Бұрынғы дипломат, саясаттанушы Расул Жұмалы Қазақстанның Ливандағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды. Бұл ақпаратты президенттің баспасөз қызметі жариялады.
1971 жылы туған Расул Жұмалы бұрын Қазақстанның Египеттегі, Израильдегі елшілігінде жұмыс істеген, 2004-2005 жылдары Қазақстанның Біріккен араб әмірлігіндегі бас консулы, 2006-2007 жылдары Қазақстанның Ливиядағы дипломатиялық миссиясының басшысы болған, Қазақстан сыртқы істер министрлігінде түрлі қызмет атқарған.
Расул Жұмалы кейінгі жылда оқытушылықпен және саясаттанумен шұғылданып, Қазақстан билігіне сыншыл оппозициялық көзқарасымен танылған.
2018 жылы саясаттанушы, белсенділер Айдос Сарым, Әміржан Қосановтармен бірге "Жаңа Қазақстан" форумын ұйымдастырған. Бұл форумды оппозиция өкілдерінің кейбірі "биліктің ыңғайына құрылған ұйым" деп сынаған.
2019 жылы маусымдағы президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңді деп жариялаған соң "Жаңа Қазақстан" форумы жұмысын тоқтатқан.
Ұйым "сайлау өтісімен "Жаңа Қазақстан" форумы "Ақордамен жасырын байланысы бар деген сылтаумен біздің атымызға жалған айыптаулар келіп түсіп жатыр. Бізге оларды жоққа шығару қиынға түседі. Сол себепті де форумның жұмысын өз еркімізбен тоқтатуға бел будық" деген мәлімдеме жасаған.
Расул Жұмалы мен Айдос Сарым президент сайлауынан кейін Қасым - Жомарт Тоқаев құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне мүше болған. Кейін Айдос Сарым "Нұр Отан" партиясының (қазіргі "Аманат" партиясы – Ред.) тізімімен парламент мәжілісінің депутаттығына өткен.