаздың” мердігер компаниясының жұмысшылары жалақыларын 20 пайызға өсіруді, еңбек жағдайын жақсартуды, өздерін "Өзенмұнайгаз" компаниясына штатқа алуды талап етіп отыр.

– "Өзенмұнайгаз" компаниясы жұмысшыларының жұтқан ауасын біз де жұтып отырмыз, олар кезіккен қиындықпен біз де кезігіп отырмыз. Олар атқарған жұмысты біз де атқарып отырмыз. Бірақ бізге төмен жалақы береді. Емделу мүмкіндігінен айырылғанбыз. Денсаулығымызды құрттық. Техника қауіпсіздігі ережелері сақталмағандықтан, жұмыс ауыр болғандықтан арамыздағы әрбір екінші мұнайшы бедеу. Жігіттер геморрой, омыртқа жарығымен ауырғанымен оларды емдете алмайды. Сонда біз құл болып, өле беруіміз керек пе? – деді талаптарын айтқан жұмысшылар.

Олардың сөзіне қарағанда, бір күн бұрынғы кездесу кезінде "Қазмұнайгаз" басшылығы мұнайшыларға жалақыларын 15 пайызға көтеруді ұсынған. Ал энергетика вице-министрі "еңбек жағдайына шағымданған мұнайшылардың арыз-өтініштерін тексереміз, анықталғанына орай шара қолданамыз" деп айтқан. Ал шенеуніктердің сөзіне көңілі толмаған мұнайшылар талаптары орындалмағанын айтып, жиналыстан ерте шығып кеткен.

"Қазмұнайгаз" компаниясы мұнай және газ өндіру департаментінің директоры Мұрат Мұстафаев Азаттық тілшісіне жұма күні "Кезби" мекемесінің басшысы астанаға келетінін, мұнайшылардың талаптарын тағы талқылайтынын жеткізді.

"Кезби" мекемесінің 20-дан астам жұмысшысының астанаға келгеніне 12 күн болды. 300-ге жуық жұмысшысы бар мекеменің қалған жұмысшылары сәуір ортасынан бері Жаңаөзенде ереуілдеп тұр. Бұған дейін “Кезби” мекемесінің басшылығы Азаттыққа мұнайшылар талабын орындау мүмкін еместігін айтқан.

“Кезби” - Маңғыстаудағы ең ірі мұнай-газ өндіруші мекеме “Өзенмұнайгаздың” ұңғымаларын жөндеумен айналысатын мекеме. Мекеме жұмысшылар жалақы талабын бұған дейін де талай көтерген, былтырғы жаз, күз айларында да дәл осы талаппен мұнайшылар ереуілге шыққан еді. Әр жолы жұмыс беруші олардың талаптарын ішінара орындап, мұнайшыларды жұмыс орындарына қайтарып отырған.

Қарай отырыңыз: Әділдік іздеген мұнайшылар еңбек министрімен кездесе алмай жүр (11 мамыр 2022 жыл).

Әділдік іздеген мұнайшылар еңбек министрімен кездесе алмай жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:48 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG