Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2016 жылы көктемде Алматыда үкіметтің жер реформасына қарсы азаматтардың наразылық шеруін билік басып-жаншыған кездегі іс-әрекетін түсіндірді. Ол бұл туралы 14 маусымда үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында айтты.
Шенеунік ол кезде Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы бастығы міндетін атқарушы болғандықтан, "митинг болып жатқан жерде оның заңдылығын бақылап, қадағалау үшін жүруге мәжбүр болдым" дейді.
– Сол жерде болуымның жалғыз себебі – осы, – деді Саясат Нұрбек.
Оның сөзінше, "ішкі саясат басқармасының [азаматтарды] ұстау туралы бұйрық беруге ешқандай құзыреті жоқ".
– [Наразылық болған] жерде бастан-аяқ қатысып, жағдайды бақылауға тырысқан санаулы мемлекеттік шенеуніктің бірі болдым, – дейді Нұрбек.
Бұған қоса, ол "митингілерден соң келесі күні бірден өтініш жазып", наразылық акциясына апарып соққан жағдайға байланысты жеке ұстанымын білдіргенін айтты.
13 маусымда қазақстандық журналист Гүлжан Ерғалиева Facebook-парақшасына жариялаған постысында, 2016 жылы жазда Алматыда болған жер митингілері кезінде пошымы Саясат Нұрбекке ұқсайтын адам "полицияға наразылық акциясына қатысушыларды ұстаңдар деп бұйыра сөйлегенін" және "өзін де сол кісі ұстауды бұйырғанына куә болғанын" жазды.
"Сол жолы митингіге қатысушы ретінде емес, кейінірек Абай даңғылының басқа жағынан Сәкенмен бірге журналист ретінде барған едім. Телефонымды қосып та үлгермедім, Абай даңғылының екінші жағында тұрған, Саясат Нұрбекке ұқсайтын адам мені көре сала алдындағы бөгеттен қарғып өтіп, қолындағы мегафонды аузына тақап, мені нұсқап: "Полиция! Мынаны ұстаңдар! Бұл – Ерғалиева! Тез ұстаңдар мұны!!!" деп айқай салды. Сол-ақ екен, жанымызға алты полицей жетіп келіп, қоршап алды. Мен әуелі журналистік құжатымды, Сәкеннің мүгедектігі туралы кітапшасын көрсеттім. Сәкенді қалдырып, мені алыс түкпірге алып кетті, сол жерде митингіде жүзден артық адаммен бірге сегіз сағат жібермей ұстады" деді Ерғалиева.
2016 жылғы сәуір мен мамыр айларында үкіметтің "жер реформасына" жаппай қарсылық акциялары Қазақстанның көп аймағын қамтыған. Сәуірде Атырауда бірнеше мың адам қатысқан митингіден кейін жергілікті азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян жауапқа тартылып, сот екеуіне бес жыл түрме жазасын кескен. Халық жаппай қарсылық білдіргеннен кейін Қазақстан билігі Жер кодексіндегі даулы түзетулердің (шетелдіктерге жерді ұзақ мерзімге жалға беру) күшіне енуін кейінге ысырып, мораторий жариялаған.
41 жастағы Саясат Нұрбек өткен аптада жаңадан құрылған Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығына тағайындалды. Жаңа министрлік білім және ғылым министрлігінен бөлініп шыққан.
Бұған дейін Саясат Нұрбек биліктің "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан") партиясынан парламент мәжілісіне депутат болды. Ол мәжіліске экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, көп адамның қаны төгілген Қаңтар оқиғасынан кейін депутаттықтан кеткен Дариға Назарбаеваның орнына тағайындалды.
Саясат Нұрбек 2019 жылғы шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, BTS Education компаниясының директоры болды.
Жергілікті басылымдардың жазуынша, Нұрбектің балалары Кипрдегі британ мектебінде білім алады. Балаларын Кипрде оқытудың себебін сұраған журналистерге министр 14 маусымда үкімет жиынынан соң "зайыбымның денсаулығына байланысты" және балаларды Қазақстандағы "жеке мектептерде ақылы оқытуға қаражатым жетпеді" деп жауап берді.
ПІКІРЛЕР