Accessibility links

Шымкентте полицияның баспасөз хатшысы өзіне қол салған соң қозғалған іс тоқтады


Шымкент полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева.
Шымкент полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкенттегі департаменті қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева өзіне қол салған соң қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Бұл туралы Азаттыққа Бекееваның адвокаты Әлия Жаманбаева хабарлады.

Сәуірде Бекеева "Басшылықтан қысым көргенін" мәлімдеп, ізінше өз-өзіне қол салып, аурухананың жансақтау бөліміне түскен еді. Кейін оның арызы бойынша "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабымен қылмыстық іс қозғалған.

Бекеева арызында қалалық полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбековті "себепсіз қысым жасап, жемқорлыққа итермелеп, бопсалап, үстінен іс қозғатып, жұмыстан кетуін талап етті" деп айыптап, оны жауапқа тартуды сұраған еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкенттегі департаментінің қаулысында "тергеу барысында Дәлбеков пен басқалардың іс әрекетінде қылмыстық құрам жоқ" деп жазылған.

Қаулымен Бекеева мен оның қорғаушысы келіспейді. Олар тергеу біржақты жүрді, дәлелдемелер себепсіз іске тіркелмеді деп есептейді.

- Мысалы, Бекееваға қысым жасалғаны, не жасалмағанын сот-психиатрлық сараптама анықтайды. Тергеу кезінде сараптама тағайындауды талап еттік. Сараптамадан өткізбей тергеуді тоқтатты. Қаулымен келіспейміз, сотқа арыз түсіреміз, - дейді қорғаушы Жаманбаева.

Дәлбековтің қорғаушысы Талғат Есімов "Дәлбековті айыптайтын дәлелдемелер жоқ" деп санайды. Ол Азаттыққа іс бойынша басқа қандай да бір пікір бере алмайтынын жеткізді.

29 наурыз Facebook желісінде қарамағындағы қызметкерге дөрекі, бейәдеп сөйлеген әйел адамның аудиожазбасы мен бірге Бекееваның суреті де жарияланған еді. Осыдан соң Бекееваның үстінен "Қорлау" бабымен қылмыстық іс қозғалған. Ал ол аудиодағы дауысты өзінікі екенін жоққа шығарып, "бұл – қызметіме жасалған қылмыс" деген еді. Кейін 6 сәуірге қараған түні Бекеева өзіне қол жұмсап реанимацияға түскен.

Бекеева полиция департаменті баспасөз хатшысы қызметінде қалғанымен, қазір ол денсаулығына байланысты демалыста жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG