Accessibility links

АЕ/АР президенті қазақстандық шенеуніктермен БАҚ заңнамасын реформалау мәселесін талқылады


Қаңтар құрбандарына арналған шарада сөйлеп тұрған АЕ/АР президенті Джейми Флай.
Қаңтар құрбандарына арналған шарада сөйлеп тұрған АЕ/АР президенті Джейми Флай.

Азат Еуропа/Азаттық медиакорпорациясының президенті Джейми Флай осы аптада Қазақстан мен Өзбекстанға сапарлап, Орталық Азия мемлекеттерінің жоғары лауазымды шенеуніктерімен, құқық қорғаушылармен және журналистермен кездесті.

Қазақстанда Флай президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Аида Балаева, сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ақпарат және қоғамды дамыту министрі Асқар Омаровпен кездесті. Кездесу барысында Флай медиакорпорацияның оқиғалардан тәуелсіз ақпарат тарату миссиясынан айнымайтындығын жеткізді. Бұған қоса, Қазақстан билігімен БАҚ заңнамасын реформалау мәселесін де талқылаған.

Флай сапары барысында Азат Еуропа/Азаттықтың Қазақ қызметі "Қаңтар құрбандарына" арналған арнайы жобасын таныстырды. Шағын сайтта қаңтар дүрбелеңінде қаза болғандардың аты-жөні және өзге де ақпараттар жазылған. Азаттық Алматыда журналистер мен құқық қорғаушылар қатысқан шара өткізді. Онда қаңтар ақиқатын ашу талпыныстары және оқиғаны жан-жақты тергеу маңыздылығы айтылды.

Азаттық үкімет бақылауындағы БАҚ белгілі бір себептермен қамти алмаған ақпаратты қазақ және орыс тілінде таратады. 2022 жылы Азаттық тілшілері сұйытылған газдың қымбаттауынан туындаған наразылықтарды қамтыды; редакцияның бірнеше тілшісі шабуылға ұшырады, бірнеше қызметкері ұсталды. 2021 жылы Азаттық сайты 50 млн рет оқылып, 69,7 млн рет көрілді. Оның Youtube арнасына 1,5 млн адам жазылған. Инстаграмда 691 мың оқырманы бар.

Өзбекстанда Джейми Флай парламенттің жоғарғы палата төрағасы Танзила Нарбаева, ақпарат және қоғамдық коммуникация агенттігінің директоры Асаджон Хожаев және өзге де шенеуніктермен кездесті. Флай өзбек шенеуніктеріне медиакорпорацияның Өзбекстаннан ақпарат тарату мүмкіндігін жақсартуға мүдделі екенін жеткізді. Биліктің Өзбек қызметі тілшілеріне қысымына байланысты медиакорпорация 2005 жылы Ташкенттегі бюросын жабуға мәжбүр болған. Флай өзбек үкіметін Озодлик сайтын бұғаттамауға үндеді.

Флай сонымен бірге ұлттық БАҚ-ты қолдау және дамыту қоғамдық қорының ақылдастар алқасының төрағайымы Комил Алламжонов, өзбек блогерлері және белсенділерімен кездесіп, Өзбекстандағы сөз бостандығы мәселесін талқылады.

Озодлик – ресми БАҚ-тың үні басым Өзбекстанда өзбек және орыс тілдерінде тәуелсіз ақпарат таратады. Оқырмандар Sizdan Telegram онлайн-жобасы арқылы редакцияға ақпарат жібере алады. Озодлик шенеуніктердің жемқорлығы жайлы зерттеулерімен де танылған. 2021 жылы қазанда президент сайлауы қарсаңында Озодликтің бірнеше тілшісі қоқан-лоқыға ұшырады.

2021 жылы сайт 5,6 млн рет оқылып, 15,6 млн рет көрілді. Озодликтің YouTube парақшасына 1,67 млн адам жазылған, ал Инстаграмда 1,6 млн оқырманы бар.

  • Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясы әлемнің сөз еркіндігі шектелген немесе тәуелсіз БАҚ дамымаған 23 елінде 27 тілде жаңалықтар контентін ұсынады. Редакциялық саясатын тәуелсіз жүргізетін медиакорпорация АҚШ Жаһан медиа агенттігі арқылы конгресс грантымен қаржыландырылады.
XS
SM
MD
LG