Accessibility links

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісі сотқа қайта түсті


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің ісі Нұр-Сұлтанның № 2 Сарыарқа аудандық сотына қайта түсті. Бұл туралы астана сотының баспасөз қызметі хабарлады. Алдын ала тыңдау 11 мамырда өтеді деп айтылады.

Қаңтар айында № 2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ибрагим Әлкенов тергеу органдары "көп қателік жіберді" деп мәлімдеп, істі бас прокуратураға қайтарған.

Бұрынғы шенеуніктің айтуынша, ол адвокатымен бірге тергеу органдарына ондаған өтініш пен шағым жіберген, алайда олардың барлығы "өзін қамауға мүдделі" прокурорға түскен.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшыларына қылмыстық істер 2020 жылы қозғалған. Олжас Әбішев 2020 жылы тамызда қамалған. Бұрынғы вице-министрге ақпараттық жүйелер құру үшін бөлінген 500 млн теңгедей қаражатты жымқырды деген айып тағылды. Сол жылы қараша айында Елжан Біртанов ұсталды. Ол "ірі көлемде бюджет қаржысын талан-таражға салды" деген күдікке ілінді.

"Біртанов ісі" бойынша тергеу амалдары 2021 жылы шілдеде аяқталды. Тергеу органдарының болжамынша, экс-министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішев ақпараттық платформаны жарамсыз екеніне қарамастан "қабылдаған". Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, соның салдарынан мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде шығын келген.

Ал Біртанов тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарды. Ол осыған дейін өзіне тағылған айыптарды "дәрі-дәрмектерді жымқыру" схемасымен байланыстырған. 50 жастағы Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен.

XS
SM
MD
LG