Accessibility links

Қарағандыда президентке сұрақ қойған тұрғын полицияға шақыртылды


Қарағанды тұрғыны Геннадий Нәдірбеков.
Қарағанды тұрғыны Геннадий Нәдірбеков.

2020 жылы сот үкіміне қарсылық ретінде сот ғимаратының алдында өзін өртемек болған Қарағанды тұрғыны Геннадий Нәдірбеков Twitter'де президентке сұрақ қойғаннан кейін полицияға шақыртылғанын хабарлады. Ол полиция департаменті бастығына арыз жазып, полицейлердің әрекетіне шағымданған.

—Маған учаскелік полиция қызметкері келіп, әлеуметтік желідегі белсенділігіме байланысты мені экстремизммен күрес бөліміне шақыртып жатқанын айтты. Кездесуді келесі күніне белгіледі. Бұл 25 мамырда болды. Шақырту қағазы бар ма деп едім, оны бере алмайтынын айтты. Мен шақыртусыз еш жаққа бармайтынымды айттым. Полиция департаментінен түсініктеме күтіп отырмын. Егер маған ашылған іс болса, іс материалдарымен таныстырсын. Менде сын-ескертпе бар. Елімізде жүріп жатқан процестерге қатысты сұрақтарым (Қаңтар оқиғасы – Г.Н) бар, сол себепті оларды әлеуметтік желіде президентке қойдым. Олар осыған шүйлігіп отыр. Менің экстремистермен байланысым жоқ, митингілерге бармаймын, сол себепті мұнда мемлекет маған ештеңе айта алмайды. Мені олар қорқыту үшін жасап отыр. Президентке қолайсыз сұрақтар қоймасын деп, – дейді Геннадий Нәдірбеков.

Азаттық өткен аптада Қарағанды қалалық полиция департаментіне сауал жолдап, Нәдірбеков не үшін полицияға шақыртылғаны жөнінде сұраған. 2 маусым күнгі жауабында полиция оны шақырғанын растамаған, терістемеген де.

Полицияның айтуынша, "Дербес деректер және оларды қорғау" туралы заңға сәйкес, жеке немесе заңды тұлғаларға қатысты ақпарат басқа біреуге жеке тұлға немесе заңды тұлғаның жазбаша келісімінсіз берілмейді. Дегенмен ресми сауалда Азаттық Нәдірбековтің өзі ақпарат құралдарына іс бойынша жүгінгені көрсетілген. Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин қол қойған хатта Азаттықтың жауапқа көңілі толмаса, прокуратура немесе сотқа қайрыла алатыны жазылған.

Азаттық полициядан "Нәдірбековтің полиция әрекеттеріне шағымданған арызы қаралып жатыр ма" деп те сұраған. Алайда полиция бұл сұраққа жауап бермеді.

XS
SM
MD
LG