Accessibility links

Азаттық тілшісін прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты тергеді


Азаттық тілшісі Аян Қалмұрат
Азаттық тілшісі Аян Қалмұрат

Сәрсенбі, 18 мамыр күні Алматы қалалық прокуратурасында Азаттық тілшісі Аян Қалмұратты Қаңтар оқиғасынан соң жаппай тәртіпсіздік бабымен қозғалған қылмыстық іс (272-баптың 2-тармағы) бойынша куәгер ретінде тергеді.

Тергеуші Нұрсұлтан Ақажанов журналистен қаңтардың 2-сінен 6-сына дейін қайда болып, не істегенін сұрады. Тілші Алматыдағы көтерілістен хабар таратқанын, соның ішінде Республика алаңындағы оқиғаларға куә болып, журналистік кәсіби міндетін атқарғанын айтқан.

— Тергеуші “5 қаңтарда қайда болдыңыз?” ”Алаңда не көрдіңіз?”, “Ондағы адамдар не деді?” деп сұрады. Президент резиденциясына дейін барып хабар таратқанымды, резиденция ішінен наразыларға қарай оқ атылғанын айттым. Әскери көліктен жиналғандарға оқ атылған соң Азаттық операторы Санат Нұрбеков екеуміз кеңсеге қарай кетіп қалдық. Жараланып, басы мен аяқ-қолы қанаған бірнеше адамды көргенімді айттым, — дейді Қалмұрат.

Журналистің сөзінше, тергеуші оппозициялық саясаткер, тіркелмеген “Демократиялық партия” жетекшісі Жанболат Мамай туралы көп сұраған.

— Тергеуші “5 қаңтар күні түске қарай Жанболат Мамаймен екі рет сөйлескеніңіз анықталды. Неге сөйлестіңіз? Ол не деді? Онымен қашан таныстыңыз? Жеке барып таныстыңыз ба?”, “Қарым-қатынасыңыз қандай?” деп сұрады. Әңгіменің қанша минут, қанша секундқа созылғанын да айтты. Қаңтар оқиғасы болып жатқанда саясаткерді Азаттық радиосының эфиріне шақырғанымды, журналистік қызметім аясында сөйлескенімді айттым, — дейді Аян Қалмұрат.

Оның айтуынша, тергеуші "Демпартия" белсенділері" деген әлдебір тізімдегі адамдардың аты-жөнін айтып, оларды 5 қаңтардағы оқиға кезінде көрген-көрмегенін сұраған. Тергеу екі сағатқа созылды.

Тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамай өзіне қозғалған екі қылмыстық іс бойынша ( “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату”) 14 наурыздан бері қамауда отыр. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары барын айтады. Жақтастары наразылық шарасын өткізіп, белсендіні босатуға шақырып келеді. 6 мамырда Мамайдың қамау мерзімі 12 маусымға дейін ұзартылды. Осыған дейін Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.

Қаңтар айының басындағы үкіметке наразылық пен тәртіпсіздік кезінде Азаттық тілшілері жан-жақтан ақпарат таратып отырды. Аян Қалмұрат Алматыдағы дүрбелең күндері репортаж жасап, оқиға ортасында жүрді. Кейін оқиғадан қаза тапқандар, жапа шеккендер туралы түрлі материал жариялады.

Қаңтар көтерілісінің алғашқы күндері оқиға орнынан хабар таратып жүрген Азаттықтың Алматы бюросының жетекшісі Қасым Аманжол, Нұр-Сұлтандағы редакторы Дархан Өмірбек полиция бөлімшесіне жеткізілді, кейін Алматыдағы, Ақтөбедегі тілшілері қылмыстық істер бойынша тергеуге шақырылды.

Азаттық Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың туыстарының басындағы ауыр жағдай, дүрбелеңге байланысты ұсталып, қамалғандардың ахуалы туралы жиі жазады. Қазақстан билігі оқиға кезінде қаза тапқандардың тізімін жариялаған жоқ, Азаттық радиосы құрбандардың тізімін жасап, толықтырып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG