Accessibility links

"Ресейге Украинада басып алған жерді ұстап тұру қиын болады". Қауіпсіздік жөніндегі сарапшымен сұхбат


Киевке жақын маңдағы Дмитровка ауылында Украина күштері жайратқан Ресей әскери танктері. Украина, 23 мамыр 2022 жыл.
Киевке жақын маңдағы Дмитровка ауылында Украина күштері жайратқан Ресей әскери танктері. Украина, 23 мамыр 2022 жыл.

Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына үш ай болды. Кремльдің үш күнде Киевті алмақ болған ойы іске аспады. Жанқиярлық ерлігі Батыс сарапшыларын тәнті еткен Украина күштері НАТО жіберген қару-жарақтың арқасында әлеуетін арттырып жатыр. Соғыс әлі аяқталмайтын сияқты. Ресей мен Украина әскері үш айда қалай өзгерді? Алда не күтіп тұр? "Настоящее время" арнасы халықаралық қатынастар және қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Павел Лузиннен сұхбат алды.

Өткен үш айда Ресей қандай нәтижеге қол жеткізді? Кремльдің жоспары іске асты ма?

Халықаралық қатынастар және қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Павел Лузин.
Халықаралық қатынастар және қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Павел Лузин.

– Әу баста көздегеніне қол жеткізе алмағаны анық. Кремль Украинаны толық жаулап алып, Украина мемлекетін жоқ қылуды көкседі. Геноцид жасап, Украина мәдениетін жойғысы келді. Осы үш айда Кремль басып алған жерлер қаңырап қалды. Қазір онда ешқандай экономикалық база қалмады. Сол жерлердегі еңбекке жарамды халықтың көбі бассауғалап кетті. Ресейге мұндай жерді ұстап тұру айтарлықтай қиын болады.

– Неге? Онда ешкім жоқ қой?

– Онда ешкім жоқ, бірақ [Украина тарабы] сарбаздарын сол жерге апарғаны жөн. Ол қалаларда тұруға болмайды, алайда жасырынуға қолайлы. Бүкіл территорияны бақылағаннан гөрі, диверсия топтары мен партизан қозғалыстарына дәл осындай жерлер ыңғайлы болмақ.

– Сіздің ойыңызша, Киев пен Харьковті басып алуды көздеген Ресей ол райынан қайтты ма?

– Ол мақсатынан бас тартқан жоқ деп ойлаймын. Өйткені қазір жарасын жалаған аңдай күйге түскен Ресей алдағы бірнеше аптада осыған дейін жаулап алған жерге табан тіреп, атысты тоқтату немесе тым болмағанда әскери іс-қимылдың қарқынын бәсеңдету үшін қандай да бір келісімге келуге тырысуы мүмкін, маған солай көрінеді. Бірақ соғысты тоқтатпасы анық. Кремль бұл соғысты доғара алмайды. Тағы да эскалация болады деп ойлаймын.

Украинада соғыс басталған үш айда не болды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

Тіпті үш ай бойғы соғыстан қалжырағанына қарамастан, Ресей эскалация жасауға талпынып көруі ықтимал. Оның үстіне, Молдованы, тіпті Балтық елдері мен Польшаны да ұмытпауымыз керек. Сол сияқты НАТО-ға мүше болғысы келетін Финляндия мен Швецияға қарсы қандай да бір арандатушы іс-әрекет болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.

– Үш айға жалғасқан соғыстағы Ресей әскері жайлы не айта аласыз?

– Ресейдің 24 ақпан қарсаңындағы әскери әлеуеті қайта қалпына келмейді, орны толмайды деп ойлаймын. Ресей техника бойынша, әсіресе беренді техника мен артиллерия саны жағынан әлі де болса басым тұр. Бірақ НАТО елдері Киевке алысқа ататын артиллерия мен дүркіндете ататын қару жүйелерін, кемеге қарсы оқтұмсықтарды тездетіп берген жағдайда бұл артықшылық түк болмай қалады.

Украина сарбазы өздігінен жүретін ауыр артиллериялық қондырғыға қарап тұр. Харьков облысы, 17 мамыр 2022 жыл.
Украина сарбазы өздігінен жүретін ауыр артиллериялық қондырғыға қарап тұр. Харьков облысы, 17 мамыр 2022 жыл.

Украина әскері интеллекті және рухы жағынан да Ресей армиясы сарбаздарынан басым тұр. Ресей әскерінің жігері мұқалған. Әрине, ол соғысуды жалғастыра беруі мүмкін, жойқын шабуылдар жасап, тағы да қала-ауылдарды жоюы мүмкін, бірақ бұл соғыста енді жеңіске жете алмайтыны анық.

– Ал Украина әскері ше?

– Ресей сарбаздарымен салыстырғанда Украина әскерінің ойлау және шешім қабылдау қабілеті артық. Офицерлер корпусының бір бөлігі шет тілін біледі, шетел инструкторларынан жаттыққан. Бұл миға өте жақсы әсер етеді.

Батыс елдерінен келетін қару-жарақ көбейген сайын Украина әскері материалды-техникалық базасы жағынан Ресей армиясынан басым бола түседі. Батыстың қару-жарақ жүйесі [Ресейдікімен салыстырғанда] алысқа жетіп, нысанаға дәл тиеді әрі өте тиімді. Батыс мәшинелері экипажға да ығайлырақ. Олар совет кезінен қалған МТ-ЛБ я БМП-2, немесе тіпті Ресейдің "Тигр", "Тайфундарына" қарағанда соғысуға қолайлы келеді.

Соғыстың 51-күні. Әйгілі "орыс әскери кемесі" суға батты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

– Британ барлауы Ресейдің өткен үш айдағы шығыны СССР-дің Ауғанстандағы соғыста тоғыз жылда айырылған адам санымен бірдей дейді. Бұған не дейсіз?

– Солай болуы әбден мүмкін. Тіпті "Комсомольская правда" секілді газеттерде жарияланған [Ресей] қорғаныс министрлігінің дерегіне жүгінер болсақ, он мың адам қаза тапқан. Ауғанстанда тоғыз жылда 15 мыңнан астам совет сарбазы мерт болған.

– Ресейге резервтегі әскерін түгелдей жұмылдыруға тура келе ме?

– Ресейде мобилизацияны іске асыру техникалық тұрғыда мүмкін емес. Мобилизациялық әскер дегеніміз үнемі жаттығуға қатысып жүрген резервтегі сарбаздар. Оларды екі жылда бір рет я жылына бір рет немесе үш жылда бір рет бір айға жинап, жаттығу өткізеді. Әртүрлі әскери кафедра түлектері де солай. Оларды үнемі үйретіп, қабілет-қарымын шыңдап отыру керек. Постсоветтік Ресей резервтегі сарбаздармен ондай жаттығу өткізбеген.

Жекелеген жаттығулар өткен шығар, бірақ негізінен имитация түрінде болды. Сондықтан айталық, он жыл бұрын мерзімді әскери борышын өтеп, содан бері резервте тұрған, қазір жасы отыздағы адамды алар болсақ, сол он жылдан бері онымен ешкім айналыспаған болып шығады. Ол ештеңе білмейді деуге болады.

Ресей президенті Владимир Путин (ортада) Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанына сегіз жыл толуына орай өткізілген концертте. Мәскеу, Ресей, 18 наурыз 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (ортада) Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанына сегіз жыл толуына орай өткізілген концертте. Мәскеу, Ресей, 18 наурыз 2022 жыл.

Үш ай соғыстан кейін әскери келісімшартқа отырғысы келетін ақымақ та азайды. Әскери коммиссариат резервтегілерді жұмылдыруға байланысты имитация жасап, бірдеңелер ұйымдастырған болып жатыр. Резервте тұрған ер адам басқа жаққа көшсе, жаңа мекенжайы бойынша тіркелуі керек.

Кейінгі 12 жылда Ресейде 40 миллионнан астам адам тұрғылықты жерін ауыстырған, оның 20 миллиондайы ер адамдар. Солардың қаншасы жаңа мекенжайы бойынша тіркелді деп ойлайсыз? Бірен-сараны ғана шығар. Сондықтан жаппай мобилизация жасау қазір техникалық тұрғыда мүмкін емес.

Оларды қайда шоғырландырады? Бірден соғысқа жібере ме? Олай жасау ессіздік болады. Совет әскері зорлық-зомбылыққа ғана ие артпай, совет республикасына, революция ісіне, Ленин атасына сенді. Ал қазіргі Ресей қоғамы билікке сенбейді. Осындай жағдайда адамдарды жұмылдыру мүмкін бе? Мүмкін емес.

Ескерту! Суреттерде қан және басқа да зорлық белгілері бар.
Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін Киев облысында болған шайқаста қираған ресейлік әскери техника мен оның үстінде өліп жатқан сарбаздар.
Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін Киев облысында болған шайқаста қираған ресейлік әскери техника мен оның үстінде өліп жатқан сарбаздар.
This image contains sensitive content which some people may find offensive or disturbing - Click to reveal
Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін Киев облысында болған шайқаста қираған ресейлік әскери техника мен оның үстінде өліп жатқан сарбаздар.

– Соғыс тым созылып кетсе, оған Ресей мен Украинаның мүмкіндігі бар ма?

– Украинаның мүмкіндігі бар, өйткені Украина қоғамы не үшін соғысып жатқанын біледі. Украина үшін бұл Отан соғысы. Адам шығыны да басқадай әсер етпейді. Әділдік жолында соғысып жатырмыз деген түсінік бар. Батыс Киевке экономикалық және әскери-техникалық жәрдем беріп жатыр.

Ал Ресейде деградацияға ұшыраған саяси элита бар. Олар түгелей әскери қылмыскерге айналды. Ресей экономикасы құлдырап жатыр. Өз билігіне сенбейтін қоғам: "Соғысты қолдаймыз!" дегенді диваннан тұрмаған күйі айта салады.

Әскери комиссариат алдында кезекте тұрған ешкім жоқ. Көптің көзінше Георгий лентасын тағып алып жүреді, ал шын мәнінде қоғамның оған түкіргені бар. Ресей бұл соғыста ұзаққа шыдайды деп ойламаймын. Сондықтан да эскалацияға тырысып көруі мүмкін.

Украинаға Батыстың берген көмегі Польшадағы Жешув аэродромы арқылы жетеді. [Ресей] қолында соңғы резерв қалған кезде, мысалы, НАТО-ның ауызбіршілігін сынап көрмек болып, егер НАТО-ның өз арасына іріткі түссе, Украина шетке ығыстырылып, Батыс Ресеймен келіссөз жасайды деген үмітпен сол Жешув аэродромын нысанаға алып, бірер снаряд атуы ықтимал. Олай да болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG