Accessibility links

Қазақстанның алтын-валюта қоры азайды, оған Ұлттық банк жүргізген интервенция да әсер етті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Биылғы мамыр айында Қазақстанның алтын-валюта қоры 32,8 млрд долларға тең болды, яғни жыл басындағымен салыстырғанда 1,6 млрд долларға кем. Бұл туралы 14 маусымда үкімет отырысында Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Ғалымжан Пірматов хабарлады.

"Мамырдың аяғында жалпы халықаралық резервтер 86,5 млрд доллар болды. Ұлттық банктің алтын-валюта активтері жыл басынан бері жасалған валюта интервенциялары, екінші деңгейдегі банк шоттарындағы қалдық пен сыртқы борыш бойынша төлемдердің есебінен 1,6 млрд долларға кеміп, 32,8 млрд доллар болды" деді Пірматов.

Азаттыққа комментарий берген экономист Арман Байғанов Ұлттық банк валюта интервенциясын жасаған кезде елдің алтын-валюта қорындағы қаржыны жұмсайтынын айтады.

– Сірә бұл наурыз айында жасалса керек, ол кезде [Украинада] соғыс басталып, рубль күрт құлдырап, әдеттен тыс жағдай қалыптасқан. Бірақ сол сәтте Ұлттық банк спекуляция мен девальвациялық көңіл-күйді бәсеңдету үшін интервенция жасап, дұрыс әрекет етті. Бұл қысқа мерзімде қалыпты саналады, бірақ ұзақ мерзімде олай емес, әйтпесе өте көп ақшаны "жағып жіберуге" тура келеді, – деді Байғанов.

Биыл наурыздың Батыс елдері Ресейге Украинаға соғыс ашқаны үшін санкциялар енгізгеннен кейін Қазақстан ұлттық валютасының долларға шаққандағы бағамы 510 теңгеге дейін құлдырады. Долларға сұраныс артқан кезде Ұлттық банк валютаны сату және сатып алуды шектеп, валюта интервенциясына млрд долларға жуық қаржы жұмсады.

Сәуірде "ішкі валюта нарығында жағдай тұрақталуына байланысты" интервенция жүргізілген жоқ деп хабарлады Ұлттық банк.

Пірматовтың сөзінше, Қазақстан ұлттық қорының активтері 53,8 млрд долларға тең. 2022 жылдың алғашқы бес айында республикалық бюджетке трансферт есебінде 1,9 трлн теңге аудару үшін валюта активінен 2,3 млрд доллар сатылған.

"Мұнай бағасы айтарлықтай көтерілген тұста, жыл басынан бері Ұлттық қорға 2,9 трлн теңге түсті, яғни былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 3,5 есеге жуық ұлғайды" деді Ұлттық банк жетекшісі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG