Accessibility links

Ақмола облысында Азаттық тілшісі мен видеооператорға учаскеден ақпарат таратуға тыйым салды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақмола облысы Талапкер ауылында учаскелік комиссия төрайымы Сақыпжамал Сыламбекова Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен видеооператор Кенжетай Ақсейітовтен №685 учаскесін түсірмеуді және ғимараттан кетуді талап етті.

Ол Азаттық тілшілеріне “тізімде жоқсыңдар” деп ақпарат таратуға мүмкіндік бермеді. Азаттық редакциясы бұған дейін сайлау учаскесінен ақпарат тарату үшін қажет барлық құжатты жолдаған.

"Тізімде болмағандықтан комиссия сіздерге аккредитация беруден бас тартады" деді Сыламбекова.

Оның айтуынша, бұған дейін аудандық аумақтық референдум комиссиясынан БАҚ өтініштерін тікелей учаске комиссияларына жолдау қажеттігі жөнінде тапсырма түскен.

Комиссия төрайымы егер БАҚ өкілдері залдан кетпесе, полиция шақыруға мәжбүр болатынын айтты. Ал журналистер полицейлерді күтетінін айтты. Азаттықтың түсірілім тобы дауыс беру учаскесі маңында шамамен екі сағат бойы тұрды, алайда полиция келген жоқ. Азаттық орталық сайлау комиссиясына хабарласқан. Өзін заңгер ретінде таныстырған қызметкер комиссияға хабарласып, мәселені шешетінін айтты. Алайда түсірілім тобын сол күйі учаскеге жіберген жоқ.

Түске дейін Талапкер ауылындағы № 685 сайлау учаскесіне Нидерланды корольдігінің өкілі шетел бақылаушысы ретінде қатысқан. Азаттық тілшісінің "аталған оқиғаны тіркейсіз бе" деген сұрағына ол әуелі мәселені зерттеу қажеттігін алға тартты.

Сыламбекова сонымен бірге журналистерден уақытша аккредитация алуға өтініш пен редакциялық тапсырманың түпнұсқасын көрсетуді талап етті. Журналистер оған редакция жолдаған құжаттардың электронды нұсқасының көшірмесін де көрсетті.

Жексенбі күні таңертең Нұр-Сұлтанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беретін учаскеде полиция мен президент күзеті қызметінің өкілдері де Азаттық тілшілерінің "тізімде жоқ екенін" айтып, учаскеге кіргізбей қойған еді.

Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылы – 2020 жылы тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда қаза болған белсенді Дулат Ағаділдің туған ауылы. Жақтастары ауылда белсендіні еске алып, талай шара өткізген. Сол акцияға қатысқандардың көбін билік кейін "заңсыз митингіге" қатысқаны үшін әкімшілік жазаға тартты.

Жексенбі күні осы учаскеде болған Партиялық емес бақылау орталығының бақылаушысы Азаттыққа ауыл тұрғындарының белсене дауыс беріп жатқанын және ешқандай заңбұзушылық байқалмағанын айтқан.

XS
SM
MD
LG