Accessibility links

Елжан Біртанов өзінің ісін қарап жатқан судьяға қарсылық білдірді


Бұрынғы денсаулық министрі Елжан Біртанов (сол жақта) пен адвокат Нұрлан Бейсекеев. Нұр-Сұлтан. 9 маусым 2022 жыл.
Бұрынғы денсаулық министрі Елжан Біртанов (сол жақта) пен адвокат Нұрлан Бейсекеев. Нұр-Сұлтан. 9 маусым 2022 жыл.

9 маусымда бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен адвокаты Нұрлан Бейсекеев істі қарап жатқан судья Ибрагим Әлкеновке қарсылық білдірді. Біртанов мұны осы күнге дейін өздерінің берген өтініштерін судьяның қанағаттандырмағанымен түсіндірді.

- Бұған дейін біз жәбірленуші тараптың өкіліне қарсылық білдіргенбіз, оны судья қанағаттандырған жоқ. Бүгін сол өкілді куә етуді өтіндік. Екеуі екі бөлек өтініш. Бірақ судья бірінші өтініштің шешіміне сілтеп, екіншісін де қанағаттандырмай қойды, - деді Елжан Біртанов.

Бұл Біртанов тарапының осымен екінші мәрте қарсылығы. Бұған дейін, 26 мамырда да судья мен прокурорға сенімсіздік білдірген. Алайда ол кезде қарсылығы қабылданбай, судья өзгермеген еді. Бүгінгі өтініші әлі қаралған жоқ.

Экс-министр Елжан Біртанов пен орынбасары Олжас Әбішевтің ісін Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа аудандық №2 соты 26 мамырдан бастап қарап жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшыларының үстінен қылмыстық істер 2020 жылы қозғалған.

Алдымен "ірі көлемде бюджет қаржысын талан-таражға салды" деп айыпталған Біртанов кейін денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттандыру платформасын жарамсыз болса да қабылдап, "іске қосқаны үшін" айыпталған.

Біртанов тағылған айыптардың ешбірін мойындамайды. Ол осыған дейін өзіне тағылған айыптарды "дәрі-дәрмек жымқыру" схемасымен байланыстырған.

50 жастағы Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның аяғңына дейін денсаулық сақтау министрі болды. Ол коронавируспен ауырғандар күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG