Accessibility links

Ресейдің "Мемориал" орталығын қолдайтындар жаңа құқық қорғау ұйымын құрды


"Мемориалға" тыйым салу мүмкін емес" деген жауы бар маска тағып алған адам. Көрнекі сурет.
"Мемориалға" тыйым салу мүмкін емес" деген жауы бар маска тағып алған адам. Көрнекі сурет.

Ресей билігі "шетел агенті" деп жариялап, сот шешімімен жапқан "Мемориал" құқық қорғау орталығының жақтастары "Мемориал" адам хақын қорғау орталығын құрды. Бұл туралы ақпарат қоғамдық ұйымның әлеуметтік желілердегі аккаунтарында жарияланды. Онда жаңа орталық заңды тұлға болмай-ақ жұмыс атқаратыны айтылған.

"Мемориал" адам хақын қорғау орталығы "адам хақылары елеулі түрде бұзылған жағдайда ол туралы ақпаратты жұртшылыққа жариялап, құқы өрескел бұзылған адамдарды, солардың қатарында саяси тұтқындар мен осал топтарды қорғауға атсалысатын болады" деп жазылған хабарламада.

Былтыр 29 желтоқсанда Мәскеу соты қала прокуратурасының өтінішін қанағаттандырып, "Мемориал" орталығын жою туралы шешім шығарған. Содан бір күн бұрын Ресей жоғарғы соты бас прокуратураның талабы бойынша "Мемориал" халықаралық тарихи-ағарту қоғамын және елде "шетелдік агент" деп танылған коммерциялық емес ұйымды жою туралы қаулы еткен.

Билік құқық қорғаушыларға шетелдік агенттер туралы заңды бұзды деген айып таққан. "Мемориал" болса Ресей билігі саяси астары бар және үйлесімсіз іс-әрекетке барып отыр деген.

Екі ұйым да сот шешіміне келіспейтінін айтып шағым түсірген, бірақ апелляция соты олардың өтінішін қанағаттандырмай тастады.

Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты Ресей билігіне әлгіндей сот шешімдерін орындауды тоқтатуды талап еткен.

Биыл 30 мамырда Роскомнадзор Ресей бас прокуратурасының талабын орындап, "Мемориал" құқық қорғау орталығының сайтын бұғаттады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG