Accessibility links

Украина күштері Ресей әскерін Донбасстан тықсыра ала ма?


Ресей әскері азат еткен елді мекендерді бақылап жүрген украин күштері.
Ресей әскері азат еткен елді мекендерді бақылап жүрген украин күштері.

Соғысты зерттеу институтының сарапшысы Джордж Баррос Киев әскерінің Украина шығысында соғысу стратегиясын талдайды. Ол Ресейде мобилизация жарияланса да, Мәскеу әскери мүмкіндігін қалпына келтіре алмайды деп санайды.

Соғыстың басталғанына үш айдан астам уақыт өткенде украин күштері Ресей әскеріне қарсы шабуылға көшіп, ұрыс қимылын өзгертті.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігі барлау қызметінің 12 мамыр күнгі мәліметі бойынша, Украинаның Харьковтегі жетістіктері Ресейдің Донбассқа басымдық беруі, әскерін толықтыру ниеті және өзге аймақтардағы ауыр шығындарымен ішінара байланысты.

Ресей күштерінің Харьков аумағынан кетуі Мәскеу стратегиясының өзгергендігінен хабар береді. Орыстар кейбір украин қалаларын басып ала алмайтындығын үнсіз мойындағандай.

Ресей әскері Украина шығысына басымдық беріп, оңтүстікте Херсон сияқты жаулап алған қалалардағы позициясын нығайтуға күш салып жатыр. Украина армиясы Ресей позициясына пәрменді соққы бере ала ма?

Азаттық тілшісі Соғысты зерттеу институтының сарапшысы (ISW) Джордж Барроспен осы жөнінде әңгімелескен еді.

Азаттық: Украина қарулы күштері елдің шығысында және Харьковтан тыс кейбір аудандарда контршабуылға көшкен тәрізді. Ресей күштерін шекараға дейін тықсырып, тіпті Донбаста орыс әскерін қамтамасыз етіп жатқан кейбір темір жол магистральдарын да жабуға мүмкіндік алатын тәрізді. Осы тәрізді контршабуылдар әрі қарай қаншалықты сәтті болуы мүмкін?

Джордж Баррос
Джордж Баррос

Джордж Баррос: Украина мұндай контратакаларды неғұрлым ірі шабуылға айналдыруы тиіс. Осыған дейін украин күштерінің бұған қол жеткізе алатынын талай көрдік.

Алайда кейде контратакалардың кейбірі "контршабуыл" деп қате аталып кеткенін атап өту қажет. Бұл екі ұғымның айырмашылығы бар. Контратака – бұл әдетте әскерилердің тактикалық позициясын жақсарту үшін кішігірім аумақты жаулап алуда қолданатын ауқымы кіші әрекет. Ал контршабуыл бұл едәуір ірі аумаққа бақылау орнату мақсатында жасалған жоғары деңгейдегі жедел шара. Мұндай кезде маңыздырақ міндеттер қойылады.

Украина әскерінің территорияны қайтарып алу талпыныстарының кейбірі контратака болса да, контршабуыл деп аталып жүр. Қазір ең маңыздысы украиндар осы контратаканы ірі контршабуылға айналдыра алуы тиіс. Қазіргі кезде мұндай контратакалардың негізгі сипаты бір мезетте екі немесе үш селоны қайтарудан тұрады. Бірақ украиналықтар әзірге ресейлік нысандарға нағыз тегеурінді соққы жасаған жоқ.

Украиналықтардың контратака барысында қандай кедергілерге ұшырап жатқаны айқын емес. Кейбір маневрларға қарасақ, Ресей әскері позицияларын тастап кетіп, украиналықтар алға жылжығандай болып жүр.

Ресей күштерін Харьков облысынан тықсырып, шығысқа жылжу өте маңызды. Біздің команда ресейлік әскерді қамтамасыз ету линиясын өте мұқият бақылап отыр. Ол Ресейдің Белгород қаласынан басталып, Изюм арқылы Донецк және Луганск облыстарына жетеді. Оның рөлі күшті. Біздің ойымызша, қазір украиналықтар осылай қимылдай берсе, Изюм маңында шайқас қызуы мүмкін. Бұл соғыстың осы кезеңінде шешуші рөлге ие.

Мариупольдегі ресейшіл сепаратистер танкісі. 17 сәуір 2022 жыл.
Мариупольдегі ресейшіл сепаратистер танкісі. 17 сәуір 2022 жыл.

Азаттық: Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба жуырда Financial Times басылымына берген сұхбатында Киев Украинаның тұтас аумағын орыс әскерінен азат етем, тіпті соғысқа дейін аннексияланған жерлерді де қайтарам деп өзіне жоғары мақсат қойды деді. Бұл мақсатқа жету мүмкін бе және ол соғыс стратегиясын өзгерте ала ма?

Джордж Баррос: Украина күштерінің Ресейдің әбден нығайып алған кейбір позицияларына контратакасы қаншалықты тиімді болатынын білгім келеді. Кейбір жерлерде Ресей күштерінің Украина контратакасын жеңілдетіп жатқанын атап өту керек. Шабуылдаудан гөрі қорғану оңайырақ. Сол себепті егер украиналықтар жақсы қорғанса, бұл шабуылдау да сәтті болады дегенді білдірмейді.

Украиналықтардың жабдықтау линиясын шашыраңқы орналастырып, тылын ашық қалдырған Ресей күштеріне тиімді тойтарыс беретінін аңғардық. Алайда олар коммуникациясы және жабдықтау линиясы әбден бекіген Ресей күштерімен соғыста аса тиімді қимылдады деп айта алмаймын. Біз сонымен бірге халық аз шоғырланған кішігірім елді мекендер мен қалалардағы украин күштерінің әрекет ету айырмашылығын көрдік.

Украиналықтар Ресей күштерінің кішігірім селолардағы шабуылына тойтарыс беріп жүр. Бұл украин күштеріне барлауға, ресейлік күштердің орнын анықтауға, артынша оларға қарсы артиллерия немесе зымыран қолдануға мүмкіндік береді. Бірақ халық көп шоғырланған қалалық жерлерде екі жақтың да қимыл қарқыны баяулай түседі. Украиналықтар әзірге қарсылас бақылауындағы қалаларға кіріп, олардың соққысына тойтарыс берген жоқ.

Ресей әскері қиратқан Харьков қаласы. 25 сәуір 2022 жыл.
Ресей әскері қиратқан Харьков қаласы. 25 сәуір 2022 жыл.

Украиналықтар мұны жасай алмайды деп отырған жоқпын, әзірге бұған куә болған жоқпыз.

Азаттық: Енді не болады? АҚШ-тың ресми тұлғалары және Ұлыбритания Ресей әскері баяу жылжып келе жатыр деп мәлімдеумен келеді. Соғыстың жаңа кезеңінде Ресей әскерінің әрекетін есепке алғанда, украиналықтар Донбаста жетістікке жете ала ма?

Джордж Баррос: Ресей әскерінің қарқыны соғысу қабілетінің әлсіреуіне байланысты бәсеңдеді, сол себепті оларға әскерді топтастыруға тура келеді. Біздің бағалауымызша, Ресейдің соғысу мүмкіндігі азайып жатыр. Мұндай жағдайда мобилизация [әскерге жаппай шақыру] көмектеспейді, әскерге шақырудан да көп пайда түседі деп айту қиын.

Украина жағында да жағдай осыған ұқсас. Олардың күштері едәуір дәрежеде әлсіреді. Олар 75 күннен бері ұрыста үздіксіз соғысып келе жатыр және Ресей күштері келтірген шығынның салдарынан тиімділігін де жоғалтып жатыр.

Екі тараптың да қарқыны бәсеңдеді. Бұл әсіресе, Украина шығысында, Донбаста байқалады. Мұндай жағдайда Путин Ресейге тиімді шарттармен атысты тоқтатуға қол жеткізуі мүмкін екенін ұмытпау қажет. Бұл орыстарға Украинаның шығысы мен оңтүстігінде заңсыз жаулап алған жерлерде позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Украин әскери қызметкерінің формасы, 26 сәуір 2022 жыл.
Украин әскери қызметкерінің формасы, 26 сәуір 2022 жыл.

Азаттық: Бұл жүзеге асуы мүмкін бе? Қазір екі тараптың да жағдайға көңілі толмайды, күресті жалғастырып немесе позициясын нығайта беретін сияқты.

Джордж Баррос: Егер Кремль атысты тоқтатуды ұсынса, онда батыс елдері немесе белгілі бір мемлекет жетекшілері немесе ұйымдар осы идеяны жұлып алып, атысты тоқтату қантөгісті тоқтату амалы ретінде қарастыруы мүмкін. Осы жағы алаңдатады. Кремль мұндай қадамға барса, Украина басшысы Владимир Зеленскийге "ұсыныспен келіс" деген тұрғыда халықаралық дәрежеде қысым жасалуы мүмкін.

Ал Ресей қысқа уақыт аралығында яғни, 6-12 ай аралығында әскерін топтастырып, соғысу тиімділігін қалпына келтіре алмайды. Мұның жүзеге аспайтыны анық.

Ресейдегі әскерге шақыру циклына сәйкес, қалыпты жағдайда орташа солдаттың қарапайым дайындықтан өтуі үшін 4-6 ай керек. Арнайы дайындықтан өту үшін тағы бірнеше ай керек. Яғни, шақыру мен қызметке келу аралығы 8-10 айды құрайды.

Ал жоғары дәрежедегі дайындықтан өткен солдат әзірлеу үшін 8-10 айдан да әлдеқайда көп уақыт керек. Украиналықтар Ресейдің офицерлер құрамының едәуір бөлігін жойғанын ескерсек, оны қалпына келтіру үшін бір ғана буын жеткіліксіз.

XS
SM
MD
LG