Accessibility links

Кеше билікті сынаған, бүгін "Нұр Отанда" жүр. Айдос Сарымның саяси трансформациясы


Айдос Сарымның "Жаңа Қазақстан" форумына барған кездегі суреті. Брюссель, 9 сәуір 2018 ж.
Айдос Сарымның "Жаңа Қазақстан" форумына барған кездегі суреті. Брюссель, 9 сәуір 2018 ж.

Саяси карьерасының басында оппозициялық саясаткерлермен жұмыс істеп, билікті сынап жүрген Айдос Сарым биыл биліктегі "Нұр Отан" партиясынан мәжіліске депутат болып сайланды. Парламентте шетелдік әлеуметтік желілерді Қазақстанда тіркелуге міндеттейтін заң жобасын ұсынып, қоғам сынына қалды. Оны "ұстанымын сатып кетті" деп сынайтындар да, "елді дамыту жайлы ойы өзгермеді, тек күрес жолын өзгертті" дейтіндер де бар.

"ҚҰДАЙ АТЫМЕН АНТ БЕРУ"

Жыл басында мәжіліске биліктегі "Нұр Отан" партиясынан сайланған депутат Айдос Сарым қыркүйектің ортасында "Балалар құқығын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын ұсынамын деп басы дауға қалды. Сарымның ұсынысы бойынша, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенжерлер Қазақстанда жұмыс істеуі үшін заңды тұлға ретінде тіркеліп, өкілдігін ашуы тиіс. Талапқа мойынсұнбаған әлеуметтік желілер бұғатталады. Мәжіліс бұл ұсынысты бірінші оқылымда мақұлдап үлгерді.

Биыл жазда Қазақстанда жас жазушы Аягүл Мантай өзіне қол салғаннан кейін кибербуллинг мәселесін қызу талқылаған қоғамның бір тобына Сарымның ұсынысы ұнамай қалды. Олар билік кибербуллингті желеу етіп, әлеуметтік желідегі еркіндікті шектей салуы мүмкін деп қауіптенеді.

Тележурналист Серік Абас-Шах Айдос Сарымның депутат болмай тұрғанда әлеуметтік желіге орыс тілінде жазған "Наше правительство как злая мама, то деньги недодаст, то интернет отключают" ("Үкіметіміз қатал шеше сияқты, біресе ақшадан тарықтырса, біресе интернетті өшіріп тастайды) деген сөзінің скриншотын жариялады.

Көп жыл оппозиция басылымдарын басқарған журналист Гүлжан Ерғалиева "шіріген патриот" деп пост жазды.

"Жаңадан пайда болған нұротаншының әріптестерімен бірге жасаған ұсынысының сөз бостандығын шектейтін антиконституциялық сипатынан өзге, айрықша моральдық жағы да бар. Тіпті сателлит партиялардың өзі көтергісі келмейтін мұндай жағымсыз ұсынысты либерал, оппозицияшыл бэкграунды бар депутатқа айтқызып отыр. Оның "Алтынбектің серігі" деген де аты бар ғой" дейді Ерғалиева.

Желіде сынға қалған соң Айдос Сарым "билік әлеуметтік желіні шектегісі келсе, бұл заңсыз да шектей алады. Ал телефонымды ашқанда Facebook, YouTube немесе Instagram-ға кіре алмайтын болсам, Құдай атымен ант етейін, отставкаға кетуге дайынмын" деп жазды.

"БИЛІКТІҢ ЗЫМИЯН САЯСАТЫ БОЛМАҒАНДА БАСҚА ҚОҒАМДА ӨМІР СҮРЕР ЕДІК"

Бұрын Атырау облысы ішкі саясат департаменті директоры, президент әкімшілігінің сектор меңгерушісі болған Айдос Сарым депутат мандатына көп жыл қоғамдық саяси жұмыстардан соң ие болды.

2000 жылдардың бас кезінде бұрынғы шенеуніктер мен бизнесмендер тобы құрған конструктивті "Ақ жол" партиясына баспасөз хатшысы болып келіп, осы партияның идеялық жетекшілерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының жақын көмекшісіне айналды.

Оппозиция өкілдері (оңнан солға қарай): Алтынбек Сәрсенбай, Айдос Сарым, Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов, Төлеген Жүкеев. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.
Оппозиция өкілдері (оңнан солға қарай): Алтынбек Сәрсенбай, Айдос Сарым, Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов, Төлеген Жүкеев. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.

Сол кезеңдегі саяси процестер жайлы жиі жазған журналист Ерік Рахым "90 жылдардың аяғында Алтынбек Сәрсенбайұлы ақпарат министрі болып тұрғанда жанына бір топ талантты жасты жинады. Айдос ақпарат министрлігінде, президент әкімшілігінде қызмет еткенде Алтынбек Сәрсенбайұлының қолдауын көрді" деп еске алады.

– Алтынбек Сәрсенбайұлы оппозицияға кеткенде Айдос Сарымды ертіп жүрді. Партия жиындарында айтылуы тиіс тезистерді Алтынбек Сәрсенбайұлы анықтап, Айдос Сарым жүйелеп қағазға түсіретін. Бұған "Жас Алаш" газетінде Айдоспен бірге жұмыс істегенде куә болдым. Алтынбек Сәрсенбайұлы ең алдымен Айдос Сарымның сараптау қабілетін бағалады, – дейді ол.

1990 жылдары сол кездегі президент Нұсұлтан Назарбаевтың серігі болған Алтынбек Сәрсенбайұлының 2003 жылы Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі қызметін тастап, "Ақ жол" партиясына ресми түрде қосылғаны елеулі оқиғалардың бірі болған еді.

Айдос Сарым өзін Алтынбек Сәрсенбайұлының оппозицияға кететінін білген санаулы адамдардың бірі ретінде көрсетеді.

"2003 жылдың басында Алтекең Мәскеуден Алматыға келіп, мені бүгінгі 28 панфиловшылар паркіне шақырып алды. Екі сағаттай серуендеп, сөйлестік. "Айдосжан, мына елшіліктен кететін болдым. Әрі кетсе жылдың аяғына қарай бір жағына шығамын. Ресейдің қысымы үдеп барады. Біздің шикі, ақша десе анасын сатуға дайын биліктегілерден үміт жоқ деп айтты" дейді ол "Жас Алашқа" 2010 жылы берген сұхбатында.

"Ақ жол" партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы партияның үшінші съезінде сөйлеп тұр. Алматы, 2004 ж.
"Ақ жол" партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы партияның үшінші съезінде сөйлеп тұр. Алматы, 2004 ж.

Алтынбек Сәрсенбайұлы "Ақ жол" партиясына тең төраға болып қосылды, ізінше өткен парламент сайлауында "Ақ жол" партиясына Орталық сайлау комиссиясы бір ғана мандат берді.

"2004 жылғы сайлауда шын мәнінде жеңіске жеткен "Отан" партиясы емес, дәл осы "Ақ жол" болатын. Биліктің зымиян саясаты мен "Ақ жол" ішіндегі сатқындық болмағанда бүгін біз басқа қоғамда өмір сүретін едік..." деді Айдос Сарым 2010 жылғы сұхбатында.

Тең төрағаларының тартысынан кейін "Ақ жол" партиясы екіге бөлінгенде Айдос Сарым Алтынбек Сәрсенбайұлының ізімен ресми тіркелмеген "Нағыз Ақ жол" партиясына кетті.

2006 жылы ақпанда Алтынбек Сәрсенбайұлы қастандықпен өлтірілгеннен кейін "Нағыз Ақ жол" "Азат" партиясына айналғанда партия жұмысынан алыстап, билікке сыни көзқарастағы саясаттанушы ретінде көзге түсе бастады.

"АЛТЫНБЕКТІ ЕМЕС, ӨЗ ҰСТАНЫМЫН САТТЫ"

2011 жылы 16 желтоқсанда полицияның қарусыз адамдарға оқ атып, көп адам қаза болған Жаңаөзен оқиғасынан кейін еңбек құқығын талап еткен мұнайшыларды "айыптау науқаны" ішінде Айдос Сарымның да жүргені жұртшылықты таңырқатты.

Сарым "Тәуелсіздіктің ту сыртынан қадалған пышақтай болған Жаңаөзен оқиғасы қатты ойландырады. Бүкіл қоғамдық ұйымдардың, партиялардың басшылары, ақсақалдардың кеңестері, бәрі жиналып алып, бетімен жайылуға жол бермейміз деп неге үлкен митинг өткізбеске? Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылықтан асқан құндылық жоқтығына жұртты неге ұйытпасқа?" деп "Егемен Қазақстан" газетіне сұхбат берді.

Саясаттанушы Айдос Сарым "Ұлы дала" республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайы кезінде. Алматы, 15 қазан 2011 ж.
Саясаттанушы Айдос Сарым "Ұлы дала" республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайы кезінде. Алматы, 15 қазан 2011 ж.

Азаттық тілшісінің бұл жөнінде сұрағына Айдос Сарым "сұхбатты Жаңаөзен оқиғасынан бұрын бердім, редакция мен айтпаған сөзді қосып жіберген" деді.

Айдос Сарым жетекшілік ететін веб-сайттар билікшіл партияларды жарнамалайтын материалдарға біршама орын берді. Айдостың өзі мұны "күнкөріс" әрі "билікпен жұмыс істеп, халықтың ырқына қарай бұру" керек деп түсіндірді.

Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы, саясаткер, "Жас Алаш" газетінің бұрынғы бас редакторы Рысбек Сәрсенбай "Айдос Сарым оппозиция әлсірегенде билікке қарай ойысты. Жаңаөзен оқиғасына байланысты алғаш рет билікті жақтап сөйледі" деп еске алады.

Бірақ ол "Айдос Сарым Алтынбек Сәрсенбайұлының серігі, шәкірті болды" деген пікірмен келіспейді.

– Алтынбектің көмекшісі деңгейінде болды. Оны саяси әлеуметтік зерттеулерге тартты. Осы тұрғыдан ғана шәкірті деуге болады. Айдос Сарым Алтынбекті сатып кетті деген пікірлер бар. Иә, ол бастапқыда Алтынбектің ұстанымында болды. Сатса өз ұстанымын сатты. Алтынбектің ұстанымын, идеясын теріске шығарып, жамандап жатса Алтынбекті сатты дер едік, – дейді Рысбек Сәрсенбай.

Ол "Айдос Сарым, Әміржан Қосанов, Расул Жұмалы бастаған топтың 2018 жылы "Жаңа Қазақстан" форумын ұйымдастырып, оппозицияның өзге белсенділерін қатарына тартқысы келмегені – билікпен келісімнің бір түрі" деп санайды.

– Айдос Сарым бұл кезде саясаттың кәсіби маманына айналды. Көп жыл билікті сынап жүріп, билік ішіне топ етіп түсе қалу ыңғайсыз болатынын түсінген болар. Сөйтіп билікпен ымыраға дайын ұйым құрды. Нәтижесінде Айдос өзі депутат болды. Ал президент сайлауына қатысып, көп дауыс алса да, Тоқаевтан жеңіле салған Әміржан Қосанов далада қалды, – дейді Рысбек Сәрсенбай.

"Жаңа Қазақстан" форумы құрылған кезде Айдос Сарым "Қазақстан билігімен диалог құру жолын таңдайтынын" мәлімдеген еді. Форум мүшесі Әміржан Қосанов "арамызда қоғамдық саяси өмірде танымал азаматтар бар. Бәрімізді сатып алу мүмкін емес. Я билік, я олигарх сатып ала алмайды" деп кесіп айтқан.

"Жаңа Қазақстан" форумы мүшелері (оңнан солға қарай): Айдос Сарым, Расул Жұмалы және Әміржан Қосанов. Алматы, 17 мамыр 2018 ж.
"Жаңа Қазақстан" форумы мүшелері (оңнан солға қарай): Айдос Сарым, Расул Жұмалы және Әміржан Қосанов. Алматы, 17 мамыр 2018 ж.

"Жаңа Қазақстан" форумы қоғамда түрлі пікір тудырып, әлеуметік желіде айтысқа ұласты. Айдос Сарыммен "Жас Алаш" газетінде қызметтес болған журналист Жұлдыз Әбділда осы кезде әлеуметтік желіде "Айдос Сарым – Алаштың ары мен ұяты" деп пікір жазғандар болғанын еске алады.

– Егер Айдосқа қандай да бір қауіп төніп тұрса, қорғап бір ауыз сөз айтуға дайын екенімді, бірақ оның ешқандай да Алаштың ары мен ұяты емес екенін айтып едім, бұл пікірім ұнамады. Иә, Айдос Сарым Әлихан Бөкейханұлының сөздерін келтіріп, Алаш идеясы туралы айтып жүретін. Бірақ Алаштың ары мен ұяты болуға бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мемлекетшілдік бағытта пікір айтып жүрді. Дегенмен пікір айту деген басқа да, ұстанымға берік болу басқа нәрсе, – дейді ол.

"Жаңа Қазақстан" форумы оппозиция қозғалысына жан бітіргендей көрінді. Брюссельге барып, Еуропарламент өкілдерімен, қуғындағы қазақ оппозиционерлерімен кездесіп, Қазақстандағы билік транзитін талқылап қайтты.

2019 жылы маусымда өткен президент сайлауында форум мүшесі Әміржан Қосанов кандидатурасын ұсынып, биліктегі "Нұр Отан" партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы бәсекелес ретінде көрсетуге тырысты.

Кейбір саясаткерлер Қосановтың тез арада қол жинағанына, сайлау науқанын еркін жүргізгеніне қарап оның шынайы бәсекелес екеніне күмәнданса да, сайлаушылардың Әміржан Қосановты көп қолдағаны байқалды. Бірақ Қосановтың сайлаудың толық қорытындысын күтпей, Тоқаевты құттықтағаны, оның сайлау штабындағы кей белсенділердің билікте жүргені бұрынғы күдікті қоюлатты.

Әлеуметтік желіде бұрын "Алаштың ар-ұяты" атанып жүрген саясаткерлерді айыптау көбейді, "Қосанов синдромы" деген теңеу пайда болды.

Бір қызығы, сайлау өтісімен "Жаңа Қазақстан" форумы "Ақордамен жасырын байланысы бар деген сылтаумен біздің атымызға жалған айыптаулар келіп түсіп жатыр. Бізге оларды жоққа шығару қиынға түседі. Сол себепті де форумның жұмысын өз еркімізбен тоқтатуға бел будық" деген мәлімдеме жасады.

Президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша "сайлауда жеңіске жетті" деп жарияланған Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурациясы кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құратынын, саяси реформа жасайтынын мәлімдеді. Саясаткерлер мен белсенділер мұны "заңсыз өткен сайлауды жуып-шаю", сайлау кезіндегі қарсылық көңіл-күйді азайту деп түсінді. Бұрын билікті сынап жүргендермен бірге "Жаңа Қазақстан" форумының мүшесі Айдос Сарым мен Расул Жұмалы да Ұлттық кеңеске қосылды.

Алматы маңындағы "Көкжайлауға" курорт салу жобасын қолдаушылардың бірі Айдос Сарым қоғамдық талқылауға қатысып отыр. Алматы, 4 қараша 2018 ж.
Алматы маңындағы "Көкжайлауға" курорт салу жобасын қолдаушылардың бірі Айдос Сарым қоғамдық талқылауға қатысып отыр. Алматы, 4 қараша 2018 ж.

Ұлттық кеңестің 2019 жылы қыркүйек айында өткен алғашқы отырысында елді "саяси реформаларға бастайтын" бірнеше ұсынысты кеңес мүшелерінің атынан Айдос Сарым айтты.

Билік осыдан кейін заңдарға саяси партиялар, жиын еркіндігі, парламенттік оппозиция туралы бірқатар өзгеріс енгізді. Мұны Ұлттық кеңес мүшелері саяси реформаларға жасалған айтырлықтай қадам деп атады, ал қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар іс жүзінде пайдасы жоқ косметикалық өзгерістер деп сынады.

"ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР – ДЕМОКРАТИЯ ҚҰРАЛЫ ЕМЕС"

Айдос Сарым "Нұр Отан" партиясынан мәжіліс депутатына айналуын "билік "Нұр Отанның" қолында. Өмір шындығы сол. "Мен, мен, мен едім" деп жүре бермей, саяси үдерістерге белсене араласу" деп түсіндірді Dalanews сайтына берген сұхбатында.

Ол өзін айыптаған әлеуметтік желідегі пікірлерге "Әлеуметтік желілер – демократия құралы емес. Керісінше авторитарлы һәм тоталитарлы технология. Елдің проблемалары шаш етектен, шешілмеген, қордаланған мәселесі жетіп жатыр. Соларды түзеу, жөндеу үшін айтысу да, тартысу да керек, партияларға бірігіп, ұйым болып саяси күрес жүргізу де керек" деп жауап берді.

Айдос Сарым.
Айдос Сарым.

Айдос Сарым өзін "Алтынбек Сәрсенбайұлын сатып кетті" деген айыптаулармен келіспейді.

"Сатқындық жасады" дегенді мен қабылдай алмаймын. Шәкірттің де өсетіні болады, ешбір шәкірт мектепте қалмайды. Сатқындық дегенге келер болсақ, бір мәжілістің өзінде Алтекеңнің қанша досы, қанша шәкірті отыр. Біздің замандастарымыз. Сонда бұл әңгіме неге тек маған ғана айтылады?" деді ол Nege.kz сайтына берген сұхбатында.

Бұрын Айдос Сарым сияқты Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының төрағасы болған, 2021 жылғы қаңтарда парламент мәжілісінің депутаты болған Берік Әбдіғали Айдос Сарым көзқарасын өзгерткен жоқ деп санайды.

– Мемлекетті дамыту туралы ой-пікірі сол қалпында. Тек күрес жолын өзгертті. Саясатта стратегиялық-тактикалық қадамдар бар. Оны "сатып кетті" деуге болмайды. Алтынбек Сәрсенбайұлымен мен де жұмыс істедім, ең бастысы – либерал демократиялық бағыттан таймай, барлық мүмкіндікті қолдануымыз керек, – дейді Берік Әбдіғали.

Парламенттің бұрынғы депутаты Ирак Елекеевтен бұрын оппозициялық көзқараста болған адамдар билік жүйесіне кіріп, билікті өзгерте ала ма деп сұрадық.

– Саяси ұстанымды тұрақты ұстап жүру өте қиын. Билікті ішінен өзгерту мүмкін емес. Депутат ретінде фракция, мәжілісте ой салуына болады, – дейді ол.

Еуропарламент өкілдерімен кездескен қазақстандық депутаттар. Оң жақта – Айдос Сарым. Брюссель, 11 қазан 2021 ж. Қазақстан парламенті сенатының ресми сайтындағы фото.
Еуропарламент өкілдерімен кездескен қазақстандық депутаттар. Оң жақта – Айдос Сарым. Брюссель, 11 қазан 2021 ж. Қазақстан парламенті сенатының ресми сайтындағы фото.

2018 жылы оппозициялық "Жаңа Қазақстан форумы" мүшесі ретінде, ал таяуда билік өкілі ретінде Брюссельге барып, Еуропарламент депутаттарымен кездескен Айдос Сарым "кейінгі жылдары Қазақстан көп жыл жоламаған мәселелерге барып жатқанын, өзі соның ішінде жүргенін" айтты.

11 қазанда Брюссельде Қазақстан парламентінің бір топ депутатымен кездескен Еуропарламент мүшелерінің бірі "саяси тұтқындарды босату" мәселесін көтерген еді. Айдос Сарым "бұл – жекелеген депутаттың пікірі ғана, ал Қазақстанда ресми түрде саяси тұтқын жоқ" дейді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар болса елде "саяси тұтқындар" тізімі толассыз жаңаратынын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG