Accessibility links

Қазан университеті соғысқа қарсы шыққан профессормен келісімшартты ұзартпады


Қазан федералдық университетінің ғимараты.
Қазан федералдық университетінің ғимараты.

Қазан федералдық университеті физика-математика ғылымының докторы, профессор Наиль Фаткуллинмен еңбек келісім-шартын ұзартпады. Оқытушы мамыр айында соғысқа қарсы екенін баяндап, хат жазған, оны әріптестеріне таратқан. Бұл жөнінде Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметі хабарлады.

Университеттің ғылыми кеңесі оқу орнында 40 жылдан астам сабақ берген Фаткуллинмен келісімшартты ұзартуға қарсы дауыс берген. Ресми ақпарат бойынша, ол "байқаудан өте алмай қалған" және алдағы бес жыл университеттің оқытушы қызметін атқара алмайды. Оқытушының өзі қызметтен кетуіне мамыр айында әріптестері арасында таратқан хаты себеп болғанын айтады.

Ашық хатта Фаткуллин Украинадағы әскери қимылды дереу тоқтатып, Ресей әскерін әкетуді талап еткен. Профессор Мәскеу Украинаға қарсы қылмыс жасады және "путинизм" Ресейді ұлттық дәрежеде апатқа апарады деп санайтынын жеткізген.

Хат тарағаннан кейін Фаткуллинге Қазан прокуратурасы "заңды бұзбау" жайлы ескерту жасады. Прокуратураның айтуынша, оның хаты "арнайы әскери операция жайлы теріс пікір қалыптастырып, университет студенттері мен оқытушылары арасында наразы көңіл-күйдің өсуіне ықпал етуі мүмкін".

Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметі Қазан федералдық университеті ректорының баспасөз хатшысына сауал жолдап, оқытушы Наиль Фаткуллинмен келісімшарттың ұзармау себебін сұрады. Әзірге жауап түспеді.

XS
SM
MD
LG